Бақытсыздықтан бақыт іздеген немесе Б. Соқпақбаев шығармашылығы хақында

Демек, маған таң емес. Қай жазғанын алмаңыз, қалай басталып, қалай дамып, қалай соңына жететіні - бәрі - мәлім маған! Осылай деп ешкімге айтқам жоқ, бірақ, ішкі ойым осы еді. Білмейтінімді білуге деген ұмтылыстың «сұмдық» болғандығы соншалық, ол - елеусіз қала беріпті. Көркем шығармаға деген құнығушылыққа бірден-бір себеп, ертегіден кейін ес түзеп, етек жаба бастағаннан жолдас болған, жолыма жарығын төгіп, «адам бол!» ақылды қадірі жоқ қызыл сөзбен емес, «өз басымнан өтті» деп, сенбесіңе, ермесіңе қоймай, жүр-жүрлеп тұрар оқиғалар тізбегінің соңғы шешімі арқылы санама құйған шығармалардың авторы. Менің балаң түйсігімнің төріне аңыз боп орнаған тұлға! Балалар әдебиетіне қатысты айтсақ. Әнеки, сіз де әңгіменің кім жайлы екенін біліп үлгердіңіз.
Иә, әңгіме Бердібек жайлы. Тегін жалғап анықтама бермесек те, қай Бердібек дей қоймайды ешкім. Қазақ әдебиетінде бір-ақ Бердібек бар. Балалар әдебиеті деп аталатын нәзік саланың басында тұрған жазушы туралы ұзын-сонар анықтама сөздің қажеті шамалы.
Балаларға арналған шығармаларында өз заманының күнгей, теріскейін қатар қамтып отырыпты. Жоқ, орыстар бізге мынадай жақсылық, мынадай жамандық істеді дегенді атап жазу ол кезде мүмкін емес болатын. Жақсылығын айта алмайтының - бірін айтсаң, екіншісі қалып кетуі мүмкін, осы күнің, аштықтан бұралып жатуың - бәрі-бәрі - солардың арқасы. Қыжыртамыз ғой өстіп. Бұл - қазір. Ол кезде... Жақсылығын түгендеп біту тұрыпты, мақтауға сөз таба алмай, пұшайман болысатын кіл қазақ. Мұндай жағдайда кемшілікті тілге тиек ету - тісіңді сындыратыны айтпай-ақ ап-анық. Бұл - біздің бүгін өткенді безбендеп отырып, ашқан жаңалығымыз емес, сол кезең тумаларының өздері айтып кеткен, әлі күнге айтып біте алмай жатқан естелігі. Осы жағдайда жазушы атаулы әр тарапта өзінше жол табуға талпынып жатты. Бәрі бірдей бетін теріске бұрмағанына көзі тірі тарих куә. Біреулер - атылды, асылды. Бұлар - қаттырақ кеткендер. Біреулер де - атылды, асылды. Бұлар да - қаттырақ кеткендер. Көрген құқайлары айырып алғысыз ұқсас болғанмен, мақсат-мүдделері қарама-қайшы еді бұл екі топтың. Біреуі - даттағандар, екіншісі - мақтағандар. Өкіметіңе бәрі бір екен. Осыны көріп өскен ендігі буын жаңа бір соқпақтарға түсе бастады. Қатты даттаушылардың тұқымы тұздай құрыған. Мақтаушылар өлген-тірілгеніне қарамай әлі де аттандап жатыр. Екі ортадан жаңа бір жалғызаяқ жол пайда болды. Саясатты мүлдем ысырып тастап, бейкүнә шығарма тудыруды мақсат еткендер легі әдебиетке келді. Бейкүнә. Басқа амал жоқ болатын.
Бердібек салыстырмалы түрде осы топтың өкілі. Заманында балалар әдебиеті ақсап тұрған кез, олқылықтың орнын бір өзі толтыра салғандай болған жазушының жазғандары жарыққа жету жағынан көп шытырманға түспегенге ұқсайды.
Біз бүгінде кеңесті мақтап жазған шығармалардың өзінен «астар» іздеп, ағаларымызды ақтап алудың жолына мықтап түстік қой. Бұл жағынан көркем шығарма атаулы қиындық туғызбайды. Негізі шындық болғанмен, түгелге жуық ойдан шығарылатын прозадан не іздесең де табуға болады. Ал, біз бүгін ол жағына уақыт шығындамай-ақ қояйық.
Бердібек шығармаларына тән, ортақ белгі - бірінші жақтан баяндалатындығы. Бұл стильді жазушы саналы түрде таңдап алғанға ұқсайды. Олай дейтініміз, балаларға арналғандықтан сенімді болу керек. Тілге жеңіл, түсінуге оңай болса... деген сияқты біз айтпаған тағы да қаншама қасиетті қоса келгенде ең оңтайлысы - осы. Авторлық «Мен» жеке тұлға ретінде қай шығармасында да қарапайым адам. Жұрттан асқан ерлігі, елден асқан ақылы да көрінбейді. Бірақ, оқушыны бірден-ақ баурап алады. Шығарманың мықтылығын - «енді не болар екен дегізсе...» деп бағалап жатамыз кейде. Бердібектің ерекшелігі осы сөзді көп айтқызбайды. Бірақ, оқи бересіз, құныға бересіз. Шиеленісіп жатқан сюжет те жоқ. Дегенмен жібермейді бір күш. Себебі... Себебі, Бердібек алдымен оқушының санасына орнығып, өзі оқушыға, оқушы оған айналып кетеді.
« Повестің бірінші тарауын осымен доғарамын да, келесі тарауға көшемін», - дейді автор шығарманың ішінде. Кәдімгі автор ретінде айта салады. Оқиғалардан бөліп алып. Бірақ, осы бір жол оқырманға автор Бердібек емес, Қожа болып әсер етеді. Қожа осы қазір, қасыңда отырып жазып отырғандай. Тақ бір повесть жазу оп-оңай шаруа сықылды. Міне, автор осы тұстан бастап толықтай сіздің құрдасыңыз. Бала. Ал, сіз шығарманың басында-ақ авторға айналып кеткенсіз. Қараңыз, Қожа өз атына риза емес. Дәл осы тұста сіз де өз атыңыз жайлы бір ойлап өтесіз. Келесі сәтте мына бір үзінді:
«Жуырда мен газеттен оқыдым: қытайлықтардың ат қоюы қызық болады екен. Бала бес-алты жасқа толғанша оның тәуелді аты болмайды. «Ортаншым», «кенжем», «сүйіктім», «жұпарым» деген секілді шартты атаумен атап жүреді. Ал есі кіріп, бес-алты жасқа толғаннан кейін, бала өзіне қандай есім ұнаса, соны таңдап алады. Міне, әділдік деген. Осы дұрыс емес пе?»
Дұрыс әрине. Бұл сіздің ішкі ойыңыз. Іле, «егер бізде де осылай болса, мен өзіме қандай ат қояр едім», - деп кәдімгідей ойлана бастайсыз. Ал, енді сіз автормен бір адамсыз. Ол не айтса да сіз көнесіз. Қаратай жаман ба? Жаман! Майқанова ше? Ол да! Жантас? Атай көрме!..
Қаратай неге жаман? Ересек адамның көзқарасымен, табиғат заңын негізге алып ойланып көрсеңіз, Қаратайдың түк кінәсі жоқ. Әйелі өлген. Енді күйеуі жоқ Миллатқа «екі жарты - бір бүтін» туралы ұсыныс айтып жүрген адам. «Жол ортасында атың, жер ортасында қатының өлмесін» деген қазақтың даналығын есіңе алсаң, тіпті жаның ашып кететін-ақ кейіпкер. Оны жек көрінішті қылатындай артық оқиға да жоқ повесте. Бар болғаны Қожаның анасына сөз салып жүр. Жоқ, сіз бәрібір қарсысыз. Өйткені, сіз Қожасыз. Сіздің шешеңізге көз салуға ешбір көлденең еркектің қақы жоқ. Болды!
Бала оқырманның санасына қалай жол табу керегін Бердібек мықты меңгерген жазушы. Баяғыда ұмыт болған, тіпті, елесі де қалмаған бала кездегі «ақымақ» армандарды қайта тірілтіп, көз алдыңызға қаз-қалпында тарта салғанда, «осыны қалай ұмытпай жүр екен?» - деп таңдай қағасыз. «Менің атым Қожадағы» мына үзіндіні қазір езу тартпай оқи алмайсыз. Ал, кезінде (бала күніңізде) сіз де қосыла армандағансыз.
«Шіркін-ай, былай болса: адам әуелі үлкен болып жаралса. Өмірдегі өзіне тиісті мамандығын атқарып болғаннан кейін барып, балаға айналса». Көрдіңіз бе, өзі бала болып сөйлеп тұрған жоқ па?!
Балаң көңілмен армандау арқылы, үлкендердің қателігіне, әділетсіздігіне күйінетін Қожа бір қарағанда өзімшіл біреу. Және, кейбір уәждеріне тоқтамасқа шараң тағы жоқ. «Осы үлкендер деген қызық халық. Бір менің әжем емес, қай-қайсы да балаларға шетінен өсиет айтқыш, жөн сілтегіш, ақылгөй келеді», - деп бір күйінсе, ары қарай, үлкендердің өзіне тікелей шабуылға көшеді: «Ал, енді өздеріне қараңдаршы. Не қилы жаман мінез, жөнсіздік осы үлкендердің арасынан шықпай ма?» - Шабуылға жалғыз шықпайды, оқырмандарын ерте кетеді. « Ал, енді өздеріне қараңдаршы...» деген сөйлемді сәл өзгертіп көріңізші. Мәселен, «өздеріне қарасаң...» деп. Әсерсіз болып қалар еді.
Балалар әдебиетінің міндетін тәптіштеп жату артық. Баланы адамдыққа тәрбиелеу, ойлануға мәжбүрлеу делік. Енді қараңызшы, ақтарылып ақыл айтпайды. «Былай істе» деген бір ауыз сөз жоқ . «Ұрлық істеп сотталып жататын кімдер? Үлкендер. ...Бәлеқорлар, жемқорлар, жалақорлар - бәрі үлкендерден шығады», - дейді бар болғаны. Оқушыға дәл сол, оқып отырған сәтінде бұдан өткен әсерлі тәрбие болмаса керек. Автор - оқушы бірлігінде пайда болған үшінші тұлға Қожамен бірге ойланады, бармағын шайнап өкінеді, бөркін атып қуанады, қабағын түйіп күйінеді. «Мен Қожаның орнында болсам не істер едім?» деген сұрақ қойылмайды жас оқушы тарапынан. Өйткені, Қожа мен оқушы не істесе де бірігіп істейді. Мұндай дәрежеде шыншыл суреттеу қаншалықты шеберлікті талап ететіні белгілі.
Қазір дінімізге кеңдік келген заманда Қожаның аузынан айтылатын тозақтағы қызыл ошақ төңірегінде туындаған пікірлер бар. Басқасын былай қойғанда, Сұлтанның ұрлықпен айналысуы мен о дүниедегі дозақ отынан қорқуын (құдайдан қорқу) қатар қойып көріңізші. Сөзі мен ісі сәйкеспейтін шала діндар, дүмшелік қой? Қысылтаяңда дүмшенің өзі де пысқырмаған серт пен тозақ отынан Қожа қалай сескенуі керек? Қалай дегенде де, діннен қадір қашқан күндерде ең көп айтылатын «қорқынышты» сөздің бірі осы екі бейнені ашу тұрғысында зор мәнге ие.
«Кешқұрым от басын айнала отырып алып, үлкендер әңгіме шертеді. Іштерінде менің әкем, ағаларым. «Жұрт колхоз болады. Бір қазаннан ас ішіп, бір көрпенің астында ұйықтайды...» деген тәрізді үрейлі әңгіме айтылады.
Бай, құлақты жояды екен дейді.
Байы - бай, түсінікті. Жоя берсін. Ал, құлақты неге жояды? Кесе ме сонда? Түсінбеймін».
«Балалық шаққа саяхатта» автор есіне түсіретін үзік-үзік суреттердің бірі бұл. Осы бір үзіндіге аталмыш шығармадағы көркемдік деталь деп қана қарау жеткіліксіз. Табиғатты, өмірді танудан бөлек, осы бір үзік сурет автор есінде неге қалды екен? Бір қарағанда, бар ой «құлақ» деген сөзге тіреліп, езу тартқызып барып, біте салатындай. Бала Бердібектің санасына соншалық әсер еткен осы бір сөз ғана ма? Түбіне үңіліңізші, белгісіздіктің, үрейдің тұтқынында күн кешіп жатқан шарасыз ауыл көз алдыңызға келмей ме? От басын айнала отырып алып өзара пыш-пыштайтын үлкендеріңіздің өзі қандай кепте екені көрініп тұрған жоқ па?! «Құдай салды, біз көндік», - деп, жаңа келіп орнаған заманның ау-жайын аңдап үлгере алмай, пұшайман хәлде отырған тобыр ғана келеді көз алдыңызға. Жауға сес, балаға ес боларлық қауқары шамалы. Автордың есінде осындай әсермен орнап қалған аумалы-төкпелі заман суреті қаз-қалпында.
Міне, Бердібектік дүниетаным осы тұрғыда қалыптасқан. Науқыншылдыққа ұрынбай, қызыл сөзбен қызыл туды мақтай бермегенінің бір себебін осы тұстан іздеуге болатындай. Айналасын алғаш барлап, толыспаса да шындықты ғана көретін балаң санаға қорқыныш болып орнап қалған жаңа заманды өле-өлгенше толық қабылдай алмай кеткен секілді. Оның басын «Балалық шаққа саяхаттан» көрсеңіз, есейген шағын «Өлгендер қайтып келмейді» романынан аңғаруға болады. Оған қосымша, өмірінің соңы жұмбақты күйде, тұйықталып өткендігі. Жұмбақ өлімі. Осының бәрі жан-жақты зерттелу қажет түбінде. Бердібек әлемінің іші, тысы түгелдей айшықталуға тиіс...
Жарайды, бұл кейінгі әңгіме. Заманын қабылдай алмағанын айтып өттік. Ашық айтпаса да, бейкүнә тақырыптарды игерді делінетін жазушы қанша айтқанмен, өз кезегінде үндемей қала алмапты.
«Қазақтың бар өнімі малмен байланысты...
Жер-суға сыймай жататын малдан бұл кезде тамтық қалмаған...
Қазекең мал бағудың ғасырлар бойғы азабынан «құтылған».
Мал жоқ болған соң, енді әлгі аталғанның бәрі жоқ.
Жеуге тамақ болмағаннан өткен аянышты не хал бар екен?»
Егер, сәл бұрынырақ жазылғанда... Онда, осы бір сөз үшін айдалып, атылып кете барар ма еді... Бұдан асқан ескіні көксеушілік бола ма? Бұл, әрине ашаршылық жылдарының қарсаңы. Малды алды, енді жаныңа қауіп төніп тұр. Қолы ұзындар шекара асып, Қытай жақты сағалап кетті. Қалған жұрт қалды. Күллі қазаққа нәубет төніп, заманақыр орнаған жылдар тізбегінде ес біліп қалған автордың көрген-баққаны жоқшылық, таршылық, аштық, шарасыздық... Бердібек іштен тынады. Үйде тамақтан өтер түйір дән жоқ. Қараңыз:
«Бір күні оқудан тағы да ішім қабысып, әрең келдім. Ауырып жатқан шешеме өлімсірей қарадым. Шешем үнсіз. Пәлен жерде мен үшін сақталып қойылған бір уыс бидай бар екенін айтпады. Үйде ауызға салар түк қалмағанын бірден білдім.
Бұл бірінші кездесіп отырған жағдай емес».
Бұдан ары мұндай жағдайда өлмеудің қамын қалай жасайтындығы туралы «Менің сағалайтыным көбінесе, Жәкібай үйі», - деп бастап, тәптіштеп айтып береді.
«Балалық шаққа саяхат» повесінде қара талқан туралы көп айтылады. Бір жерінде соның өзіне зар болып қалса, ендігі бір жерде тамақтан әрең өтетін нәрсіз, кебек татыған талқанды қара суға езіп жеп отырады. Күнде осы. Күніне үш мәрте.
«О, қасиетіңнен айналайын қара талқан! Сен де мені тұлықтастан артық болмаса, кем зығыр еткен жоқсың-ау. Туғаннан көзімді сенімен аштым. Аузым алғаш асқа талпынғанда апам бөкпен етіп талқан берген».
Бердібек шынын жазып отыр. Бәзбіреулерше «аштықта жеген құйқаның дәмі таңдайдан кетпейді», - деп тамсанбайды. Тәубеге келе отырып, қара талқаннан зығыр болғанын айтады. «Қасиетіңнен айналайын» деп айналып-толғануы да басқаша. Керісінше мәнде. «Сол талқан болмаса осы күнге жете алмас едім», - десе егер... Қарапайым ғана айтылар еді де, сол жерде ұмыт болар еді. Оқырман көз жүгіртіп қана өте шығар еді. Ал, талқан туралы осы бір бөлімге қайта-қайта шұқшиясыз. Тойғандағы тоқты етінің топырақ татуы емес, басқа тіске басар ештеңесі жоқ бола тұра, соны жеп отырып, әбден жалыққанын айтқан тұста пайда болған таңданыс мына тұсқа келгенде жазушының жанайқайына деген түсіністікке ұласады:
«Қыста да талқан, жазда да талқан. Ерте де талқан, кеште де талқан. Ана үйге барсаң да талқан, мына үйге барсаң да талқан. Талқан... талқан... талқан...»
«Талқан... талқан... талқан...» деген қайталама сөздердің мәнін түсіндіріп жату артықтау.
Жазушының қалыптасу ортасындағы оған әсер ететін тұлғалардың бірі - мұғалімдер. Бұл өз кезегінде оның өсіп-жетілуі мен дүниетанымына қаншалық әсер еткендігі белгілі. Бердібектің ұстаздары да жиынтық бейне. Бұл повесте екі мұғалім бар. Біреуі оқыған, тоқығаны бар, салауатты адам. Екіншісі сол кездерде қаптап бір кеткен білімсіз «ұстаздар». Артықшылығы аздап қара ажырататындығы. Соның алғашқы сапына жатқызатын Сағатбай мұғалім.
«Сағатбай көп оқушы еді. Қолынан кітап, қағаз түспейді. Сәл ғана демалыс болса, Сағатбайды қоршап аламыз. Әңгіме айтып беруін өтінеміз. Текестің суы мен тоғайынан өзге түк көрмей, ауыл арасының өсек-аяңынан басқа түк естімей көрбала болып өскен біздің көзімізді кең дүниеге тұңғыш ашқан адам осы Сағатбай».
Сағатбайдың көзі ашықтығы салыстырмалы түрде. Қазір бізге таң емес дүниелерді бір кездері қарапайым жұрт қалай қабылдағанын шамалауға болады. Сағатбайлық ілім-білім жердің шар тәріздес екендігі төңірегіндегі жаңалықтар ғана. Сағатбайдың «білімі» арқылы ауыл адамдарының танымын, санасын болжауға болады. Соншама көзі ашықтығына қарамай Сағатбай ауыл басшылары алдында дәрменсіз. Сабақтың дәл шағында бригадир келеді де, оқушыларды колхоз жұмысына жегіп, әкете береді. Ол туралы ризашылықпен айта келіп, оның қарапайым тұрмыста да тапқыр екеніне көзі жеткендіктен, «Ақылдылық тек үлкен істен байқалмайды» деген нақыл айтады.
«Ауыл арасының өсек-аяңынан басқа түк естімей...» деп күйінеді автор. Бұл да Бердібек көрген тәрбие мен өткен өткелегінің жолы. Бердібектің тақырыпты тым алыстан іздемей, өз балалық шағына саяхат жасауының өзі оның бала кезінің қаншалықты есте қаларлықтай қиын да, күрделі болғандығынан болса керек. Бәлкім, оның бала кезі бақытты болса бұдан да мықты шығармалар жазып қалдырар ма еді деп бал ашып отырудың жөні жоқ біз үшін. Өмірдің өзінен алды, өзі сезінді, қалғанын ойдан қосты. Жазды! Бірақ, қанша жерден ештеңе көрмедік, ғылым-білімге, кітапқа қолымыз кештеу жетті деп таусылғанмен, табиғат сыйлаған дарын мен түйсік болмаса кілең ығай мен сығай, көзі ашықтардың қақ ортасында жүріп те көрсоқыр ғұмыр кешуге болатынын тағы әйгілейді. Абайды оқи тұра, жаттай тұра сіңіре алмаған мұғалімнің бейнесі бар. Шала сауатты адам мектепте сабақ береді. Сөз жоқ, уақыт талабы. Ешкімде жоқты жонатын қасиет жоқ, қарсы тұрарлық ешқандай амал жоқ болатын. Дегенмен, соншалық дүмше адамның бүкіл бір ауылға «білім нұрын» себуі ақылға сиымсыз-ақ. Автор осыған күйіп-піседі. Бала кезінде көкейіне қонбаған осы бір әділетсіздік жазушы болып қалыптасқан шағында да тыным бермегенге ұқсайды. Өз буынының қалай білім алғаны төңірегіндегі таусылу. Жұмабай - жиынтық бейне. Соғысқа дейінгі және соғыстан кейінгі уақыт аралығын қамтитын тар кезеңдердегі кадр жетіспеушілігінен туған кемшіліктердің бірі - осындай сауатсыз мұғалімдер еді. Бір басына соншалық сорақылық пен түйсіксіздікті үйіп алмаған шығар, дегенмен көптеген «ұстаздарда» осы қасиеттер болғандығы дау тудырмайды.
Өмірде болған-болмағаны қаншалық рас-өтірігін кім білсін, бірақ жазушы Жұмабай сынды мұғалімдерді шенеудің жолын Абай арқылы тауыпты. Абайды тануы сұмдық. «Қыс» өлеңін мысалға алады. Айталық, оқушылар бұл өлеңде қыс суреттеліп отыр дейді ғой. Ал, Жұмабай:
« - Сендер бұны қысты жазып отыр дейсіңдер. Жоқ, қыс емес. «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, соқыр, мылқау» дегені ол бұрынғы ел қанаушы буржуй мен байлар. Соларды жазып отыр. «Үсті-басы ақ қырау, түсі суық!» Байдың түсі суық болмаған да, жылы болатын ба еді? «Басқан жері сықырлап келіп қалды». Ақын мұнда байдың жүріс-тұрысын жазып отыр. Және кедейлерге бай келіп қалды, қазір сендерді сабайды деп, ескертіп отыр».
Жұмабай мұғалімнің осындай талдауынан кейінгі өзінің бастан кешкен күйі арқылы оқырманын бір күлдіріп алады. Балаға тән аңғалдықпен сене келіп: «Сөйтсем... өлең ол жай ғана өлең емес екен. Жатқан саясат екен», - деген байлам жасайды. Егер жазушы осы күйінде бұл тарауды аяқтай салса, ақыл-ойы толысып болмаған бала оқырман шынында осылай түсінуі мүмкін ғой. Автор мұны да ұмытпайды. Өзінің басынан өткен оқиғаны айта келіп, тараудың ең соңғы жолында шешімін айтады. Жұмабайға деген анық бағаны да осы жерде береді. Автор ойының нені меңзеп тұрғанын жас оқырман сонда ғана түсінеді.
Абайды бұлай талдау - сол кезеңдегі жүргізілген саясаттың бір көрінісі деуге толық негіз бар. Жазғыштың бәрі - халық жауына айналып, қазақ үшін оқылатын бірен-саран ақын-жазушының бірі Абайдың өзін осылай бұрмалаған кеңестік идеологияның «болмасты болдырар» қиял-ғажайыпқа бергісіз сипаты.
Бердібектің бала кезі қандай қысылтаяң шаққа тура келгенін айттық. Жеуге нан табылмай қалу әдеттегі жағдай ол үшін. Сондықтан, нан тұрған жердегі ұсақ-түйекке дейін оның назарынан тыс қалмайды. Елеусіз ғана нәрсені үлкен мәнді дүние дәрежесіне көтере алады. Мәселен, қарапайым ғана нанның туралуы:
«Ірі, кесек-кесек етіп тураса, көбеймес еді. Тоғыз жақтан тоғыз қол лап қойғанда, бірден ойсырап қалар еді. Атамның нанды соншама ұсақ етіп, көпсітіп турауында үлкен психологиялық есеп жатыр».
Бір үйде тоғыз адам тұратынын, ас ішу өлшемімен «Тоғыз ауыз» деп атайды. Қиын-қыстау кезеңде де осындай «тоғыз ауызға» тамақ тауып бере білген шаруасын шайқалтпаған ұқыпты әулеттерге деген сүйсініс те жоқ емес. Тамақтық өлшем... Құрсағының бір жағы қашан да бос жүретін аш бала психологиясы өзін тамақтан қағатын сәттерді суреттеуге шебер-ақ. Сондай бір жағымсыз кейіпкер - Әлипа кемпір. Бердібек бір аталас әпкесінің қолында оқып жүр. Жездесі колхоз председателі. Басқа - басқа, мұндай үйлерде құлқынның қамы жөнінен көлденең мәселе болмауға тиіс. Бірақ, бай асын қызғанған байғұстар қайдан да болса табылады. Үзінді келтірейік:
«О, Әлипада айла көп! Тамақтан шет қағудың ол неше алуан тәсілін ойлап табады».
«Осындай болып еді», - деп айта салу оңай емес. Бірақ, Бердібек осылай айтады. Шындықты айтады. Өзгеге жайып салмақ түгіл, өзіңнен жасыратын, есіңе алудан қорқатын шындықтар болады. Өз басыңнан өткен оқиғаны ойдан шығарылған басқа бір кейіпкердің басына аударып бере салу оңай. Ал, мен осылай істегем болмаса маған біреу осылай істеген деп ашық айту... Ерлікке пара-пар. Оқырманның жанашырлығын тудыру үшін осындай қадамға бара қойды деу қисынға келмейді. Шығарманың ұзына бойына бас кейіпкердің қаншалықты намысқой екеніне көзіміз жеткен. Демек, ол (автор) өзін мұншалықты төмендетуге бара қоймайды. Бір-ақ жағдайда баруы мүмкін, ол, әрине, шындық болғанда ғана. Қазір ойлаймын, осының бәрін жазып отырғанда жазушы қандай күйде болды екен? Ол туралы естеліктерге қарап отырып, оның өзін аямайтын жазушы екенін білуге болады. Ойдан шығарылған шығарма болса да, ол бірінші кезекке өзін қояды. Шындық ретінде қабылдануы мүмкін «выдумкаларды» өзіне таңа салады. Біздің қаламгерлердің көбі «мен тектімін» дегенді дәлелдей алмай, аптығып жүргенде, бұлай істеу ақылға сиымсыз-ақ дүние.
Бердібектің жетім қалатын жері ше? Шешесі ұзақ аурудан көз жұмған сәті повестегі ең әсерлі де мұңлы бөлім. Бердібектің жетімдігі тамақтан тарығу, жоқшылықтан торығу емес, басқа дүние. Жетімдік туралы:
«Дүниеде мен үшін бұдан жексұрын сөз жоқ. Тақиясын қорыған тазшадай осы сөз қай жағымнан сап ете қалады деп зәрем ұшып, үрейленіп тұрамын», - дейді. Өзінің осы бір кемсітпелі сөзден көрген құқайын айта келіп, оқушыларына тіпті өтініш айтады.
«Балалар, менің қымбатты жас достарым! Мынау қатал дүниеде әкесі не шешесі өліп жетім қалу секілді бақытсыздық әркімнің-ақ басында кездесуі мүмкін. Ол секілді жаны жаралы балалар, мүмкін, араларыңда да бар шығар. Сендер қанша араз болсаңдар да оларға жетім деген тажалдай суық сөзді айтпаңдар, айналайындар. Ұр, соқ, төбелес. Тіпті, етінен ет кесіп ал. Ал бірақ әлгідей деп тілдеме. Тағдыр онсыз да аяусыз жазалаған бейшараның адамшылық мен-мендігін жетім деген сөз біржолата жер етіп, таптап кететінін сендер ұғыңдар! Аяңдар!»
Бердібек ақылды осылай айтады. Бөліп алып, жеке қоя салсаң көп көпірме ақылдың бірі болып қалуы ықтимал. Ал, шығарманың өн бойында сондай әсерлі, нанымды. Бұл жазушының өз тарапынан арнайы жасалған қадам. Осылай жазылса ғана кімнің де болсын жетесіне жететінін біледі.
«Балалық шаққа саяхат» жазушының өз өмірінен алынған шығарма дейді білетіндер. Бұл пікірді жазушының повесть басында келтірген «Үзік-үзік суреттері» де растай алады. Бала махаббат, жеткіншектік ғашық сезім, әйелдер образы, ауыл адамдарының бейнесі, колхоздастыру кезеңіндегі ауыл, қыр суреттері, т.б. жеткілікті орын тепкен бұл шығарманы жазушы өз атын өзгеріссіз алғанын ескерсек мемуар деп атауға да болады. Дегенмен, көркем дүние ретінде халыққа жеткен туындыдағы оқиғалардың анық-қанығына жетіп, өз өмірімен салыстыра отырып талдау жақын болашақтың еншісіндегі дүние деп қарағаннан өзге амал жоқ.
Бердібек шығармаларына ортақ бір бейне бар. Ол, әрине бас кейіпкерге тиесілі. Жетімдік. Бұл жетімдік «жетім» деген сөздік ұғымнан әлдеқайда кең. Әке-шешесіз қалу ғана емес, кез-келген ортада жалғызсырап, жабығып жүретін жетімдік. Көңілдің жетімдігі. Тіпті, бақытты заманның өскіні Қожаның өзінің төрт құбыласы түгел емес. Күлдіріп отырып-ақ әкеге деген сағынышты қалай береді. «Балалық шаққа саяхат» пен «Өлгендер қайтып келмейді»-дегі тұнып тұрған сағыныш ше? Тіріге емес, өліге деген сағыныш. Өткенге деген аңсау. Бердібектің сағынышын «тұнып тұрған...» деген тіркеспен беру әсте мүмкін емес. Оның сағынышын, жалғыздығын түсіну үшін тек оқу керек. Өзін оқу керек.
Кейде, балалық шағын неге көп жазды екен деп ойлаймын. Бұл да сағыныш екен. Жоқтау екен. Асты-үстіне түсіп, сапырылысқан аумалы-төкпелі кезеңнің астында қалған балалық шағын жоқтау. Іздеу. Бақытсыз балалық шағынан жылу іздейді екен. Бақытсыздықтан бақыт іздеген дегенге келеді. Өмірді бағалау, тоқшылыққа тәубе ету, барға қанағат жасау туралы ескерте береді екен. Арқа сүйер әкелері майданда өлген өз замандастарының атынан жетімдік дегеннің не екенін кейінгілерге ұғындыруға тырысыпты.
Бердібектің бұл мақсатына қаншалықты жеткендігін оқылымнан қалмай келе жатқан шығармалары дәлелдейді. «Өмірде өлім барда - жетімдер бар», - деген Мұқағалиға сүйенсек, адам тартар жетімдік тағдыр - мәңгі тақырып. Ендеше, бар ғұмырында өзін-өзі жазып, тауыса алмай кеткен жазушы әлі күнге неге көп оқылады деген сұраққа жауапты алыстан іздеп керегі жоқ екен. Алмас НҮСІП