Балалық шаққа аяқталмаған саяхат

Көзкөргендерге айтқызсаң, дүдәмал ойлармен діңкеңді құртады. Немесе, топырағы кеуіп үлгерген жақсы аға жайлы басқа тараптағы естеліктерді айтып кетеді. Өр еді, тәкаппар еді... Совет одағына жан-тәнімен қарсы еді... Ел «үй артында кісі бар» деп, көлеңкесінен қорқып, сыбырласып тұрғанда, киіп-жарып, ойын ашық айтып жүретін... Батыр еді, батыл еді... Ол заманда ондай қадамға бару, бүгін қарап отырсақ (Тәуелсіздік алған соң), нағыз ерлік екен-ау... Міне, осылай.
Шындығында, соншама уақыттың «тым-тырыс» өтіп кетуінің сырын аша алар ма едік? «Жазып жүрген түгім де жоқ. Жазсам деп оқталып жүрген нәрсем бар, бірақ... Осы «бірақтарды» жеңген күні кітапты бірден жазып тастауым әбден мүмкін», - депті кейінгі берген бір сұхбатында. Мұны айтқан соң да он жылдан аса уақыт үнсіздігімен бұйығып тұрып алады. «Құшақ-құшақ пародиялар мен достық әзілдерді» малданып, алданып қалды деуге осы күнге дейінгі жазғандарын оқыған адамның аузы бармайды. Бердібек Соқпақбаев туралы естелік айтатын замандастары мен кейінгі толқын інілері осы пародиялар мен әзілдерін алға тартқыш. Бұл біз толтыра алмай отырған кеңістікке тығын бола алмаса керек...
Бүкіл бір ғұмырдың жұмбағын шешіп, талантты жанның табиғатын ашу мүмкін емес. Кейінгінікі тек қолы жеткенше ұмтылу, өресі жеткенше түйсіну ғана. Бірақ, біз Бердібекті ондай деңгейде де танып болмаған екенбіз.
Жазушылар одағында, анда-мұнда өтетін жойдасыз көп жиналыстардан, түрлі басқосулардан Кеңсайдағы саяжайын күтіп-баптауды артық көретін Соқпақбаевтың сонша жыл бойы саяқсып, қоғамнан алшақ, томаға-тұйық күн кешуінің сырын біреулер денсаулыққа әкеп тірейді. Жүрегі ауырады екен. Шаң-шұң ұрыс-керіс пен дау-дамайдан шеттеп жүретіні содан деседі. Рас та шығар. Бірақ, бұл басты себеп бола алмайды.
Күллі шығармашылығын жіті шолып шыққанда қоғамнан, айналасынан жеріну - о баста, шығармашылық жол басталмай тұрған, өмірге енді талпынған шақтан бастау алатынына дендеуге болады. Ол өскен орта мен ой түзеген, бой түзеген қоғам мен заман қандай еді? Осыны Бердібектік дүниетаныммен сабақтастыра қарау керек. Бердібек үлгі тұтқан Чарльз Диккенс туралы Стефан Цвейг: «Оның жандүниесіндегі суреткер оның қанындағы ағылшындығымен жақсы тіл табысты», - дейді. Осы өлшемді өзімізге бұрып әкелсек, Бердібектің суреткерлігі мен қазақшылығы (қазақылығы емес) үндесе алды ма? Сөз жоқ, ол өскен орта - таза қазақы орта. Бірақ, ол дүниеге саусағын жайып, өмірге талпынған шақтағы қазақ кім еді? Өз ырқы өз қолынан кеткен, «үлкендігі тоқымдай-тоқымдай қарала қағазды» өздері оқи алмаса да, Сатылғандардың ежіктеуімен түсінгендерін «кәзит олай депті, кәзит былай депті» деп, ауыздан ауызға өсіріп айтып, өкіметтің сөзін құдайдың бұйрығынан асырып дабыраға айналдырып әкетер, жеңіліп болған, таңы үреймен атып, кеші қорқынышпен бататын шарасыз елін көрді ол. Сол шарасыздық тудырған ұсақ пендешілік мінездер тумысынан қағілез де сезімтал Бердібекті ашындырды. Өзіне «тәрбие берген» адамдарды, өсірген ортаны өмір бойы кешіре алмай кетті. Күллі шығармашылығында тұнып тұрған өткір сарказмның өтінде тұратындар да солар. Стефан Цвейгтің сөзімен айтқанда «балалық шағында көрген бейнеті еске түскенде кегі қозатын» жазушының бірі - Бердібек Соқпақбаев.
Балалық шағы туралы көп жазған жазушы - балалық шағын сағынғаннан жазды дей алармысыз? Сағынбайды. Жоқтайды. Балалық шағын емес, балалығын, жылу мен шуаққа шомылмаған, уызға тоймаған сәбилігін. «Қалай ғана тірі қалдым?» - деп өзі де таң-тамаша болатын, «аза-бойы қаза болып отырып» еске алатын балалық шағының несін аңсасын? Оның балалық шағы, алдымен, бала жүректе мәңгілікке орны ойсырап қалған анаға деген сағыныш. Кітабының бүкіл бетінен жан-дүниеңді қалшылдатып бір тынбайтын сүреңсіздік, жүрегіңді тіліп өтердей өткір сарыннан айнымай қоятын жазушы анасын айтқанда ғана бордай үгіліп сала береді. Бірақ, келесі бір сәтте-ақ қайтадан қатайып алған дәті берік, ашуын күлкімен бүркемелеуге тырысқан қатал адамды көресіз. Алдымен ауру жүдеткен, ақыры, төмпешігінің өзі аласарып, шөге түскен, басына белгі де қойылмаған шарасыз анасын тынымсыз жоқтайтын жазушы әкесіне келгенде тым қатал. Берісі қазақылық, арысы мұсылмандықтың өзімен шендесе қоймайтын осы бір «тікмінезділік» пен асқан салқындықтың себебін нақты болжай алмай дағдарып қалсаңыз да, «мұнысы несі?» - дей алмайсыз. Олай болатыны, шығармадағы Ыдырыс - Бердібектің әкесі ғана емес. Бұл екі буынның, әке мен бала арасындағы ымырасыз тартыс. Момын, жуас, салақ әке - қараңғылықтың бірден бір символы. Нағыз надан болса да «өмір сүруге бейім», пысықай әкелердің өзін жек көре тұра іштей қостап тұратынын қасақана аңғартып қоятын Бердібек өз әкесіне айналып соққан сайын бір шенемей өтпейді. Әкесінің оңашада айтқан ақылының өзін «ерігіп отырғанда» іші пысып айта салған жел сөзге балайды. Жерді алып бұқаның көтеріп тұратыны туралы ескі, күлкілі көзқарасты да соның аузына салып, әжуалай қояды. «Іш пыстыратын қимылдарына төзімі зорға жетіп, іштей ыза болып, тістеніп, қаны қайнап тұратын» жеті-сегіз жастағы қаршадай бала ес біле бастаған тұста-ақ әлгіндей әкеден түңіліп болады. Баласының кітабын темекі орауға «жаратып» жүрген әкеге күйініп: «әліпті таяқ деп білмейтін әкемнің кітап туралы түсінігі өзгеше екен. Кітапта бет көп. Оның бір-екеуін жыртып алғаннан ол несі кетеді деп қарайды», - деп, іреп салады. «Өскенде дүкенші болсам, - деп, армандап отырғанның өзінде бастан-аяқ жаңа киімге малындырып, шешесі мен нағашы әжесін қатар қуантып қойған Бердібек әкесін ауызға алмайды да. Бір сөзбен айтқанда, соншалық «қорқынышты» балалық шақтың басты айыпкері заманның бет алысын болжау тұрыпты, өзінің кім екенін, соншама баланы өмірге әкелгенімен дұрыс жетілдіруге шамасы келмеген, соған талпынып та қоймаған «уайымсыз» әке болып шығады. «Сұмдық намысқой едім. Жұрттан кем болуды дүниенің қорлығы санаймын. Үйдегі елден ерек кедей тұрмысқа қорланам да, әкем мен ағаларымның жұрт қатарлы бола алмағаны үшін ызаланам», - дейді қадап. Тұрмысының шайқалып, әне-міне құлап қалардай хәлде тұрғанын көре тұрып, мелшиген самарқау кейіптен ажырамайтын әке кейпі - оны жастайынан әбден түңілдірген мінез болатын. Ол әкесінің ақыл-ойының деңгейі мен өресін, оның заманын ескеруге тым құлықсыз. Бердібектік ойлау жүйе сол кезеңдегі қанға сіңісті көптеген стереотиптерді қабылдай алмағанын аңдау қиындық туғызбайды.
Оның туған жер туралы танымы да бөлек. Оның өскен өлкесі де анасымен тікелей байланыста ғана жылы лебізге ие. Шешесі хал үстінде жатқанда Текесті жағалап, соншалық егіліп, езіліп мұң шағатын қайғылы бала енді бірде: «Менің Қостөбем аудандағы ең әлсіз, көтерем колхоздардың бірі еді. Малшылары тігетін баспана болмағандықтан, серпіліп жайлауға да шыға алмайды. Өстіп, жаман-жұман тамдарды пана етіп, ауылды төңіректеп, быжынаған қара шыбын, көк сонамен алысып, бықсып отырады». О баста өз отбасының жұрттан кем болғаны үшін намыстанса, енді, ауылының «бықсып отыратын» нашар хәлі үшін күйіп-піседі. Оның себеп-салдарын, кінәлілерді іздеп әуре болмайды. Кесіп айтады. Оның білуінде, «тікмінез» дүниетанымында мүмкін емес нәрсе жоқ. Оның табиғаты «таңғы нәсіп - тәңірден», «бәрі бір құдайдың қолында» деп қарап отырар тоғышарлыққа өлердей қарсы. Оның осы бір мінездерден тойып біткені соншалық, қырық жыл өткен соң да, еске алып, азар да безер болып отырады. Баланың обалы, тәрбиесі, болашағы дегенді «колхоздың жылдық жоспарын» орындау үшін жан алысып, жан беріскен егіс даласының шаңы мен топырағына көміп жіберген үлкендерге ғұмыр бойы өкпесін кешпей-ақ кеткен. Жазғы каникулға келгенде: «Өй, әке, оқуың бітті ме, кеп қалдың ба? Олай болса ертеңнен бастап жұмысқа шық», - деген жәреукемен қарсы алатын ауылын қанша тырысса да, жақсы көре алмайды. Туған жерге деген махаббаты «ауаң қандай, далаң қандай» деген жалған пафоспен емес, «ауылынан безіндіріп» барып, осындай шынайылықпен қайта қауышады.
Балалығы өкпелеулер мен безінулерден, кейінгі өмірі Баққожа Мұқай айтқандай жеңілістерден тұратын жазушының соншама уақыт өзіне ынтық қылып қойған шығармашылығының сиқыры неде? Неге қайталап оқылатын жазушылардың тізімінің алдынғы қатарында атай береміз?
Бердібектің дәуірі - батырлықтың заманы емес болатын. Ату, айдау толастаған. Революцияның қимылы тоқтап, ұраны ғана қалған. Белсенді мен еңбек ерінен тұратын әдеби кейіпкерлердің де ендігі жерде елге тұтқа болуға жарамайтыны аңдала бастаған. Бердібек осыны терең түйсінді. Ол заманының рухани сұранысын тап басқан жазушы. Көпшілік айтып жүрген «ерлігі» ауызекі түрде көрініс тапқанмен, көзсіз батырлыққа барған жоқ. Ол бейбіт оқиға мен бейкүнә кейіпкерлер арқылы да алысқа шабуға болатынын бағамдай алды. Сонысымен де бақытты. Оқыған жанды елең еткізер ерекше оқиға іздеп те әуре болмады. Күші мен ісін белгілі бір идеяға да бағыштамады. Себебі, идея басты кезекте тұрғанда көп-көрім оқиға соның бодауында кететінін ол жақсы білетін (көріпкелдігіміз емес, оның өз сөзінен шығарған қорытынды бұл). Ол алғашқы пышақтың қырындай «Бұлақ» өлеңдер жинағындағы «Көсеміме қарасам», «Қызыл жұлдыз», «Сталин үшін», «Сенімін ақта көсемнің», «Москваға саяхат» мазмұндас партияшыл шығармашылықтың қайда апарып соғарын анық ұғынды. Ел аузына көсемшіл өлеңдер емес, «Күшігім менің саққұлақ, Келеді әне шапқылап...» деген қарапайым да бейкүнә жолдары жатталып, тарап кеткені-ақ, оған көп нәрсені аңғартты. Ақыры, «Бұлақтың» көзі бітіп, суы азайып, Бердібек болып алды прозаик» кезеңі басталды.
Ал, оның табиғаты прозамен қуана қауышқан еді.
Бір қарағанда, Бердібектің қаламы ызасы өткен қиын да қысылтаяң балалық шағына кеткен есесін қайтару үшін кезеніп баққан қаруы сияқты көрініп кетеді. Алапат соғыстың кезінде де түзелмеген, керісінше, бұзыла түскен Нұрәлі сияқтылардың пейіл, пиғылына жирене қарап, іштей қарсыласумен қалыптасқан мінез көп жағдайда өкінішпен аяқталатын көз ашқызбас толассыз жеңілістерден соң шарасыздыққа ұласты. Бердібектің әдеби кейіпкерлері де шарасыздықтың тұтқынына айналған. Тіпті, Бердібектің арманындағы балалық шағы тудырған сотқар Қожаның өзі айналасындағылардың шешіміне тәуелді. Ал, басын тауға да, тасқа да ұрып жүріп, есін әрең жиған Еркіннің жағдайы екі бастан белгілі. Немесе, «Балалық шаққа саяхаттағы» Бердібектің өзін алыңыз. Әлгі, әкесі мен ағаларына «елден неге кем?» - деп тулап жүрген намысқой бала шешесі үйіндегі «іске татыр жалғыз мүлік - кітап бетіндей қалың айнаны» ұнға айырбастамаққа қолтығына қысып, өзін жетелеп ауыл совет председателі Батырқанның үйіне беттегенде (онда Бердібектің жақсы көретін Майрасы бар ғой) әлгі асаулығынан айрылып қалады. «Мен білген едім осылай боларын. Келгім келмегені сондықтан еді. Кірмегенім қара жер, әзер тұрмын. Телміріп қайыр сұрағаннан біздің бұл хәліміздің несі артық?» - дейді бар болғаны. Ары қарай өзінің шабақталып жатқан намысын жылы ғана жапқан болып, әлгі айнаның күйігін айтып кетеді. Бұл тұста да анасымен жұбанады, анасымен күйінеді: «Шешем күніне бір рет осы айнамен ауру жүдеткен жүзін көретін еді. ...Енді сол айна жоқ». Айнаны саудалап, алыс-беріс өтер тұстағы ауыр сәттің қою бояуы осы бір кішкене ғана штрихтың көлеңкесінде бұлдырап сала береді. Бердібек өзінің шарасыздығын осылай жеңуге мәжбүр. Ары қарай тәптіштеуге өзінің де дәті шыдамайды. Екінші бір жерде асау байталға еріксіз мініп астық бастырып жатыр. «Жылқыбайдың сұмдығын» да алдын ала болжап үлгереді. Оның санасы соншалықты сергек бола тұра, «мінбеймін», - деп, бас тартпайды. Өзіне төнген қауіпті тоқтатуға ешқандай әрекет етпейді. Себебі, тоқтата алмайтынын біледі. Ақыры, шошынып ала жөнелген байталдың үстінде кете барады...
Ол өз заманын да осылай қабылдады. Совет деген қара күшке қарсы тұрарлық қауқардың қалмағанын терең түйсінді. Ол күрескер болуға тырыспады. Ешкімді күреске, айқасқа шақырған жоқ. Ұраншылдықты жан-тәнімен жек көрді. Оның күресі өз ішінде ғана өтіп жатты. Іштей күйінді. Сол күйікке көп жағдайда кейіпкерлерін де шалып жіберіп отырады. «Қолым қимылдаған кезде аузым қоса қимылдауын менің жақсы көретінімді ол біледі», - деп, председательдің «әрі ерке, әрі сотанақ» баласына өзін жығып бере салады. Осындай ауыр сәтті жұмсарту үшін өзіне ғана тән шебер юмормен көмкеріп жібереді. Бұл енді арнайы жасалған тәсіл. Мұңлы әңгіме ғой, бірақ, Бердібек көп жағдайда әлгіндей «әшекеймен» «жұмсартып» жеткізеді. Оқырманы үшін ғана емес, өзі үшін де. Мұндай бір оқпен екі қоян атып, от пен суды жымдастыра қою - Бердібек қаламына тән шеберлік. Бір қарағанда, өзін аямайтындай көрінгенмен, өзінің сол сәттегі бейшара кейпін күлкінің қалқасында елеусіздеу етіп көрсетуге барын салады.
Бердібек-фотограф көкірек қоймасынан бала кезіндегі шырт еткізіп басып алған бір сәтінің көріп тұр. Бірақ, ол туралы терең ойлауға, сол сәттің қорлық сезімін тағы бір мәрте бастан кешуге жүрексініп, қайта жаба салды...
Иә, Бердібек - фотограф. Суреттер альбомына айналған жадынан кез келген сәтті суырып алады да, еркінше пайдалана береді. Оқушысын алға жетелеп, ынтықтырып отыратыны да осындай «сәттердің» көптігінен, және, сол көп сәттің ию-қию араласып, бытысып кетпей, тап-тұйнақтай болып өз орнында тұратыны. «Жоспар жасамаймын. Оқиғаның табиғи дамуына ден қоям», - дейді, «қоймасын» көрсетуге өте сараң жазушы бір орайы келгенде. Оқиғаның табиғи дамуында ұзақ уақытқы толғаныс қана емес оның осындай фотографтық дарыны да зор мәнге ие.
Ол адам мінездерінің түпкі сырына үңіліп, тәптіштеп жатпайды. Психологиясына да пәлендей тереңдемейді. Бірақ, сіз бәрін түсініп қоясыз. Ол кейіптеп отырған образдың кім екенін, ой өресінің қандай деңгейде екенін болжап үлгересіз. Мәселен, Жақанның («Қайдасың, ГауҺар?») образын қалай жасайды? Барлығы іс-әрекет үстінде ашылады ғой. «Қайдасың, Гауһар?» жазушының ғана емес, қазақ әдебиетіндегі ең сәтті шығарма. Бердібек ең маңызды сәттерді тәптіштеп жатпай-ақ шебер игереді. Сәл ғана тұспал. Аз ғана факт. Бар болғаны сол. Бірақ, онда болған оқиға мен кейіпкердің көңіл-күйі, психологиясындағы құбылыстар оқырманның санасында өздігінен тұп-тұнық кадрлармен жалғаса береді. «Шапалақтың шарт ете қалуы» мен «Ұялмай ұйықтап жатыр» деген сөздің Гауһар жандүниесіндегі арпалысты ғана емес түнде болған оқиғаны, және ол оқиғаның нәзік те терең мәні бар екенін, өкініш пен күдік, махаббат пен ғадауат айқасқан сәттің қысқа ғана картинасына сыйдырып жібереді.
Оның шығармашылық кредосы - үкім айту. Тоғышарлыққа, арамдыққа, ұсақтыққа... Кекшіл, тәкаппар, кірпияз Бердібекке бұларды кешіру туралы ұғым жат. Түпкі мәнін іздеп сарсаңға түспейді, ә дегеннен Қожаны сүйкімді кейіпкер жасап алады да, Жантастарға өктемдік жасай бергісі келеді. Өз менін аямайтындай көрінгенмен өзіне көрсетілген зәбір-жапаларды айтып, оқырманына шағымданып отырып-ақ ұнамсыз типтерді аяусыз, армансыз төмпештейді. Ол адам сезімінің нәзік тұстарын тап басып, жүрек қылын қозғауға аса тырыспайды. Кейде «осы бір тұстың бояуын қоюлатып жібергенде ғой» немесе «мына бір жерін сәл нақтылай түскенде ғой», - деп, «ескерту» жасай отырып оқитыныңыз болады. Бірақ, сіз күткен нақтылау мен бояу келесі бір бетте алдыңыздан шыға келеді. Оның оқиғалары бір-біріне көзге көрінбейтін нәзік қылмен мықтап байланған. Сол нәзік қыл арқылы қанық бояу шығарманың басынан соңына дейін көшіп отырады. Оқушы да сол ағыспен бірге алға ынтыға жылжи түседі.
Бердібек, алдымен үкім айтып алады. Содан соң ғана оқиғаға ауысады:
«Мұғалім мен дәрігерден оңбаған адам шығады деп, мен ешуақытта ойламайтын едім.
Амал қанша, шығады екен», - деп бір тоқтайды, содан кейін ғана:
«Қатігез тағдыр Тұрдыбек інімді дәрігердің оңбағанына кез келтірген», - дейді. Ары қарай Тұрдыбектің ауыр жағдайын, мүгедектігін әңгімелейді. Сол қысқа баяндаудан сіз қаншама нәрсе тауып аласыз: өгейлік танытқан салақ шеше, шарасыз, момын әке, жауапсыз дәрігер, кішкентай ғана сәби жүректің (Тұрдыбектің) бауырға деген сүйіспеншілігі, жанашырлығы, ауылдың ауыр тұрмысы, бақытсыз сәбидің талайсыз тағдыры... Сіз өгей шеше мен қырсыз әкемен бұрыннан таныссыз. Ал, осы жолы Тұрдыбек қана емес, «оңбаған дәрігердің» нақтыланбаған, бірақ, соншалық «таныс» бейнесімен кездестіңіз. Дәрігердің «сүйкімсіз» образын жасап әуре болған жоқ, бірақ, сіз санаңызбен оны тауып алдыңыз. Дәрігер автор айтқандай нағыз «оңбаған»! Оны «оңбаған» жасап шығу автор үшін түк емес. Бар болғаны Тұрдыбек арқылы сіздің жүрегіңізге жол тапты, аяушылық сезім ұялатты. Дәрігердің кім екені, қандай екені ап-айқын. Себебі, бұл кезде лирикалық кейіпкермен бір адамға айналып үлгерген сіз де жәбір көрдіңіз.
Бердібектік стильге тән бір тәсіл - бас кейіпкерді шығарманың алғашқы бетінде-ақ оқырманына «сүйікті де сүйкімді» жасап алады. Оқушының жүрегінен ойып тұрып орын иемденіп үлгерген кейіпкер шығарманың соңына дейін айналасына өз көзқарасын таңып бағады, және әр шешіміне бас изетумен болады. Езу тарттырумен болады. Абайдан «ұрлап» өлең жазған баланың «еркелігін» кешіріп қана қоймай, болашағынан үміт күтуден, ақын-жазушы болсам деген арманының орындалатынынан күдер үзбейсіз. Тілекшісіне айналасыз. Себебі, Қожа - дүниедегі ең сүйкімді, ең ақылды бала. Ол не істесе де дұрыс. Ал, айналасындағылардың әрекеті - нағыз зорлық-зомбылық болып көрінеді.
Ол заманынан жеңілген жазушы. Жеңілгенін өзі де білді. Бірақ, мойындағысы келмей, «қиқар» Бердібек қасарысып бағады. «Шындықты жазсаң бәрібір баспайды, ал, өтірік айту қолдан келмейді», - дейді екен сұрағандарға. Бұл шығармашылыққа келер тұста-ақ ден қойған тоқтамы. Ұзақ уақыт бойы балалар әдебиетін бетке ұстап, көбіне көп адамгершілік, моральдық тақырыптардан ұзамай жүріп алуы сондықтан. Бердібектің кейбір әңгімелерін оқи түскенде, повесть, романдарындағыдай әдемі әсерді таппай қалатының болады. Қысқа ғана картинамен үлкен ой қалдыруға тырысу - оның тынысын бітеп тастайды. Бәрі орын-орнында сияқты бір қарасаң. Ал, бірақ, көпшілігі очерк дәрежесінен аса алмай жатады. Көлемі шағын ғана «Саша» деген әңгімесінің сюжеті тың көтеру жылдары жазылған «Жолда» деген очеркінен алынған. Очеркте орыстың бір кішкентай баласы ойыншық трактормен ойнап отырады. «Балаларға жақын жүретін» жазушы тоқтай қалып, жөн сұрасады. Орыс бала өскенде тракторист болғысы келетінін, тың игеруге үлес қосатынын айтады. «Сашада» осы шешім еш өзгеріссіз алынған. Бірақ, сол шешімге жету жолы әңгімеге тән суреттеулермен көмкерілген. Басқа тарапта басынан өткен тағы бір күлкілі оқиғаны қосып, Сашамен танысады да, өзіне үйір бола бастаған баланы сөзге тартады. Бар болғаны сол. Аса сәтті шығарма болмағанын уақыт дәлелдеп берді. Мұндай бір сәттік көңіл-күймен жазу - Бердібек талантының табиғатына әбден жат. Он жылдан аса уақыт бір романға толғатқан ол «ақырын жүргенде» ғана «анық басады». «Бұл жол Мәскеуге апарады» деп аяқталатын кішкентай ауылдың кішкентай балғынының арманын негізге алған өте шағын «Жол» әңгімесі заманында бүлдіршін оқырмандарын біраз әсерге бөлегені анық. Бірақ, мұндай тұтамдай көлемді дүниелер оның қолы емес екенін ол, әрине, білді. Оның тынысы кеңіп, адымы ашыла түсетін жанры - повесть. Ол онда өзінің кейіпкерін қырнап-жонып, алдағы негізгі оқиғаларға дайындап алып барып стартқа қоюға мүмкіндік алады. Мұның оған не үшін керек екенін жоғарыда айттық.
Бердібекті «балалар жазушысы» ғана десек, әділетті болмағанымыз. Тіпті, әлгі әңгімелері мен өлеңдерінен өзгесі бүлдіршіндердің түсінігіне тым ауыр, қою дүниелер. «Менің атым Қожа» балаларға әбден етене болғанмен, үлкендердің өзін ойландыра алатын соқталы шығарма. Ал, «Аяжан» сөз жоқ, балаларға арналған бірден бір шығармасы. Аяжанды атасының ауылды аралатуы, тіршілігі, тұрмысымен таныстыруы рет-ретімен, кезең-кезеңімен қандай оқушыға болсын танымдық мол мағлұмат береді. Және жалаң емес, түрлі типтер, мінездердің қатысуында қызғылықты оқылады.
Бір қызығы, жазушының өзі «мен балалар жазушысы ғана емеспін», - деп айтпаған сыңайлы. «Мен, мысалы өз шығармаларымды бірінші жақтан жазам. Бұл өмір құбылыстарын - жақсы мен жаманды, ақ пен қараны бала көзімен көру, бала түйсігімен түйіндеуден туындайды. Содан кейін баланы зеріктіретін суреттемпаздықтан, тәптіштеп ұсақ-түйек татымсыздықты тасыта берушіліктен аулақ болам. Бала ойына лайық шығармалар жазуға тырысамын», - дейді бірде. Және, бұл ретте «Аяжан» мен «Қожаны» ғана ауызға алады. «Повестерімдегі бала сөздерінде көп қиналдым. Қожаның, Аяжанның аузына салынған сөз талай рет өшіріліп, қайта жазылғандар». Нақтылап айтпаса да, балалар әдебиетінің барлық талаптарына осы екі шығармасының толықтай жауап беретініне ден қойған. Бердібектің балаларға арнап жазған шығармаларының өзі ақыл тоқтатқан оқырманның да ой өрісіне толықтай жауап бере алуының бір сыры - Бердібектің бала кейіпкерлерінің үлкендер психологиясы мен мінез-құлқын жақсы білетіндігі. Өзі айтқандай «суреттемпаздыққа» аса пейіл бере қоймаған жазушы бүкіл шығармасын шынайы, жанды қимылға, жоғарыда айтқан бір-бірінің ізін басып, шебер қиюласып отыратын сәттерге құруға тырысады. Адам мінезі мен жандүниесінің түрлі күйге енер сәтін қалт жібермейді. Адамның бет-әлпетіндегі өзгерістерге үңіліп жатпайды, тек сыртқы сұлбасы немесе бір ғана айырмашылығы арқылы оның бүкіл болмысын көз алдыңызға әкеп бүтіндей қоя салады. Одан ары қарай әлгі адамның толық бейнесі қарым-қатынас пен іс-әрекет үстінде ашыла түседі. Бірақ, бұл кезде сізді кейіпкердің қандай екені емес, соның айналасында өрбіп жатқан оқиға қызықтырып кетеді.
Бердібектің күллі шығармашылық дүниетанымында бір нәрсе андағайлап тұрады. Ол - тұрмыс. Баршылық пен жоқшылықтың бітіспес күресі жүріп жатады. Бердібек жеңілсе, - әлсіздігінен емес, бала күнінен көкейіне мықтап орнаған басты және бір ғана кемшілігі - кедейлігінен жеңіледі. Ол сондықтан да балалық шағына қараған сайын мұңға батады. Және, айналып соға береді. Өйткені, оның көкірек көзінің, дүниетанымының бастауы сонда жатыр. Ой-жүйесін мықтап билеп алған да сол шақ. Ауыр шақ. Бәлкім, балалық шағы шуақ пен жарыққа әлдеқайда бай болса, жазушыны әлдеқайда бақытты жасауы мүмкін еді ғой. Бәлкім, өмірін мүлде басқа арнаға бұрып жіберер ме еді. Бұл сұрақ төңірегінде жазушы да аз ойланбаса керек.
Өзін, көргенін ғана жазған, фантазиясына аса қаталдықпен тыйым салып отырған жазушы біртіндеп жазу үстелінен алыстап кеткенін өзі де аңғармай қалды. Бәлкім, кейінгі көргендері балалық шақта, есею жылдарында көрген қиындықтарының жанында айтуға, жазуға тұрмайтын қарабайыр өмір болып көрінген шығар.
Өзі айтқан «бірақтар» жазушыға жеңістік бермеді ақыры...
Қарасазда, Мұқағалидың 60 жылдығында Бердібек сөз сөйлеп тұрғанда тікұшақпен облыс әкімі келіп қоныпты. Сірә, «елдің берекесін кетіріп» жақын келіп қонса керек. Бүкіл атқамінер мен қызығушылық жеңген қалың жұрт сол жаққа ауып кеткен... «Мұқағалидың қадірін тірісінде қайсың білдің?» - деп тік кеткен, сөзі бөлінген Бердібек... Қатты шамырқанған көрінеді. Ол заңды да. Қайтар жолда өкіметшіл, билікшіл, сауықшыл, жеңілтек елі жайлы не ойлады екен?.. Тағы да шарасыздық меңдеген шығар...
«Қазақ тойшыл, сауықшыл халық. Оған қазір жағдай жоқ. Той болады, өте сирек болады. Және бұрынғы той емес». Бұл Бердібектің қиын кезеңдегі қазақ ауылының жағдайына қайысып отырып айтқан сөзі. Бүгінде бізде де той болады, өте көп болады. Бұрынғы той емес екені және аян. Тағы бір той бар. Бердібектің ауылында. Кіндік қаны ғана емес, маңдай тері ғана емес, шарасыздықтан, жеңілістерден талай мәрте көз жасы тамған өлкеде үлкен той болады...
Алмас НҮСІП