Балалар батырлар жырын неге білмейді? - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 25 желтоқсан, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Балалар батырлар жырын неге білмейді? - баспасөзге шолу

*** Өзі тұратын көпқабатты үйдің кіреберісін жаңа жыл мерекесіне орайластыра ойыншықтармен безендірген алматылық Лариса Стародубиева ойламаған жерден жұртшылыққа танымал кәсіпкер болып шыға келді. Оның қоқыстан жасаған бұйымдарын адамдар арнайы келіп тамашалауды әдетке айналдырған Тіпті, оған үлкен компаниялар да тапсырыс бере бастапты, деп жазады "Егемен Қазақстан" бүгінгі санындағы "Қоқыстан ойыншықтар жасаған" атты мақалада.

Басылымның жазуынша, Алматының №3 шағын ауданында тұратын Лариса Стародубиеваны жергілікті халықтан бастап, шенді-шекпенділерге дейін жақсы біледі. Себебі, қарапайым келіншектің қоқыстан жа­салған ойыншықтарымен сәнделген ауланы көру үшін күн сайын көптеген азаматтар келіп, ондағы көздің жауын алатын түрлі бұйымдардың жанында тұрып суретке түсіп кетеді. Шебердің сөзіне қарағанда, шағын ойыншықтарды халық көңілін көтеру үшін жасаған. Ол көпқабатты үйдің кіреберісіне ілінген бұйымдарын қорғау үшін арнайы бейнебақылау орнатып қойыпты. Ауланың осылайша безендірілуі тұрғындарға қатты ұнаған.

Лариса Стародубиева өзінің туындыларын жасау барысында бос қалбырларды, ескі-құсқы киімдерді, жарамсыз қағаздарды қолданған. «Үйде керексіз болып қалған заттар жұмысымның қажетіне жарап отыр. Осындай шаң басқан бұйымдардан жаңа зат шығару ермегім еді, енді, міне кәсібіме айналды. Менің қолымнан шыққан бұйымдарды көрген екі компанияның өкілдері тапсырыс берді», - дейді шебер.

Жақында бауыр циррозымен ауырған 27 жасар келіншекке Шымкент қалалық жедел көмек көрсету ауруханасында операция жасалды, деп жазады аталған басылым "Бауырым бауырын берді маған..." атты мақалада.

Басылымның жазуынша, он екі сағатқа созылған операцияны Беларусь мемлекетінің бас трансплантологы Олег Олегович Руммо мен ОҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жұмағали Исмайлов, аталған аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Мәди Биғалиев сәтті аяқтаған.

"Операция ойдағыдай өтті, - дейді ел аузында «алтын қандауырлы дәрігер» атанған Мәди Биғалиев. - Науқас алғаш қаралғанда тез операция жасамасақ үш-төрт айда бәрі кеш болатынын ұқтық. Донор іздедік. Туған сіңлісі әпкесін жанындай жақсы көреді екен, бауырының жартысын беруге келісті. Мұндай күрделі ота бізде алғаш жасалғалы отырғандықтан Беларусьтен Олег Олегович Руммо бастаған тәжірибелі әріптестерімізді шақырдық. Науқастың цирроз бауырын алып тастап, орнына сіңілісінің жарты бауырын салдық. Қазір екеуінің де жағдайы жақсы".

***

«Хабардың» «алтын дәуірі» 2000 жылдардың басында өтіп кетті, мемлекеттік саясатты «жырлай» беретін бұл арнаны қазір ешкім көрмейді» деп жүргендер көп. Келер жылы эфирге шыққанына 20 жыл толатын арнаны расында, кімдер көреді? «Хабар» немен тыныстауда? деген сауалдарға "Айқын" газетіне кең көлемде сұхбат берген «Хабар» Агенттігінің Басқарма төрағасы Айдос Үкібаев жауап берген. Сұхбат "Игіліктерді насихаттаудың несі айып?" деген тақырыппен берілген.

Оның айтуынша, «Хабардың» жұмысының тиімділігін жарнамадан түскен табыспен есептеу дұрыс болмайды, өйткені бұл - коммерциялық өлшем. Мемлекет мұны талап етіп отырған жоқ. "Мемлекеттік арнаның жұмысын рейтинг құратын монополист компанияның статистикасына ғана сүйеніп бағалау әділетті ме? Меніңше, жоқ. Себебі рейтинг жүйесі біздің ақпараттық жұмысымыздың толық нәтижесінің көрсеткіші деп айта алмаймын. Және ауылдың, елді мекен тұрғындарының пікірі ескерілмейтін рейтингтің объективтілігіне күмәнмен қарауға рұқсат етіңіз", дейді А. Үкібаев.

Оның айтуынша, анығында "Хабарға" жүктелген міндет - мемлекеттің, Президенттің саясатын халыққа дұрыс жеткізу. Дұрыс жеткізу - жалаң сенсацияға ұрынбай, рейтингтің соңында кетпей, ақпаратты объективті, сенімді көзден беру. Бұл ретте «Хабар» мемлекет саясатын елге тиісті дәрежеде жеткізу миссиясын толығымен орындап отыр.

Сонымен қатар, аталған басылымда "Балалар батырлар жырын неге білмейді?" деген тақырыптағы мақала басылып отыр. Газеттің жазуынша, батырлар жыры халық өмірінің тұтас бір дәуірін жан-жақты қамти отырып, сол тарихи кезеңдегі батырлардың сыртқы жауларға қарсы ерлік күресін, ел ішіндегі әлеуметтік қайшылықтар мен тартыстарды бейнелейді. Бір қарағанда, «мұның барлығы бүгінгі ұрпаққа не үшін керек?» деген сауал туындайды. Өйткені ақпараты мол заманда батырлар жыры мен эпостарды оқып отыру уақыт алатын секілді. Шын мәнінде бұлай емес.

Батырлар жыры - тарихтың бір бөлігі, жастарды отаншылдыққа тәрбиелейтін тамаша ілім. Орыс зерттеушілер (Б.А. Рыбаков, Р.С. Липец, т.б.) және кейбір қазақ ғалымдары (Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев, т.б.) эпостық жырлардағы тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларға сүйене отырып, жыр мен тарихтың жақындығын тілге тиек еткен.

Бізге бұл жерде керегі - эпостарды жастар тәрбиесіне байланысты қолдану. Мәселен, көрші Қырғыз елінде екі баланың бірі Манас жырын жатқа айтады. Елімізде осындай елгезек балалар бар ма? Жұртты ойға қалдыратын сұрақ. Айталық, «Қобыланды», «Алпамыс» жырларын жатқа айтып, елді қайран қалдырған баланы осы күнге дейін көрмеппіз. Қызық оқиғаға қызықпайтын бала жоқ. Сондықтан мектепте әдебиет сабақтарында батырлар жыры мен эпостарды оқытудың тың тәсілін табу керек шығар. Мысалы, «Қобыланды» жырындағы Құртқа - батырға ат таңдап, болашақта қандай қиындық боларын алдын ала болжап отыратын көреген адам. Мүмкін осындай көрегендігімен, батырлығымен басқаларға үлгі болған кейіпкерлерді мультфильмге айналдырып, балаларды жыр жаттауға қызықтырып та көру керек шығар.

"Шүкір, бізде эпостар да, батырлар жыры да жеткілікті. Олардың барлығын кітапханаларда шаң басып тұрғанын да жасыруға болмас. Сондықтан әрбір шығарманы ел игілігіне айналдырудың амал-әрекеті керек-ақ" дейді мақала авторы.

***

«Время» газеті «Дождались момента» атты мақаласында рубльдің курсы өзгергеннен бері Ақтөбе облысының тұрғындары Ресейден Қазақстанға бұрынғыдан 15 есе көп автокөлік әкелгенін жазады.

Басылымның атап өтуінше, бұрын Ресейден Ақтөбе облысына бір айда ең көп дегенде 50 машина әкелінетін, соған сәйкес бюджетке салық ретінде 6 млн теңге түсетін. Бірақ рубльдің курсы құлағаннан бастап осы күнге дейін аталған облысқа 750-ден астам көлік әкелініп, бюджетке 88 млн теңге түскен.

Басылым мәліметінше, ақтөбеліктер көбіне ресейлік жаңа көліктерді әкелуде, сонымен қатар жаңа немесе ұсталған шетелдік маркалар да көп. Негізінен көлік әкелуге қала тұрғындары барады.