Балалар мен жасөспірімдер арасында семіздік көбеюде - Шәміл Тәжібаев

АЛМАТЫ. Маусымның 2-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Қазіргі таңда артық салмақ мәселесі бүкіл әлемдегі күрделі іске айналып отыр.
None
None

Дүние жүзінде семіздік пен артық салмақ қосқан адамдардың саны 2 миллиардқа жетті. Қазақстанда 4 миллионнан астам адам семіздікке шалдыққан. Бұл біздің елімізде тұратын халықтың санын ескергенде, үлкен көрсеткіш болып табылады. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында артық салмақ қосу көбеюде. Бұл алаңдататын жағдай. Бұл туралы бүгін Алматыда «Қазақстандағы семіздік және артық салмақ» атты тақырыппен өткен баспасөз мәслихатында Қазақ тағамтану академиясының вице-президенті, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жанындағы Халықаралық жобалар институтының директоры, профессор, медицина ғылымдарының докторы Шәміл Тәжібаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, балалар мен жасөспірімдер арасында семіздікке шалдығу Еуропа елдеріне қарағанда бізде бүгінгінде 10 есеге өскен. «Қазіргі уақытта 5 жасқа дейінгі балалардың 11,4 пайызы артық дене салмағына немесе семіздікке шалдыққан. Ол дегеніміз, егер бала кезден семіздік басталса, ол ересек уақытында да жалғаса береді, яғни өмір бойы артық салмаққа ұшырайды. Семіздіктің жүрек ауруына себеп болатынын ескерсек, бұл оның алдын алуды қажет етеді. Ал, жүрек ауруынан өлім бойынша Қазақстан 1-ші орынға шығып отыр. Елімізде 50-60 жас аралығындағы адамдардың екіден бірі осы жүрек ауруынан дүниеден өтуде. Бұл мәселенің алдын алу және емдеу бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арнайы бағдарламалар дайындауды қажет деп тапса да, елімізде әлі күнге дейін ешбір арнайы ұлттық бағдарлама жоқ», деді Ш. Тәжібаев.

Жиын барысында сонымен қатар, «ГлаксоСмитКляйн» компаниясы семіздік және артық салмақпен ауыратын адамдарға тиімді көмектесу мақсатында емдәм тиімділігін арттыратын, салмақты түсіруге арналған жаңа АЛАЙ препаратының таныстырылымын өткізді. «Бұл Қазақстанда тіркеуден өткен салмақты төмендетуге арналған бірден бір медициналық препарат. Препарат Қазақстанда клиникалық тексеруден өтті және шет елдерде де 100-ден аса клиникалық тексерулерден өтті, дәріханаларда еркін сатылады. ТМД мемлекеттерінің ішінде әзірше ол Қазақстан тұрғындарына ғана қолжетімді болып отыр. Салмақты азайтуға арналған препарат артық салмақ пен семіздік мәселесі бар адамдар үшін үлкен көмек болады деген сенімдеміз», деді «ГлаксоСмитКляйн» компаниясының ТМД мемлекеттері бойынша бас директоры Андрей Крюков.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша 2015 жылға қарай 2,3 миллиард ересек адам артық салмаққа ие болып, ал 700 миллион адам семіздікке шалдықпақ. Қазақстанда жүргізілген ұлттық зерттеулер бойынша 2008 жылы 25-29 жас аралығында әрбір екінші әйел (50,6%) және біршама азырақ пайызда ер адамдар (45,4%) семіздік пен артық салмаққа шалдыққан.

Мамандар артық салмақ ауруының жылдам дамуын калориялы тағам өнімдерінің қолжетімділігінің артуымен және физикалық белсенділіктің төмендеуімен байланыстырып отыр.

Соңғы жаңалықтар