«Бал өтпейді емес, жетпейді» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 27 қаңтар, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
Ірі елдер арасындағы геосаяси мүдделерден туындаған текетірестер мен мұнай бағасының әлемдік деңгейде құлдырауы қарапайым халықты біраз алаңдаушылыққа алып келген болатын. Әсіресе, мұнайлы Маңғыстауда «мұнай мекемелерінде қысқартулар жүреді екен» немесе «мұнай бағасының төмендеуіне байланысты мұнайшылардың да айлық жалақысы азаятын болыпты» деген әңгімелер қылаң бере бастаған еді. Алайда, Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған ақпар өлкедегі аталмыш саладағы алдын алу шараларының барысынан хабардар етті. Айтуынша, Маңғыстау облысындағы ірі мұнай өндіруші компаниялар өз жұмысшылары алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындайтындықтарын нақтылай түскен. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Құлдыраған мұнай бағасы» атты мақаладан оқи аласыздар.
Бас басылымда «Өкпелеп, өз өмірін қиюға бола ма?» деген мақала жарияланды. Қостанай облысында өткен жылы жасөспірімдердің өзіне қол жұмсауы 10 пайызға көбейген. Республикалық Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті облыстық басқармасының бастығы Евгений Пархоменконың мәліметінше, өткен жылы облыс өңірінде жасөспірімдердің 65 өзіне қол жұмсау әрекеті тіркелген. Оның 11-і қайтыс болды, 54 бала өмірін өзі қиюға әрекеттенген. Ал 2013 жылы 59 жасөспірім жасаған теріс әрекеттің 15-і суицидпен аяқталған еді.
- Балалардың өзіне қол жұмсауының басты себебі - отбасындағы ұрыс-керіс, өзінің жақсы көретін адамымен ұрысып қалу, күрделі әлеуметтік-психологиялық жағдай. Баланың суицидке баруына отбасының материалдық жағдайы емес, балалар мен ересектер арасындағы түсіністіктің жоқтығы себеп болады. 2013 және 2014 жылдары өзіне қол жұмсауға әрекет еткен, суицидке барғандар негізінен 15-17 жастағы жасөспірімдер.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстанда бір емес, екі атом стансасы салынуы мүмкін. Бұл туралы Энергетика министрі Владимир Школьник мәлім етті. Парламенттегі биылғы жылғы «үкімет сағаттары» кеше соның есебінен бастау алған болатын. Министрдің айтуынша, ІІ АЭС-тің құрылысына қатысты мәселелер 2019 жылдан кейін шешілетін болады. Өз баяндамасында еліміздің бүкіл энергетика саласының басшысы Қытайға мол қуат сататындығымызды айтып, «сүйінші» сұрағандай болған. Алайда, артынша депутаттардың тегеурініне шыдай алмай, бұл істің қиындап бара жатқандығын мойындады. Школьникті жан-жақтан қоршай қаумалаған журналистер қауымы да одан болашақ атом стансасына қатысты біраз мәліметті білді. Мәселен, Қазақстанның тұңғыш АЭС-інің құрылысы жапондарға сеніп тапсырылуы мүмкін. Министр қазіргі уақытта үкіметтік комиссия осындай станса салуға қолайлы 2 алаңды анықтағандығын еске салды, оның бірі - Курчатов қаласының ауданы, нақтырақ айтқанда Семей полигонының орны, екіншісі - Балқаш көлінің бойы, Алматы облысындағы Үлкен кентінің ауданы. Энергетика министрінің ақпарынша, ел Үкіметі атом стансасын тұрғызатын және эксплуатациялайтын барлық жетекші елдердің әлемдік деңгейдегі компанияларымен кездесулер өткізіп, талқыға салған. Олардың арасында Канада, Қытай, Франция, Ресей, АҚШ және басқалары бар. Бұл жайында « Қытай қажетсіне ме? » атты мақалада толық берілген.
Осы басылымда «Бал өтпейді емес, жетпейді» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Қазақстанның әрбір тұрғыны жылына орта есеппен кемінде 50 грамм бал жейді екен. Бұл ресми статистика. Қаңтар айының соңғы аптасы қақаған қыста қажетіңе жарар ара балының көрмесіне арналғаны құптарлық іс. Балуан Шолақ атындағы орталық стадионда өткізіліп жатқан 10 күндік жәрмеңкенің алғашқы екі күнінде-ақ ұзын-сонар кезектен көз сүрінеді. Ресейдің әр өңіріндегі омарташылардан балдың 30-дан астам түрін Алматы тұрғындарына екінші рет ұсынған ресейлік сатушылар көңілді. Себебі, нәтиже ойдағыдай.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Айфон» деген көлемді мақала басылды. «Қазіргі кезде мектеп оқушылары арасында бағасы өте қымбат ұялы телефон бәсекеге түскен. Бастауыш сыныпта оқитын кішкентай баланың өзі мойнына асып алған «Айфонына» масаттанып, айналасындағыларға мұрнын шүйіре қарайды. Функциялары аз қарапайым телефонды менсінбей, кеудемсоқтыққа үйренген баладан ертең өз қамын ғана ойлайтын адам шығатынын, соған ата-ана тікелей кінәлі екенін ешкім сезінбейтін тәрізді. Әр үйде 1-2 бала өсіріп отырған қалалықтар үшін баланың «ақ дегені - алғыс, қара дегені - қарғыс» болып отыр. Қит етсе «Өмір сүргім келмейді. Әпере алмасаң мені неге тудың?» деп жылап жүріп, ата-анасына айтқанын істететін балалар көбейді. Бала үшін қашанда ата-ананың шығар жаны бөлек. Тапқан-таянғанын күнкөріс қамына жеткізе алмай жүрсе де, қарызға батып, баланың дегеніне көнеді. Осылайша өзін «крутой» санайтын, өмірдің қызығын ақшамен өлшейтін жасөспірімдер қатары көбейіп кетті. Бүгінгі күн интернет заманы дегенімізбен, мұның зардабын балалар да көріп жатыр»,-деп жазады мақала авторы.
Кіп-кішкентай төменгі сыныпта оқитын баланың қолындағы ұялы телефонына үңілсеңіз, «Инстаграмм», «В контакте», «Ватсап», «Ангри бирдс», «Ретрика», «Моменткам», т.б. біз бірін біліп, бірін біле білмейтін толып жатқан бағдарламалардан көз сүрінеді.