Балалар тілі не себепті жай шығуда, ата-аналарға не істеген жөн – логопедпен сұхбат

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – «Бала тілі – бал» дейді қазақ. Бірақ бүгінде сол балдырғандардың тілі тым жай шығып, ата-аналар дабыл қағуда. «Бұның себебі неде?», «Не істеу керек?» деген маңызды сұрақтардың жауабын алу үшін өскемендік логопед Лаура Майлыбайды әңгімеге тартып көрген едік.

Лаура Майлыбай
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Қазіргі балалар тілінің тым жай шығуына не себеп деп ойлайсыз?

- Оған бірнеше фактор әсер етуде. Ең әуелгісі, бала іште жатқандағы ананың физиологиялық жай-күйі, қандай да бір генетикалық аурулармен ауыруы. Келесісі, ата-ананың баламен сөйлеспеуі. Көбісі жылаған ұл-қызы тынышталсын деп қолына телефон ұстата салады. Кейбір балалар теледидардан, планшеттен кешке дейін мультфильм көріп жатады. Ол тіл шығуын ғана кешеулетпейді, көзге, жүйке жүйесіне де зақым келтіреді. 

- Бала тез сөйлеп кету үшін ата-анасы не істеу керек?

- Ананың генетикалық ауруы болса соны емдеудің жолын қарастыру қажет. Жалпы жүкті әйелдің көңіл-күйінің көтеріңкі болып жүруіне мән берген дұрыс. Қасындағы күйеуі, ата-енесі оған қамқорлық танытып, қуантып жүргені ләзім. Себебі бұның барлығы іштегі балаға әсер етеді. Содан кейін сәби дүниеге келген соң ата-аналардың өздері телефон мен теледидар көргенді шектеуі керек. Үлкен смарт теледидардан қаншама шу бөлінеді. Тіпті бала оны көрмегеннің өзінде жай экранның алдында отырса оның сәулесі миына зақым келтіріп, ойлау, сөйлеу қабілеттерін тежейді. Сол үшін балаларыңызбен жиі сөйлесіңіздер, бірге ойнаңыздар. 

Бала
Фото: Kazinform

Қазақта «Бала ақылы – саусағының ұшында» деген сөз бар. Бізді қаршадай кезімізден қарақұмық, күріш тазалатқызатын. Осылай қол моторикасының дамуына ықпал етті. Сәйкесінше ол тіліміздің шығуына сеп болды. Қазір баласына күріш тазалатқызатындар жоқтың қасы. Бәрі мазамды алмасыншы деп телефон беріп қояды. 

- Сізге ата-аналар жиі жүгініп жата ма? Тілі шықпай жүрген баламен қалай жұмыс істейсіз?

- Иә. Бұрын бір ғана кабинетім болатын. Онда баламен тіл, жақ, ерін, тіспен жұмыс істеу арқылы дыбысын қоятынмын. Дегенмен бүгінгі балалардың көбінде сенсорлық жүйелерінде бұзылыс бар. Түсінікті тілмен айтқанда, бұл – бала тепе-теңдігінің бұзылуы, терісінің тым сезімталдығы немесе мүлде сезбей қалуы. Иіс сезу, көру, есту қабілеттерінің нашарлауы да осы тілдің жай шығуына ықпал етеді. Сондықтан мен мемлекеттен 5 млн теңге мөлшерінде қайтарымсыз грант алып, үлкен орталық аштым. Ондағы гидромассаж бөлмесі баланың терісін қалыпты сезуіне көмектессе, бейімделген спорт маманы (АФК) балдырғанның буын мен бұлшық еттерінің жұмыс істеуіне, қол мен көздің кординациясын дұрыстауға жәрдем етеді. Топтық және жеке сабақтар жүргіземіз. Құдайға шүкір, оңды нәтижелеріміз аз емес. 

Бала
Фото: Kazinform

- Көбісі баласын неше жастан логопедке апарарын білмей жатады. Негізі қай жаста көрсеткен дұрыс?

- Әр баланың физиологиялық дамуы болады. Мысалы, 2-4 ай арасындағы сәби «ууу» деп дыбыстауы керек. 6-9 айда «ба-ба-ба, ма-ма-ма, па-па-па» деп былдырласа, 9 айдан 1 жасқа дейін «мама», «папа» деп қосып айта алуы тиіс. Егер бір жарым жасқа дейін осындай даму байқалмаса маманға қаралған дұрыс. Ал атын атағанда қарамаса, ешкіммен қарым-қатынасқа түспесе невропатологқа көрсету қажет. Кейбіреулер «атам 4 жасында сөйлеген», «апамның тілі 5-ке толғанда шыққан» деп уақытты өткізіп алады. Бұл мүлде қате. Уақыт оздырмай ертерек қам жасаңыздар. 

- «Р» әрпіне тілі келмейтіндер бар. Логопедке барса кез келген адамның тілін «р-ға» келтіруге бола ма?

- «Р» әрпін айта алмай жүргендердің арасында маған келгендердің ішінде ең жасы үлкені 15-те болды. Ол бір айдан кейін сол әріпті айтып кетті. Негізі «р» әрпі 5 жастан бастап қойылатын дыбыс. 3-4 жастағы балаға үйретпейміз. Егер 5 жастағы бала келсе 10 күннің ішінде нәтиже болады. Жасы өскен сайын үйрену уақыты да созыла түседі. 

Бала
Фото: Kazinform
Соңғы жаңалықтар