Балалар контенті креативті индустрияның маңызды бағытына айналмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Креативті индустрияларды дамыту қоры таланттарды қолдап, жаңа жобаларды іске асыруға және отандық өнімді халықаралық нарыққа шығаруға басымдық беріп келеді. Қордың бүгінгі жұмысы мен алдағы жоспарын басқарушы директор Алмас Сағынұлы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында бөлісті.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстандағы креативті индустрия 12 негізгі бағытты қамтиды. Оның ішінде IT мен геймдевелопмент, кино, анимация, сәулет, сән индустриясы, фотоөнер және қолөнер салалары қарқынды дамып келеді. Ең көп креатор Алматы, Түркістан және Қарағанды облыстарында тіркелген. Ал Астана, Алматы және Шымкент бұл көрсеткіш бойынша көш бастап тұр.
— Креативті хабтар Қазақстанның барлық 20 өңірінде ашылды. Бұл жұмыс екі жыл ішінде аяқталды. Соның нәтижесінде креативті инфрақұрылым өңірлерде де қолжетімді бола түсті. Сонымен қатар Мәжілісте креативті индустрияға қатысты 43 экономикалық қызмет түрінің қорғалуы да саланың дамуына серпін берді, — деді Алмас Сағынұлы.
Ол креативті индустрияға көрсетілетін мемлекеттік қолдау жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өтті. 2022 жылы Креативті индустрияны дамыту тұжырымдамасы қабылданса, бүгінде Astana Hub арқылы IT-стартаптарға қаржылық және білім беру қолдауы көрсетілуде. Сондай-ақ жасанды интеллект, анимация және геймдев бағыттары қарқынды дамып келеді. Цифрлық платформалардың кеңеюі қазақстандық орындаушылардың әлемдік аудиторияға шығуына жол ашса, кино өндірісі жаңа жобалармен тұрақты түрде толықтырылып отыр.
Қор балаларға арналған қазақ тіліндегі креативті контентті көбейтуді де басым бағыттардың бірі ретінде айқындаған. Бұл бағытта кітаптар, иллюстрациялар мен анимациялық жобаларды қолдауға ерекше назар аударылып отыр.
— Балалар контентіне көбірек мән беру керек. Жақында 13 жастағы қыз қазақ тілінде боямақ әзірледі. Мұндай жобалар біздің нарықта әлі де аз, — деді ол.
Осы бастаманың жалғасы ретінде қор «Qyzyl Book Art: Дала қазынасы» республикалық сурет байқауын өткізіп жатыр. Байқау Қызыл кітапқа енген жануарлар мен өсімдіктер тақырыбы арқылы оқушылардың табиғатты қорғауға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Оған еліміздің барлық өңірінен 1–11 (12)-сынып оқушылары қатыса алады. Жұмыстар үш жас санаты бойынша қабылданып, заманауи өнер, street art және эксперименталды бағыттарды қамтиды.
— Өтінім қабылдау 5 маусым мен 27 шілде аралығында жүргізіледі. Байқау қорытындысында үздік жұмыстардан Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарлар мен өсімдіктерге арналған «Qyzyl Book Art: Дала қазынасы» арт-кітабы жарық көреді, — деді Алмас Сағынұлы.
Еске салайық, Creative Aimaq жобасы аясында Солтүстік Қазақстан облысының креаторлары 4,9 млн теңгенің өнімін сатты.