Балалардың жоғалуы туралы өтініштер келіп түскен жоқ - Маңғыстау облысының ІІД
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желілерде Маңғыстау облысында тұратын 10 жасар қыз баланың өзін көлікке отырғызбақ болған ер адамдар туралы баяндап тұрған бейнежазба жарияланды.
Тұрғындардың ғана емес, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің назарына түскен бұл бейнежазба бойынша бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Маңғыстау филиалында болған брифинг кезінде аймақтық ішкі істер департаментінің өкілдері түсініктеме берді.
«Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментіне балалардың жоғалуы туралы өтініштер келіп түспегені туралы ресми мәлімдегім келіп отыр. Біз бейнебаянның кейіпкері мен оның ата-анасын іздеп таптық. Куәгер адам - қыз баланың айтқанын растамаған егде жастағы ер адамды да таптық», - деп хабарлады Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті криминалдық полициясы басқармасының бастығы Мэлс Жүсіпов.
Оның айтуынша, қазіргі кезде көрінеу жалған мәліметтерді таратқан тұлғаларды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық кодексінің 419-бабына («Қылмыстың жасалуы туралы көрінеу жалған шағымдану») сәйкес оларды айыппұл төлеу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазалау күтіп отыр.
«Аймақтың әрбір мектебінде кәмелеттік жасқа толмағандармен жұмыс жүргізетін инспектор кезекшілік атқарып отыр. Мектептердегі сабақтар кесте бойынша жүргізіліп келеді. Ата-аналар мен балаларды қауіпсіздік ережелерін сақтап жүруге шақырамын», - деп атап өтті М.Жүсіпов.