Балаларды суда және өрт кезінде құтқару дағдыларына үйрету қажет – Олжас Бектенов

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет басшысы Олжас Бектенов балалар қауіпсіздігін қамту мақтасында бірқатар құзырлы органдарға тапсырма берді.

құтқарушы
Фото: Jibek Joly TV

- Өз кезегінде, мемлекеттік органдар балалардың жазғы демалысы мен сауықтыру шараларын жақсы өткізу үшін қажетті жағдай жасағаны жөн. Бірде-бір бала назардан тыс қалмауға тиіс. Көп балалы, аз қамтылған және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларды қолдауға басымдық берілсін. Әкімдер балалар лагерлерінің ашылуын және олардың санитариялық-эпидемиологиялық, өртке, терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін жеке бақылауға алсын, - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында. 

Сондай-ақ Премьер-министр Денсаулық сақтау министрлігіне жазғы каникул кезінде балалардың тамақтануына тұрақты санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. 

- Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен бірлесіп су айдындары мен бассейндерде құтқару жабдығының болуын тексеріп, персоналды суда және өрт кезінде балаларды құтқару дағдыларына үйрету қажет. Ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету үшін әрбір балалар орталығы мен лагеріне, көпшілік іс-шаралар өтетін орындарға учаскелік полиция инспекторларын бекітуге тиіс, - деп толықтырды Үкімет басшысы. 

Бұған дейін Олжас Бектенов мектеп бітіру кешінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажеттігін айтты. 

Соңғы жаңалықтар