Балаларды өз тәрбиесіне алған қамқоршылар туралы ескі нормалар қайта қаралуы қажет - Әсия Хайруллина
АЛМАТЫ. Қарашаның 6-сы. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - Қазақстан заңнамасына сәйкес балаларды ақысыз өз тәрбиесіне алған қамқоршылар мен қорғаншылардың басым көпшілігі зейнеткерлер.
Балаларды бағушылардың 90 пайызының табысы төменгі деңгейде. Оларға арналған арнайы қорғаншылық жәрдемақы көзделмегендіктен, өскелең ұрпаққа толыққанды күтім көрсету, білім және тәрбие беруге өз зейнетақылары көлемінде шамасы жете бермейді. Бұл туралы бүгін Алматыда Қазақстан қамқоршылар одағының бірінші конференциясында «Шығармашылық бастамашы әйелдер лигасы» қоғамдық бірлестігінің президенті Әсия Хайруллина мәлім етті, деп хабарлайды, ҚазАқпарат.
«Экономикалық дағдарыс жағдайында қамқоршылық пен қорғаншылықты қолдау өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан, біздер, 28 мыңнан астам қазақстандық балалардың туған отбасынан айрылмауына мүмкіндік беріп, жетім балалардың мүдделері мен құқықтарын қорғауда маңызды мемлекеттік міндет пен әлеуметтік борыштарын өтеп отырған қамқоршылар мен қорғаншыларды қолдауға бар күшімізді жұмсауымыз қажет», деді Ә. Хайруллина.
Оның айтуынша: «Бүгінгі күні жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды сүйіспеншілігіне бөлеп, тәрбиелеуді өз жауапкершілігіне алған қамқоршылар арқасында жолы болып, балалар үйі немесе интернатқа бармай, туыстары мен жақындарының арасында тұрып жатқан осындай балалардың проблемалары қоғам назарынан тыс қалған. «Бұл санаттағы отбасылар қолайсыз әлеуметтік-экономикалық жағдайда өмір сүруде», деді Ә. Хайруллина.
Бүгінде, Қазақстан қамқоршылар одағы бүкіл Қазақстан бойынша 1000-нан аса қамқоршыларды біріктіріп отыр.