Балаларға жаны ашитын 5-ақ әкім бар - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 21 наурыз, жұма күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында өмір күнделігінен сыр шертетін « Мәскеуден келген келін он баланың анасы атанды » атты мақала жарияланды.

«Ендігінің әжелері «современный» болатын сияқты ма, қалай?! Ардың жібін аттамай, қазақтың ата салтын қалтқысыз сақтап, үлкендердің алдынан қия баспай, жарға, отбасына адалдығы арқасында тағдырдың небір қиындықтарын жеңген абзал ананың бірі - Пая әже.

«Пая» - қазақы есімі. 1938 жылы Мәскеу түбіндегі Киров облысында дүниеге келген сәттен қазақтың келіні атанғанға дейін ол Фаина Николаевна болатын», - деп жазады басылым.

Бұл күнде 76 жасқа келген әженің қызықты да қиын өмірі туралы үлкен ұлы Амангелді тарата әңгімелеп берген.

***

«Айқын» басылымы өзінің бүгінгі санында «Балаларға жаны ашитын 5-ақ әкім бар» атты мақала арқылы мектептердегі оқушыларды тегін тамақтандыру мәселесін көтеріп отыр.

Басылымның берген дерегі бойынша, бүгіндері Алматы, Астана қалалары және Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының орта мектептерінде 1-4-сынып оқушылары күніне бір мезгіл түсте тегін тамақтанады. Ал қалған облыстардағы балалар тамақты сатып алуына тура келеді. Ондай кезде баланың қалтасында бір күндік ас үшін 300 теңге жүруі керек», - деп жазады мақала авторы.

«Ал мұны барлық отбасының бюджеті көтере ала ма, әрине, жоқ. Сондықтан көптеген бала мектепте ашқұрсақ жүруге мәжбүр болмақ. Осы тұста «5 өңірден басқа облыстарда неге тегін тамақ ұйымдастырылмайды?» деген сұрақ туындайды», - делінген материалда.

***

«Елімізде Қазақстанның емес, Ресейдің Қорғаныс министрлігінің құжатын ғана құнды деп танитын мекеме бар екен» деп хабарлайды «Айқын» газеті «Жалақы да, жағдай да тең болсын» атты мақалада.

«Айқынның» жазуынша, кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенаттың жалпы отырысында депутат Қожахмет Баймаханов тосын хабар айтып, жаға ұстатарлық хабар жеткізген.

«Кеше мен Қызылорда облысының Жалағаш ауданына барып келдім, - дейді сенатор Қ.Баймаханов. Сол жерде Семей полигонына қатысқан бірнеше азамат маған арнайы жолықты. Ауданда сондай 107 азамат тұрады. Соның 26-сы ғана мемлекеттен жәрдемақы алады. «Қалғанымыз, - дейді олар, Семей полигонына қатыстық деген анықтама қағазды 2008 жылға дейін Ресей мемлекетінің Подольск қаласының архивінен алатын едік. Кейін құжаттар Қазақстанның Қорғаныс министрлігіне берілді. Енді Қазақстанның Қорғаныс министрлігі берген анықтамасын апарсақ, жергілікті «Собес» қабылдамайды» дейді. Бұл не қылған зат? Адам түсінбейтін сорақылық қой?!

Сөйтсе, ол туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі білетін болып шықты», - деп жазылған материалда.

Сонымен қатар осы жиында тағы бір қызықты жаңалық жария болды: Қазақстан жатжұрттық компанияларды бірдей жұмыс атқаратын шетелдік және жергілікті қызметкерлерінің жалақыларын теңестіруге міндеттегелі отыр!

***

«Түркістан» басылымы «Жүзеге асырылмаған жастар саясаты» атты мақалада Қазақстанда жастардың мәселесін қозғаған.

Басылымның хабарлауынша, қазіргі уақытта Мемлекет басшысы жастарды қолдау жөніндегі берген тапсырмалары өз деңгейінде орындалмай отырған көрінеді.

«Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек елімізде жастармен жүйелі жұмыс атқарылмай келе жатқандығын айтады. Партияның соңғы съезінде Елбасы «Жас Отанда» берілген тапсырмалардың лайықты орындалмай келе жатқандығын ескерте келе, Білім және ғылым министрлігіне арнайы тапсырма берген еді. Ал партия жүргізген талдауға сүйенсек, берілген тапсырмалардың екіден бірі ғана орындалған. Қалған тапсырмалар әлі аяқсыз қалып отыр. Тіпті, әлеуметтік сауалнамаларға сүйенсек, жастар саясатындағы нақты құжаттың бірі «Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасынан» жастар хабардар ма? Жоқ. Ендеше, аталмыш құжат қандай жастар үшін әзірленді?», - деп жазады басылым.

***

ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қытай Халық Республикасына ресми іс-сапармен барды, деп хабарлайды «Казахстанская правда» басылымы. ҚХР Төрағасының орынбасары Ли Юаньчаомен кездескен ҚР СІМ басшысы Е.Ыдырысов қытайлық тарапқа ЭКСПО-2017 көрмесіне және Астана экономикалық форумына белсенді қатысуға шақырды. Сонымен қатар СІМ министрі Қытайда академиялық сала қызметкерлері алдында сөз сөйлеп «Қазақстан-2050» стратегиясы және Қазақстанның сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы жайында жан-жақты хабардар етті.

Соңғы жаңалықтар