Балалар үйінің тәрбиеленушілері сотталғандарға салған суреттері мен жасаған бұйымдарын сыйға тартты - ФОТО
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Степногор қаласындағы №4 балалар үйінің тәрбиеленушілері ЕЦ-166/18 түзету мекемесінде сотталғандарға өздері салған суреттер мен қолмен жасаған бұйымдарын сыйға тартты.
Аталған түзету мекемесінде мерзімін өтеп жүргендер жетім балалардың өз қолдарымен жасаған өнер туындыларын аса бір қызығушылықпен тамашалады. Өйткені,сотталғандардың көбінің отбасы, балалары бар көрінеді. Сондықтан балалар үйі тәрбиеленушілерінің туындыларын тамашалаған олар өз балаларымен қауышқандай әсер алды.
«Осындай шараның үйінде туған-туыстары, жанұялары мен балалары барын және солармен тезірек көрісу керек екенін сотталғандардың санасына сіңіруде маңызы зор», дейді ЕЦ-166/18 түзету мекемесінің отряд басшысы Арман Лекеров.