Балалар лагерьлерін лицензиялауды жазға дейін толық енгізу қажет — Нұргүл Тау

АСТАНА. KAZINFORM — Балалар лагерьлерін лицензиялауды 2026 жылдың жазына дейін толық енгізу қажет. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына сауал жолдаған депутат Нұргүл Тау айтты. 

нұргүл тау
Фото: Мәжілс

— Елімізде жыл сайын тек жаз айларында көтеріліп, маусым аяқталған соң қайта ұмыт қалатын өзекті мәселе бар. Ол — балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және балалар лагерьлерінің қауіпсіздігі мен қызмет сапасын мемлекеттік деңгейде жүйелеу. Мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылы республикада жыл бойы жұмыс істейтін 17 сауықтыру орталығы қызмет көрсеткен. Онда 19 мыңға жуық бала демалған. Тек 2 орталық қана жекеменшік иелігінде. Сондай-ақ, 192 маусымдық лагерьде 225 мың бала демалған. Оның 120-сы — мемлекеттік, 72-сі — жеке меншік лагерь, — деді депутат.

Оның айтуынша, сұранысқа сәйкес жекеменшік сектор заман талабына сай, бала демалысына қолайлы етіп, өз жер телімдеріне қала сыртындағы лагерьлер салып жатыр. Алайда, олардың жұмысы жүйелі түрде заңдастырылып, бизнес субъектілері құқығының қорғалмауы және мемлекет тарапынан лайықты қолдау таппауы саланың дамуын тежеуде. Сол себепті де нарыққа тек пайданы көздеген кәсіпкерлер еніп, материалдық-техникалық базасы өте төмен, мамандарының кәсіби құрамы сай келмейтін балалар лагерьлерін ашып, төмен сападағы қызмет көрсетіліп жатыр.

Осы орайда ол балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету үшін бірқатар шараны қабылдауды ұсынды. Атап айтқанда, ең алдымен балалар лагерьлерін лицензиялауды кейінге қалдырмай, 2026 жылдың жазына дейін толық енгізу қажет. Оның талаптарын арнайы құрылған жұмыс тобында жекеменшік лагерьлері өкілдерімен бірге пысықтап, әзірлеу керек.

— Екіншіден — Премьер-министрдің бұрынғы өкімі негізіндегі мемлекеттік үйлестіру механизмін қайта енгізу. Қазіргі таңда балалар демалысы ведомствоаралық меморандуммен ғана реттеледі. Бұл жеткіліксіз. Үшіншіден — балалар лагерьлері үшін жеке ОКЭД кодын енгізу. Қазіргі жіктеуде балалар лагері қонақүй немесе база ретінде көрсетіледі, бұл сала сипатын толық ашпайды. Төртіншіден — жекеменшік лагерьлерге мемлекеттік қолдау шараларын енгізу. Нақтырақ айтқанда, «Даму» қоры арқылы төмен пайызды несие, жан басына шаққан қаржыландыру, инфрақұрылымдық қолдау тетіктері қажет, — деді Нұргүл Тау.

Сонымен қатар ол бесіншіден, мемлекеттік сатып алуда «ең төмен баға» принципінен, яғни демпингтен бас тартуды ұсынды.

— Алтыншыдан, балалар демалысын электронды автоматтандырылған форматта жанбасылық қаржыландырумен жүзеге асыру ұсынылады. Балалар лагері — жай ғана маусымдық қызмет емес, бұл — баланың денсаулығы, қауіпсіздігі және құқықтарының сақталу мәселесі, — деді Нұргүл Тау. 

Айта кетелік балалар лагерьлеріне лицензия енгізілетіні туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар