«Бала» горилланың суреті жылдың ең күлкілі фотосы атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Comedy Wildlife Photography Awards 2025 жануарлардың ең көңілді фотосуреттерінің жыл сайын өтетін байқауының қорытындысын жариялады. Бұл туралы байқаудың сайтында хабарланды.
Байқаудың негізгі санатының жеңімпазы ретінде «Бестік бер» деп аталатын кішкентай горилланың фотосы танылды.
«Ол күні біз Амахоро отбасы деп аталатын үлкен топты кездестірдік. Олар орман алаңқайында жиналып, ересектері жайбарақат тамақ теріп жүрді, ал кішкентай «балақайлар» бір-бірімен ойнап жүрген. Бір бала горилла өзінің акробатикалық қабілетін барынша көрсетуге тырысты, түрлі пируэттер жасап, айналып жүрді. Оның өнерін тамашалау нағыз қуаныш болды, әрі мен оның ойынқұмарлық ынтасын осы кадрда жеткізе алғаныма қуаныштымын», деді сурет авторы, британдық фотограф Марк Мет Коэн.
Жеңімпаздар тізіміне сондай-ақ америкалық фотограф Грейсон Белланың екі құрбақа түскен «Күшпен дінге кіру рәсімі» («Крещение новообращенного против его воли») атты суреті, неміс фотографы Пауль Рустемайердің «Би алаңына жарыс — брейк-данс баттлындағы түлкілер» атты ойнап жүрген түлкілер және басқа да кадрлар енді.
Байқаудың қазылар алқасы санаттарға кірмеген, бірақ жоғары баға алған басқа суреттер топтамасын да жариялады. Олардың қатарында америкалық фотограф Мэлин Эллвангердің «Хор» деп аталатын арыстандар фотосы, фин фотографы Валттери Мулкахайненнің «Күл — сені түсіріп жатыр» атты аю суреті және басқа да кадрлар бар.
Айта кетейік, қояндарын далаға жіберген неміс блогері миллиондаған жазылушысынан айырылғанын жаздық.