Балаларға қызмет көрсететін нысандарда тексеріс жиілейді — ДСМ
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда балаларға қызмет көрсететін ұйымдарда санитариялық бақылау күшейтіледі. Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заң жоғары тәуекелді нысандарды жылына екі рет тексеруге мүмкіндік береді.
ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Айнұр Алмағамбет балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа заң нормаларын түсіндірді.
— Бұл құжат санитариялық-эпидемиологиялық саласындағы қадағалауды күшейтуге бағытталған. Бұл — балалардың қауіпсіздігін нығайтуға және алдыңғы жылы тіркелген резонанстық улану жағдайларын болдырмауға арналған бастама, — деді Айнұр Алмағамбет Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin LIVE» бағдарламасында.
Жаңа нормаларға сәйкес, жоғары тәуекел деңгейіндегі нысандар кемінде алты айда бір рет, ал төмен тәуекелді нысандар жылына бір рет жоспарлы тексеруден өтеді. Бұған мектептер, балабақшалар, интернаттар, ауруханалар, спорт кешендері және балаларға қызмет көрсететін барлық мемлекеттік ұйымдар кіреді.
Сарапшының айтуынша, жаңа заңның маңызды артықшылығы — алғашқы тексеруде айыппұл салынбайды. Алдымен нұсқама беріліп, кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік жасалады. Егер кәсіпкерлік нысан нұсқаманы орындамаса ғана айыппұл тағайындалады.

— Сондай-ақ бұрын тексеру туралы алдын ала хабарлайтын едік, енді кез келген уақытта барып тексере аламыз. Бұл нысандардағы шынайы ахуалды көруге мүмкіндік береді, — деді комитет өкілі.
Заңда қаржылық себептерге байланысты туындаған бұзушылықтарға қатысты да өзгерістер қарастырылған. Мысалы, жөндеу жұмыстары жүргізілмеген немесе ғимараттың тозуына байланысты туындаған кемшіліктер үшін мектеп немесе аурухана басшыларына айыппұл салынбайды. Мұндай жағдайларда ұсыныс тікелей қаржы бөлетін әкімдікке немесе білім беру басқармасына жолданады.
Сарапшы бұл өзгерістер балалардың құқықтары мен денсаулығын қорғауды күшейтіп, бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді деп атап өтті. Алмағамбет жаңа нормалардың тиімділігі алғашқы айлардың өзінде байқалады деп сенеді.
Айта кетейік, 4 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғанын жазған едік. Бұл заң 2026 жылдың 1 ақпаннан бастап күшіне енеді.