Бакуде жастар арасында өтетін бокстан әлем чемпионаты сәуірдің 25-іне ауыстырылды
АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Мұрат Жакеев/ - Исландияның оңтүстігіндегі жанартаудың атқылауы Бакуде жастар арасында өтетін бокстан 16-шы әлем чемпионатының жоспарына өз түзетуін енгізіп отыр. Қазақстанның құрамасы да қатысатын бұл әлем біріншілігінің басталуы сәуірдің 25-іне ысырылды,
деп хабарлайды Қазақстанның Бокс федерациясы.
Федерацияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек,
жасөспірімдер арасындағы чемпионат Әзірбайжан елордасында сәуірдің 20-сында басталуы керек болған. Бірақ, Еуропаның бірқатар елдерінде әуе қатынасының уақытша тоқтатылуына байланысты, спорттық шараның ресми ашылуын тағы бірнеше күнге ысыру туралы шешім қабылданып отыр.
Бокстан әлем чемпионаты Әуесқой бокс халықаралық қауымдастығының (АИБА) ережесіне сәйкес өтеді. Оған 17-18 жастағы жас шеберлер қатысады.