Балабақшадан бастап, мектеп пен ЖОО арасында мемлекеттік тілді оқытудың бірізді жүйесі жасалуы қажет

АЛМАТЫ. 12 Қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Балалар бақшасынан бастап, мектеп пен ЖОО арасында қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытудың бірізді жүйесі жасалуы қажет. Бұл туралы бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де "Мемлекеттік тіл - интеллектуалдық ұлт қалыптастырудың негізі" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында филология ғылымдарының докторы, профессор Анар Салқынбай айтты.

Балабақшадан бастап, мектеп пен ЖОО арасында  мемлекеттік тілді оқытудың бірізді жүйесі жасалуы қажет

"Мемлекеттік тілді ЖОО-да оқыту ісінде көп ілгерілеушілік бар. Қазіргі уақытта көптеген оқулықтар мен оқу құралдары, әдістемелік зерттеулер жарық көруде. Бұл - дұрыс. Осы құралдардың ішінен үйренуші болмаса үйретуші өз керегін таба алады. Мына кітаппен (оқулықпен) ғана оқыту керек деп, біреуін бөліп-жарып, заңдастыру да қажет болар, дегенмен, әр алуан оқулықтардың болуы жүйесіздікті туғызбайды, керісінше, көпқырлылықты танытады. Біздіңше, қазіргі басты қажеттілік және бірінші жүйелі түрде жолға қойылуды қажет етіп отырған жайт оқытудың бірізділігі. Балалар бақшасынан бастап, мектеп пен ЖОО арасында қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытудың бірізді жүйесі жасалуы қажет»,-деп атап өтті ол.

Оның пікірінше, ұлт тілінің мемлекеттік тіл ретінде танылуы тіл бағының жануы. Қазақ тілінің кешегі мәйекті қалпын, терең философиялық тұжырымды екі ауыз сөзге сыйғыза білген, мірдің оғындай өткір қалпын терең меңгеру парыз, меңгерту қарыз. Әрі бұл меңгеру мен меңгерту - ғылыми бағытта парасаттылықпен дұрыс жолға қойылса орынды.

"Кез келген тілдің сипаты мен өзіндік тарихы бар, оларды бірінен-бірі артық не кем деуге ғылыми негіз жоқ. Мәселе сол тіл иеленетін әлеуметтік құндылыққа, ұлттық мәдениеттің басымдылығына, мемлекет жүзеге асыратын тілдік саясатқа, ақыр аяғы отбасына келіп тіреледі. Тілдің әлеуметтік құндылығын асыру не кеміту қоғамның өз қолында. «Мемлекеттік тіл қолға алынғалы бері мектептен бастап жоғарғы оқу орнына дейін сағат саны да біршама арттырылды. Десек те, соңғы жылдары бірнеше оқу орындарында Экспериментальды (тәжірибелік) бағдарлама енгізілу кезінде қазақ тіліне стандарт бойынша бөлінген 6 кредит саны 3 кредитке түсірілді. Оған селт еткен ешкім жоқ.... Бізде ағылшын тілін міндетті пән ретінде оқытуға 6 кредит бөлініп отырғаны сияқты, қазақ тілін оқытуға да бөлінетін сағат санын осыған жеткізген орынды болар еді», -деді А. Салқынбай.

Оның пікірінше, бірнеше ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп отырған тәуелсіз еліміздің мемлекеттік тілін өз елімізде оқытудың ішкі жүйесі мен желісін қалыптастыруда ғылыми бірізділік пен жүйелілік қажет және әлемдік оқу үрдісінде қалыптасқан деңгейлік оқытуда осы ішкі ерекше жүйелілік сақталғаны мақұл.