Балалар қамқорлық пен назарды ұдайы қажет етеді

АНА. Мамырдың 30-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Жыл сайын жаздың 1-ші күнінде Қазақстан да Балаларды қорғаудың халықаралық күнін атап өтеді. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, саябақтар мен алаңдарда театрландырылған көріністер, түрлі байқаулар өткізіліп, «тәтті» базарлықтар таратылады.
None
None

Балаларды қорғау күні ұғымында олардың өмірін соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беруді көздеген барша әлемдегі озық пікірлер тоғысқан десек, артық айтқандық емес. Дәл осы күні болашақта адамгершілікке, әділдікке, баянды өмірге толы қоғам құру үшін оның негізі - балаларға барлық жағдай жасау керектігі тағы да паш етіледі. Өйткені, бала - бұл өмірдің гүлі, ғаламшардың болашағы! Адам құқығы бала құқығынан басталады. Балаларға қатысты барлық іс-әрекеттерде, мейлі ол әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерімен айналысатын мемлекеттік, не жекеменшік мекеме болсын, соттар, әкімшілік немесе заңнамалық органдар болсын, баланың асыл мүдделерінің қамтамасыз етілуін басты назарда ұстауы тиіс. Өкінішке қарай, бұл қағидалар барлық елде, барлық жерде бірдей тиісті деңгейінде орындалмайды. Оның түрлі экономикалық, отбасылық-тұрмыстық және басқа да себептері бар.

 БҰҰ-ның жүргізген сауалнамасына жүгінсек, бүгінгі таңда әлемде балалардың тең жартысы психологиялық озбырлық пен қара күш әдетке айналған отбасыда өмір сүруде. Әрбір 10-шы бала ересектердің агрессиялық мінез-қылықтарының құрбаны болып отыр. Ал аш-жалаңаштық, соғыс өрті мен терактілерді көріп өсіп келе жатқан балалар қаншама. Дамыған елдерде күнде бес жасқа толмаған 35 мыңнан астам бала қайтыс болады. Өлім-жітімнің 60 пайызы сапасыз тамақ, уақтылы және сапалы көрсетілмеген медициналық көмектің салдары. Әдетте бұл айығып кетуге әсте болатын - өкпенің қабынуы, қантышқақ және қызылша аурулары. Бүгінде ашаршылық 5,6 миллион баланың өлімінің себебі болып отыр. Бұл бала өлім-жітімінің жалпы көрсеткішінің тең жартысы. Бүгінде өркендеуші елдерде ашты-тоқты өмір сүретін бес жасқа дейінгі балалардың саны 146 миллионға жетіп отыр, яғни бұл ғаламшардағы барлық баланың 27 пайызы. ЮНИСЕФ (БҰҰ) мамандары озық технологиялар мен жаңашылдықтар кезеңіне аяқ басқан ХХІ ғасырда біздің ортамызда 100 миллионға жуық бала мүсәпір күн кешіп жүргендігін айтып, егер жағдай осы қалыпта ушыға беретін болса, олардың саны 800 миллионға жетеді деп дабыл қағуда.

 ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқықтарын қорғау комитетінің үстіміздегі жылғы сәуір айында келтірген мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған барлығы 46 мың 126 бала бар. Мемлекеттің қамқорлығына алынған балалардың 3 мыңға жуығы әке-шешесі қайтыс болып, асыраушысыз қалған тұл жетімдер болса, қалған 13 мың 418 бала әлеуметтік жетімдікке ұшырағандар. Яғни, олар бөтелке соңына түскен маскүнемдердің, «ойнақтап жүріп, от басқан» қыздардың, көше бойын жағалаған зинақор әйелдердің бақытсыз құрбандары. Оның үстіне, елімізде «Неке және отбасы туралы» заң қабылданған 1998 жылдан бері 7 мың 500 қазақстандық баланы кіндік қаны тамған елінен айырып, шетел асырып жіберіппіз. Бұл республика бойынша жалпы асырап алынған балалардың 22,3 пайызын құрайды. Оның 90 пайызы дене және психикалық даму жағынан жетілмеген, тұқым қуалайтын ауруларға шалдыққандар көрінеді. Балалар құқын қорғау комитеті «денсаулығында кінараты бар балаларды асырап алатын шетелдік азаматтар, оның денсаулығы үшін қымбат емдер жүргізіп, операциялар жасауға жағдай қарастырады» деген көңіл жұбататын сөздерді алға тартып отыр. Дегенмен бізді мыңдаған қара көзді, олардың қалауын білместен жат елге жібергенімізді былай қойғанда, «өзге елдің жарым-жарты балалары оларға не үшін керек болды, перзент сүюді армандағандар неліктен дені сау бала асырап алмайды?»,- деген сұрақ мазалайды.

Әрине, тоғыз ай бойы құрсақ көтеріп, нәрестені дүниеге әкелуге жаны қиналмағаннан кейін, тым құрымағанда ол баланың сауығып кетуіне еңбегін сіңіргісі келетіндер бар шығар. Бірақ олардың бәрі бірдей ертеңгі күнге аяқ-қолы бүтін болып жететініне не кепіл?! Олардың жүректерінде өз Отанына, өз халқына деген өшпенділік сезімнің болмасына кім кепіл?! Бизнес көзіне айналып бара жатқан жетімдеріміздің дені сау болсын, ауру болсын ол біріншіден Қазақстан Республикасының азаматы емес пе. Бала асырап алу тұрғысындағы қазақстандық азаматтардың белсенділігіне тоқталсақ, аталмыш уақыттан бері қарай Қазақстан Республикасының азаматтарына 25 мың 785 бала отбасылық асырап алуға берілген екен. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандарға бей-қам қарамайтын азаматтардың өз ортамыздан да шығып жатқаны, әрине, қуантарлық. Бірақ мұнда да жағдай мәз емес. Себебі, бала тәрбиесі асқан жауапкершілік пен қосымша қаржылық шығындарды қажет ететінін кеш түсінген кейбір ата-аналар 182 баланы өз ұясына қайта әкеліп тастаған көрінеді. Бұл онсыз да мына өмірге мәңгілік мұң-шерін арқалай келген сәбилердің санасына жазылмайтын жара салатыны анық. 2007 жылы және 2008 жылдың бірінші жартыжылдығында ҚР Прокуратура органдары елімізде кәмелетке толмаған жеткіншектердің тәрбиесімен айналысатын (балалар үйлері мен интернаттар) 340 мекеменің 102-сіне тексеріс жүргізді. Нәтижесінде балалар мекемелерінде дәлелсіз себеппен 178 бала жоқ болып шықты. Сөйте тұра, олардың тек 84-іне ғана іздеу жарияланған. Ал Алматы қаласындағы кәмелетке толмағандарды уақытша бағып-қағуға арналған мекемедегі тексеріс кезінде құқық органдары осында болуға тиіс 14 баланың орнында 6 баланы ғана тапқан. Оның үстіне әлгі 6 баланың 4-уі ондағы жасөспірімдердің жоқтығын жасыру үшін әкелінген мекеме қызметкерлерінің туыстары болып шықты. Сонда саны жетпеген балалар із-түссіз қайда ғайып болды? Олар ауқатты адамдардың шаруашылық жұмыстарына жалға берілуде, олар балалар мекемелері қызметкерлерінің заңнан тыс әрекеттеріне, қатыгездіктері мен қорлықтарына шыдамай дала кезіп жүр. Бір ғана мысал, Ақмола облысындағы жетім балаларға арналған №8 мамандырылған лицей директоры 3-ші дәрежедегі мүгедек баланы ауыл адамдарына жұмысшы ретінде ұдайы жалға беріп отырған. Дүренің астына алынған кемтар баланы көлік прокуратурасы Көкшетау стансысы теміржол вокзалы ғимаратының маңынан тауып алған. Анықталғандай, ол 15 күн бойы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Шалқар ауылында ықтиярсыз ұсталып, жұмысқа пайдаланылған.

Қазақ «жетім көрсең жебей жүр» деген. Бірақ осындай жекелеген азаматтардың пасық іс-әрекеттерінен күн өткен сайын бұл жастар қанын ішіне тартып, қоғамнан кек алуға тырысатыны түсінікті. Жүрегіне түскен мәңгілік дақпен, бойын кернеген ыза отымен қылмыс жасауға бой ұрады. Оның бір дәлелі - өткен жылдың он айында балалар тарапынан 1 мың 334 ауыр қылмыс жасалды. Қылмыстық жауапкершілікке тартылған 6 мың 125 кәмелетке толмаған жеткіншектің 2 мың 692-сі мектеп пен лицей оқушылары. Кез-келген адамды бей-жай қалдырмайтын бұл сандарды естіп-көргеннен кейін дені сау, өнегелі ұрпақ өсіріп жатырмыз деп көсіліп айтуға ұятымыз жібермес. Әрине, бейкүнә балаларды мұндай күйге түсірген, олардың бастан кешіп отырған сан қайғыларына біз - үлкендер кінәліміз. Өмір есігін ашпай жатып, жарық дүниемен қоштасып жатқан сәбилердің өліміне де кінәлі мына біздер, біз тұрып жатқан қоғам. Қала берді, көше кезген қаңғыбастар мен маскүнемдердің, нашақорлардың сондай күйге түсуіне де тұтастай қоғам кінәлі. Бүгінде елімізде 5 миллионнан астам бала бар. Оның 1 миллион 600 мыңнан астамы мектеп жасына дейінгі жеткіншектер, ал 3 миллионнан астамы мектепте оқиды. Халық даналығында бала тәрбиесімен нәресте ана құрсағында жатқан кезден бастау керек деп тегін айтылмаған. Түріктің жазушы-философы Фетхуллаһ Гүлен жазады: «Бес жасқа дейін баланың түпсанасы кез-келген ақпаратты тез қабылдап алатын аса қабілетті кезеңі, сол себепті де осы аралықта балаға қолдан келгенше жақсы үлгі көрсету қажет». Осы тұста сондай-ақ ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан - 2030» стратегиясында жазған: «...Егер біз аса өнегелі қоғам болғымыз келсе, біз ата-аналардың балалар алдындағы жауапкершілігін арттыруымыз керек», - деген сөзі де еске түседі. Мұнда Елбасы елiмiздегi жетiм, тастанды және ата-анасының қарауынан айырылған балалардың көптiгiне, балалар үйлерi мен интернат мекемелерiнiң қазiргi жай-күйiне, ана мен сәби өлім-жітіміне назар аудартып отыр. Әрбір адамның болашағы балалық және жастық шағында көргендері мен алған әсеріне тікелей байланысты. Ұлттық рухы кемелденген, тәрбиелі ұрпақ өсіреміз десек, олардың тән саулығына қалай мән беріп отырсақ, жүрегі мен рухани өміріне де сондай жауапкершілікпен қарауымыз керек. Өз қолымызбен қалыптастырып кеткен дүниеде өз ұрпағымыз өмір сүретінін ұмытпау қажет. Балалардың шаттыққа толы таза күлкісі, кіршіксіз жан-дүниесі, жалпы олардың бұ дүниеде бар болуы дүниенің қиындығынан шаршаған әрбір ата-ананың бойына нәр беріп, жарқын болашаққа құлшынысын оятары сөзсіз. Сондықтан, балаларымыз үшін балаларды қорғау мерекесін күнде атап өтсек те артық болмас!

ҚазАқпараттың анықтамасы:
Халықаралық балаларды қорғау күні - халықаралық мейрамдардың бірінен саналады. Оны өткізу жөнінде шешім 1949 жылдың қараша айында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды. Мейрам дүниежүзілік ауқымда алғаш рет 1950 жылы атап өтілді. БҰҰ аталған бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырды. 1994 жылы Қазақстан Республикасы да тәуелсіз мемлекет ретінде Нью-Йорк қаласында қол қойылған Бала құқығы туралы конвенцияны ратификациялады. Оған сәйкес оның құрамына кіретін мүше-мемлекеттер өз юрисдикциясы аумағында әрбір балаға, нәсілі, жынысы, тілі, діні, ұлттық, этникалық және әлеуметтік болмысына қатысты басқа да нанымдарына байланыссыз, денсаулық жай-күйі, оның ата-аналары мен заңды жебеушілеріне, басқа да жағдайларға қатыссыз ешбір кемсітпей, Конвенцияда белгіленген барлық құқықтарды қамтамасыз етіп, құрметтеуі тиіс. Осы жылы Қазақстанда БҰҰ Балалар қорының өкілдігі құрылды.

Соңғы жаңалықтар