Бала шетелде төлқұжатын жоғалтса не істеу керек
АСТАНА. KAZINFORM – Жазғы демалыс пен шетелге саяхат маусымында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы баланың төлқұжаты жоғалған немесе ұрланған жағдайда ата-аналар қандай әрекет жасауы керектігін түсіндірді.
Мемлекеттік корпорация мәліметінше, Қазақстаннан тыс жерге шығатын әрбір баланың жасына қарамастан жеке төлқұжаты болуы тиіс. Оны сәби дүниеге келген сәттен бастап рәсімдеуге болады.
2026 жылдың алғашқы жартысында ғана Шымкент қаласының Халыққа қызмет көрсету орталықтарында балаларға арналған 71 мың шетелдік төлқұжат рәсімделген.
– Егер бала шетелде төлқұжатын жоғалтса немесе құжаты ұрланса, ең алдымен Қазақстанның жақын маңдағы елшілігіне немесе консулдығына жүгіну қажет. Дипломатиялық өкілдікте Қазақстанға кедергісіз оралуға мүмкіндік беретін уақытша құжат – елге қайту туралы куәлік рәсімделеді. Елге келгеннен кейін жаңа төлқұжат алу үшін ХҚО-ға жүгіну қажет, – деді Шымкент қалалық филиалының PR-менеджері Алтынай Татаева.
Ведомствоның мәліметінше, шетелге шығар алдында балаға төлқұжат рәсімдеу үшін тұрғылықты жері бойынша кез келген ХҚО-ға жүгіну керек.
Ол үшін:
-
баланың туу туралы куәлігі;
-
ата-анасының бірінің жеке куәлігі;
-
4 АЕК (2026 жылы – 17 300 теңге) мөлшеріндегі мемлекеттік баждың төленгені туралы түбіртек қажет.
Өтініш беру кезінде баланың және ата-анасының бірінің қатысуы міндетті.
Баланың төлқұжаты 15 жұмыс күні ішінде дайындалады. Қажет болған жағдайда қосымша ақы төлеп, жедел рәсімдеуге болады.
Құжаттың жарамдылық мерзімі баланың жасына байланысты белгіленеді. 12 жасқа дейінгі балаларға төлқұжат 5 жылға, ал 12 мен 16 жас аралығындағы жасөспірімдерге 10 жылға беріледі.
Мемлекеттік бажды жетім балалар, мүгедектігі бар балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлерінің балалары төлемейді.
Мамандар баланың сырт келбеті айтарлықтай өзгерген жағдайда төлқұжатты мерзімі аяқталғанын күтпей-ақ алдын ала ауыстыруға кеңес береді. Бұл шекаралық бақылаудан өту кезінде қосымша сұрақтардың туындауына жол бермейді.
Айта кетейік, маусымда қазақстандықтарға 269 мыңнан астам жеке куәлік пен паспорт берілді.