Балаларға арналған қазақша кітаптардың таралымы аз болғандықтан, еліміздің түкпір-түкпіріне жетпей жатыр - Қанат Қайым

ЛМАТЫ. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Сәуірдің 2-сі - Халықаралық балалар кітабы күні. Осы күнге орай ҚазАқпарат тілшісі «Балалар кітабы» қоғамдық қорының президенті Қанат Қайыммен аталған саланың бүгінгі ахуалы мен өзекті мәселелері турасында өрбіген сұхбатты назарға тартады.
None
None

- Қанат Қабділрашидұлы, елімізде балаларға арналған кітаптардың бүгінгі шығарылымы қалай, аз ба, көп пе? - Балалар кітабының шығарылымы бұрынғыға қарағанда жақсы. Кейбір адамдар балалардың кітаптарын таппай жатамыз деп айтып жатады. Сондай-ақ шығарылмайды деп жатқандар да бар. Мен оларға балаларға арналған қазақ тіліндегі кітаптар көп екенін айтқым келеді. Бірақ қазақ тілді кітаптардың данасы аз болғандықтан, еліміздің түкпір-түкпіріне жетпей жатыр. Қазіргі уақытта мемлекеттік тапсырыс бойынша баспалардан шығатын кітаптардың ең көп таралымы 2000-нан аспайды. Республикамызда 12 мың кітапхана бар. Ол кітаптар еліміздегі кітапханалар мен оқу орындарына тегін таратылып берілетіндігі белгілі. Бұл 2000 дана кітапханалардың өзіне де жетпей жатыр, сондықтан оқырмандардың да қолына түспейтіні содан. Мемлекеттік тапсырыспен шығарылатын кітаптардан бөлек, жеке меншік баспалар да көптеген балаларға арналған кітаптар шығарып жатыр. Елімізде «Балауса», «Балалар энциклопедиясы», «Балалар әдебиеті», «Алматы кітап», «Ол-жас», «Қазақ энциклопедиясы», «Баян жүрек» және тағы да басқа көптеген балалар кітаптарын шығаратын баспалар бар. Ол баспалар тек балалар кітабын шығармайды, басқа да кітаптарды шығарады. Олардың да кітаптары өздері жалдап отырған жердегі кітап сататын жалғыз бұрыштан ары ұзамайды. Кеңес Үкіметі кезінде әр баспа өзінің бағыты бойынша кітап шығаратын. Мысалы, бұрын «Жалын» баспасы жасөспірімдерге ғана арналған кітап шығарса, «Балауса» баспасы балаларға, «Қайнар» баспасы ауыл шаруашылығына арналған кітаптарды шығаратын. Меніңше, әр баспа осылай бір бағытта кітап шығарғаны дұрыс. Қазір нарық заманы болғаннан кейін әр баспа өзінше өмір сүріп, тіршілігін жасауда. Одан кейін, көпшілігі қазақ тіліндегі кітаптардың бағасы қымбат деп жатады. Оның себебі, біз өндіруші материалдардың барлығын, қағаздан бастап, бояуға дейін шет елден, Қытайдан, Ресейден, басқа да елдерден алып келеміз, сондықтан ол да кітаптың қымбат болуына апарады. Одан кейін кітаптың тиражы аз болғандықтан кітаптың бағасы да қымбат. Міне, осындай мәселелерден кейін қазақ тілінде шыққан балалар кітаптары қымбат. Ресейде тираж үлкен, олар кітаптарын ТМД елдерінің барлығына таратады, олардың кітаптары сондықтан да арзан, әрі көп.

- Ал бүгінде кітап тарату жағы қалай іске асуда? Кітап таратумен айналысатын арнайы мекеме бар ма? Біз неге көшелердің әр бұрышынан, барлық дүкендерден әлі күнге дейін балаларға арналған орыс тіліндегі кітаптарды ғана көп көреміз. Қазақ тіліндегі кітаптар қара базарға барсаң толып тұрады. Сонда қазақ тіліндегі кітаптарға дүкендерде орын жоқ болғаны ма?

- Оның себебі, орталықтандырылған кітап сауда жүйесі жоқ. Кітап тарату мәселесін Кітап шығарушылар және таратушылар деген қауымдастық отырысында да, басқа да министрліктегі жиындарда бұл мәселе көтеріліп те, айтылып та жатыр. Кеңес үкіметі кезінде мемлекеттік баспа комитеті «Госкомиздат» деген болатын, осы комитеттің қарамағындағы кітап шығаратын баспалар, содан кейін кітап саудасымен айналысатын, жоспарлау мекемелер арқылы жүргізілетін. Алдыңғы жылға, бір жыл бұрын алдын ала жоспар құрылатын, кітап саудасымен айналысатын арнайы адамдар «книгаторгтер», сонымен қатар «бибколлекторлар» сараптап, санақ жүргізетін, яғни қанша дүкенге, мектепке ауданға, ауылға неше кітап керек екендігін есептеп, алдын-ала тапсырыс беріп отыратын. Сол есеп бойынша баспалар кітап шығаратын. Осындай орталықтандырылған мызғымас кітап сауда жүйесі бар болатын. Қазір бізде бұл жұмыспен арнайы айналысатын мекеме жоқ. Егемендігімізді алғанымызға бірталай жыл болып қалса да, әлі күнге дейін кітап саудасының, кітап таратудың қалыптасқан нақты жүйесі жоқ. Кезінде болған жүйенің бәрі қазір құрыған. Мен сол жақсы жүйені қайтадан қалыптастырса деймін. Қазір әр баспа өз күнін өзі көріп отыр. Өз жүйесін өздері жасауда. Мысалға «Ата-мұра» баспасының кітап сату жүйесі бар. Олардың кітап дүкендері облыс орталықтарының барлығында орналасқан. Негізінен тек өз өнімдерін сатады. «Алматыкітап» та тек өз өнімдеріне ғана жұмыс істейді. Бұдан басқа бүгінде Алматыда кітап сатумен «Книготорг» ЖШС-ның Алматы филиалы, «Джагамбек и С» ЖШС, «Эврика» фирмасы ғана айналысады. Оның өзінде, олардың кітап дүкендері Алматы мен Астанадан басқа жерде жоқ. Есесіне, бүгінде Алматыда Ресей баспаларының өнімдерін саудалайтын кітап дүкендері көп. Ондай кітап үйлері қазақ кітаптарын қоюдан қашқалақтайды. Қойған күнде де көрінбейтін жерге апарып тыға салады. Өйткені, ол дүкендерге сырттан келетін кітаптарды алу тиімді, өйткені олар арзанға алып, үстіне ақша қосып сатады. Ал біздің кітаптарға үстіне көп ақша қоса алмағандықтан, қымбат болғаннан кейін көбіне алмайды. Содан кейін қазақша кітаптар амалсыз «Барахолкаға» қарай жол тартады. Үкімет тарапынан ол дүкендерге қойылатын талап та жоқ, сондықтан әркім өзі біледі.

- Шығып жатқан балалар кітаптарының көркемделуі мен сапасына көңіліңіз тола ма?

- Барлық баспалардан шығып жатқан кітаптардың көркемдік жағы да, сапасы да көңілімнен шығады. Жоғары да айтып өткенімдей, барлық мәселе тиражы мен тарату жағында.

- Ал осы кітаптарды таныстыратын, оқырманды хабардар ететін, баспа өнімдерін насихаттайтын арнайы басылымдар ма?

-Біздің «Кітап жаршысы» газетінен басқа арнайы басылым жоқ. Бұл газеттің өзі 1961 жылдан 1992 жылға дейін тұрақты шығып тұрған болатын. Біз он бес жылдық үзілістен кейін қайта шығаруды қолға алдық. Оның мақсаты - ең болмаса, оқырмандар баспалардан қандай кітап шығып жатқанынан хабардар болсын деген едік. Үш-ақ мың дана таралыммен шығатын бұл газеттің өзі еліміздің кітапханаларына да жетпейді. Ал ауылды жерлерде интернеттің не екенін білмейтіндер де бар. Басқа жерді айтпай-ақ, бір ғимаратта отырған баспалар бір-бірінің қандай кітап шығарып жатқанын да білмейді. Сондықтан, насихат жұмысы жоқ деуге болады. «Кітап жаршысы» газеті кітапқұмарлар мен барлық оқырманға жаңа отандық кітаптар туралы ақпарат беретін, кітаптарды насихаттайтын жалғыз басылым болып отыр.

- Балаларды өз кітабына тартуға арналған қандай да бір іс-шаралар жүргізіле ме?

- Қазақстан Жазушылар одағы жанында Балалар әдебиеті секциясы бар, оны белгілі ақын Сұлтан Қалиев басқарады. Осы секция балалар әдебиетін жазатын жазушылармен жұмыс істейді, шығармаларын талқылап отырады, байқаулар, тағы да басқа іс-шаралар ұйымдастырады. Бірнеше жыл болды балалар шығармаларына «Дарабоз» деген бәйге жариялап жүр. Жақсы дәстүріміз «Жер су» деген отандық корпорацияның ұйымдастыруымен, демеушілігімен іске асып келеді. Биыл жарияланған бәйге сәуірдің 20-да аяқталады. Балалар күніне қарсы қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталады. Бұл бәйге балалар әдебиетін жазатын жазушыларды ынталандыратын жалғыз шара. Мен сондықтан осы компанияның басшысы Бауыржан Оспановқа алғысымды айтқым келеді. Өйткені, қазір кітап шығару оңай, бірақ ол кітаптардан жазушылар пайда көрмейді, себебі бұрынғыдай қаламақы деген жоқ. Жеке меншік кітапханалар 20-30 кітабын ұстатып жіберуі мүмкін, басқа ақша бермейді. Бәйгенің бас жүлдесі, бірінші, екінші, үшінші жүлдесі, одан басқа ынталандыру сыйлықтары бар. Тіпті, олар бәйге алмағанның өзінде бәйгеге қатысам деп жазып қалады, ол ертең кітап болып шығады. Осындай балалар әдебиетін жазатын жазушыларымызды ынталандыратын, шабыт беретін іс-шаралар көп болса деймін. Бізде ондай нәрсе жеткіліксіз. Біз сонымен қатар, өткен жылы темір тордың ар жағында отырған шығармашылық адамдар арасында балалар әдебиетіне арналған байқау өткіздік. Оның тағдыры бір-ақ жыл болды да, әр түрлі себептермен жабылып қалды. Одан басқа біздің «Балалар кітабы» қоғамдық қоры да әр түрлі шаралар ұйымдастырып келеді. Облыс орталықтарында, балалар шығармаларына қалам тартып жүрген жазушылармен кездесулер өткіземіз, балаларға арналған кітаптарды насихаттаймыз. Бұдан бөлек, елімізде жалпы халықты, балаларды кітап оқуға тартуға арналған «Бір ел, бір кітап» деген акция өткізілуде. Бір жылға бір шығарма алынады да бір жыл бойы насихатталады. Мектептерде, кітапханаларда, ЖОО-да осы шығарманы насихаттау бойынша кітап оқушылар конференциясы, ашық сабақтар, жазушылармен кездесулер, кітап көрмелері тағы да басқа әр түрлі шаралар өткізіледі. Өздеріңіз білетіндей, алғашқы жыл «Абайдың қарасөздеріне» арналса, екінші жыл Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» туындысына арналды, биыл Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасы таңдалды. Менің бұл акцияға айтатын ескертпем бар, шараның өткізілу уақыты дұрыс қойылмаған. Бұл акция сәуірде басталып, күзде қазан айына қарай бітіп, қорытындысы шығарылады. Осы айдан бастап оқушылардың емтиханға, ҰБТ-ға дайындығы басталады. Арада жазғы демалыс, күзде оқу жылы басталады. Сонымен акция бітеді. Дұрысы, оқу басталған уақыттан бастап, оқу жылының аяғына дейін өткізу керек деп санаймын. Бұл жайындағы ескертпелерді басқа жерлерде де айтып жүрміз. Бірақ биыл да осы уақытта басталып отыр. Екінші жағынан, бұл акция барлық қауымды ел болып кітап оқуға шақырады емес пе?! Ал сол кітапты кітапханасы жоқ аудан, ауыл адамдары тауып оқи ала ма? Еліміздің көптеген ауылдарында тіпті кітап дүкендер де жоқ, бұл біздің бір үлкен мәселеміз. Мен сондықтан, Байланыс және ақпарат министрлігі жазушыларымыздың мәселелерін, әсіресе қаламақы мәселесін шешіп, шығып жатқан кітаптарды тарату жүйесін дұрыс жолға қойса, жүйеге келтірсе деймін. Негізінде 10 мың тұрғынға бір кітап дүкені болуы тиіс. Бұрынғы жүйені, қайтадан қалпына келтіру - Үкімет ғана шеше алатын үлкен мәселе. Балалар кітабы, көркем әдебиет - баланың қиялын, ойлау қабілеттерін жетілдіретін рухани азық! Оқырмандар кітапты іздеген уақытта кітап саласындағы мәселелерді шеше отырып, жақсылығымызды балаларға жасайық. Өйткені, білімді, білікті, көзі ашық бала, тәуелсіз еліміздің ертеңгі болашағы.

- Әңгімеңізге рахмет !

Соңғы жаңалықтар