Бала тағамы: БҚО-да құны 71 млн теңгеден асатын 9 конкурстың талапқа сай келмейтіні анықталды

ОРАЛ. KAZINFORM — Биылғы 29 қаңтарда Сырым ауданының білім беру бөлімі 1-4 сыныпта оқитын 1 248 баланы тамақтандыру бойынша 71 млн 720,388 мың теңгеге 9 конкурс жариялаған.  

Мектеп асханасы
Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, конкурстық құжаттаманы зерделеу кезінде аталған білім беру бөлімі әзірлеген ас мәзірінің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды.

Атап айтқанда, белгілі бір күндерде балалардың күнделікті рационына кіретін сүт, қант және май жетіспеген. Сонымен қатар мәзірге 5 компоненттен тұратын күрделі салат енгізілген, бұл Денсаулық сақтау министрінің «Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық қағидаларын бекіту туралы бұйрығының талаптарын бұзу болып есептеледі.

— Сондай-ақ мәзірде тиісті 200 грамм шырынның орнына бұл сусынның көлемі төмендетіп көрсетілген, яғни 165 грамм. Сырым ауданы прокуратурасының наразылығы бойынша конкурстардың күші жойылды. Мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманың сақталуын бақылау жұмыстары жалғасады, — деп хабарлады ведомстводан. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда зейнетке шыққан 5 мұғалімге өтемақы төленбегенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар