Баку-Тбилиси-Карс теміржолының өткізу қабілеті 5 есеге артты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Грузияның Ахалкалаки станциясында өткен Баку–Тбилиси–Карс теміржолының ресми ашылу салтанатына қатысты.

а
Фото: Көлік министрлігі

Көлік министрлігінің мәліметінше, іс-шара 2 маусым күні ұйымдастырылды.

Баку-Тбилиси-Карс теміржолы Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызды буындарының бірі саналады. Аталған бағыт Әзербайжан, Грузия және Түркия теміржол желілерін байланыстырып, Қазақстаннан Каспий теңізі арқылы Түркия мен Еуропа елдеріне жүк жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді.

Ведомство БТК инфрақұрылымын дамыту Қазақстанның транзиттік әлеуетін одан әрі нығайтуға, халықаралық жүк тасымалы көлемін арттыруға және Еуразия кеңістігіндегі логистикалық тізбектердің тиімділігін күшейтуге ықпал ететінін атап өтті

Теміржол магистралінің жалпы ұзындығы 827 шақырымды құрайды. Бағыт 2017 жылдан бері сынақ режимінде пайдаланылып келеді.

2023 жылдың мамыры мен 2024 жылдың мамыры аралығында желіде ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, оның өткізу қабілеті едәуір ұлғайтылды.

– Қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін Баку-Тбилиси-Карс теміржолының жылдық өткізу қабілеті 1 миллион тоннадан 5 миллион тоннаға дейін артты, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Бейнеу – Маңғыстау теміржол жобасы қашан аяқталатыны хабарланды.