«Балабек» журналының балғын оқырманы көбейсе деген арманымыз бар - Б.Батықұлы (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Балалар тақырыбында қалам тартып жүрген жазушы, журналист Бағдат Батықұлы бүлдіршіндерге арналған жаңа журнал шығара бастапты. Аты да әдемі - «Балабек». Еліміздің баспасөзіндегі балалар әлеміне жаңадан аяқ басқан журналдың бүгіні мен келешегіне көз жүгірту үшін Бағдат Батықұлының өзін әңгімеге тарттық.
None
None

- Жаңа балалар журналы шыға бастады дегенге елең ете қалғанымыз рас. «Балабектің» тәй-тәй басқан алғашқы қадамдары құтты болсын! Басылымның балаларға базарлығы қандай? Таралымы қанша?

- Қазір «Балабек» жаңа туған сәбидей. Алғашқы саны 1000 данамен жарық көрді. Құдайға шүкір дейміз, жұртшылық журналды жылы қабылдады. Әріптестер оң бағасын беруде. Осының өзі көңілге медет. «Сәбиіміз» аунап-қунап, еңбектеуге жарады деген сөз. Ендігісі уақыт төрешінің еншісінде. Егер күні ертең мың сан ата-ана: «Мына журнал қазақ баласына керек екен!» деп жатса, мың сан балғын оқырман: «Балабектің» келер саны үйімізге қашан келер екен» деп елеңдеп отырса, мақсат-мұратымызға жеткеніміз. Сонда ғана «Балабекті аяғынан тік тұрғыздық» деп нық сеніммен айтатын боламыз.

Базарлығына келсек, журналда балалардың біліміне білім қосатын, таным көкжиегін кеңейтетін, олардың отаншыл, рухты, зияткер болып өсуіне ықпал ететін тағылымды айдарлар аз емес.

- Балалар әдебиеті бүгінгі таңда кенжелеп жатқаны рас. «Балабектің» жарық көруін осы саладағы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған келелі істің бірі деген пікірдеміз. Басылымның авторлары жайлы айта кетсеңіз?

- «Әдебиет өлсе де, балалар әдебиеті өлмейді» деген қанатты сөз бар емес пе? Осыған кәміл сенемін. Есімдері елге мәшһүр аға буын өкілдерін айтпағанның өзінде, кейінгі толқыннан Есей Жеңісұлы, Бейбіт Сарыбай, Әдина Жүсіп, Нұрлан Құмар, Қанат Әбілқайыр, Серікбол Хасан сынды қаламгерлер балаларға арнап жап-жақсы шығармалар жазып жүр. Бір сөзбен айтқанда, бізде балалар әдебиеті бар. Бірақ оның бағын жандыратын баспагер табылмай отыр. Қазір өзі қызық. Көшеде жүрген пақырды «жұлдыз» бол деп шақыратын продюсер бар да, талантты жазушыны іздеп тауып, елге танытатын баспагер немесе агент жоқ. Балалар әдебиетінің «бір кем дүниесі» осы.

«Балабекке» кім автор бола алады дегенге келсек, кім жақсы туынды ұсына алса, сонымен жұмыс істеуге әзірміз. Бұл орайда бізге де зор жауапкершілік жүктеледі. Журналды барынша жақсы шығаруымыз керек. Өйткені, нағыз талант иесі - талғампаз. «Әдебиет - ардың ісі» деген қағиданы берік ұстанады. Қаламақысын қанша жақсы төлегеніңмен, жаман журналға шығармасын ұсына қоймайды.

- Осыған дейін жарық көрген, шығып жатқан балаларға арналған басылымдардан «Балабектің» нендей жаңашылдықтары, өзіндік ерекшеліктері бар? «Мына бағытта біз тыңнан түрен салдық немесе салмақ ойымыз бар» деп айта аласыз ба?

- Мынадай өзгешелігі, мынадай артықшылығы бар деп мақтанғым келмейді. Елімізде «Балдырғаннан» бастап, оқырманы қалыптасқан, бағыт-бағдары айқындалған бірқатар танымал балалар басылымдары бар. Біздің мақсат - солардың қатарынан орын алу. «Балалар басылымдары» деген бақшаға талшыбық қадалды. Оқырманымыз көбейіп, жайқалып өскен мәуелі ағашқа айналсақ деген арманымыз бар.

- Журналдың балабақшада, мектепке дейінгі тәрбиеде берер көмегі қаншалықты? Асқан байыптылық пен байқампаздықты талап ететін балалар психологиясын зерттеп-зерделеуге оның қосар үлесі қандай болмақ?

- «Балабек» - 6-11 жастағы балғындарға арналған басылым. Сондықтан мұнда ойнай жүріп ойландыратын материалдарға басымдық беріледі. Ойын-тақпақ, жұмбақтар, шағын әңімелер, қызықты есептер көптеп жарияланады. Осының бәрі, түптеп келгенде, мұғалімге де көмекші құрал болады деген ойдамыз.

- Мүмкін, балалар басылымдарының таралуына ұстаздар тарапынан қамқорлық та қажет шығар?

- Керек деп ойламын. Балалар басылымының басшысы ретінде ғана емес, бала өсіріп отырған адам ретінде осы пікірдемін. Бала кезімізде «Ұланды», «Балдырғанды» оқымайтын бала жоқтың қасы еді. Ұстаздарымыз «мынаған жазыл, мынаны оқы» деп кеңес беретін. Қазір жағдай мүлдем басқаша. Балалар басылымдарының бар-жоғынан бейхабар, білсе де олар жайлы шәкірттеріне, ата-аналарға айтуды қажет санамайтын мұғалімдер баршылық. «Балалар басылымына жаздыру ақша жинаудың бір түрі» деген түсінік қалыптасты. Меніңше, бұл дұрыс емес. Мұғалім балаға тәрбиеші де, тәлімгер де болуы керек. Егер «мектепте сабағыңды оқы, ал үйіңе барған соң кітап оқисың ба, газет-журнал оқисың ба, рок тыңдайсың ба, өзің біл» деп қарап отырса, оның несі тәлімгер болмақ?!

- Бәсекелестік жоқ жерде ілгерілеу де болмайтыны белгілі. Қазіргі таңда әзірге саусақпен санарлық болса да, балаларға арналған сайттар бар. Рас, олардың ішінде «Балапан» телеарнасының сайтынан басқасының тұрақты жұмыс істеп тұрғаны шамалы. Десек те, «Балабектің» электронды нұсқасы шыға ма және ол басқа балалар басылымдарымен (электронды да, баспа басылым түріндегі де) қаншалықты бәсекелес бола алады?

- Таяуда «Балабектің» өз сайты ашылады. Біз оны ресейлік, шетелдік балалар сайттарының үлгісімен заманауи етіп жасасақ деп жоспарлап отырмыз. Бірақ шынымды айтайын, өз басым бастауыш сыныпта оқитын баланың ғаламторға үңілгенін қаламаймын. Себебі, монитордың баланың көз жанарына зияны тиетінін жақсы білемін.

- Алдағы уақытта журнал балбөбектерді қандай шығармалармен баурап алуды көздеп отыр?

- Журналда қызықты айдарлар баршылық. Мысалы, «Астана - Отанымыздың жүрегі» - патриоттық тақырып. «Менің елім» - аймақтар шежіресі. «Қорықшы атайдың әңгімесі» - туған жердің табиғаты жайлы. «Балабектің» саяхаты» - жер-жаһанды аралатады. «Осы рас па?», «Төрт түлік», «Сен білесің бе?», «Жеріміздегі жеті керемет» секілді топтамалар баланың қиялын шалқытады, ой-өрісін дамытады. Журналымызды ай санап, жаңартып, түрлендіріп, бала талғамына сай дүниелермен толықтырып отыратын боламыз.

- Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан: Гүлнар Жомартова

Соңғы жаңалықтар