Балама идеяларға басымдық

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа Үкімет жұмысы барысында бірден аңғарылғаны - атқарушы билік сарапшылармен байланысты реттей бастады. Мәселен, Үкімет басшысы қызмет барысында қазақстандық экономикалық саясаттың проблемалық мәсе­лелері бойынша ұсыныс-болжамдарымен бөлісу үшін тәуелсіз сарапшылармен кездесіп, олардың институционалдық реформалар, қаржылық сектор проблемалары, бюджет, салық, ақша-кредит саясаты, теңгенің айырбас бағамының құбылмалылығы мәселелеріне қатысты пікірлерін мұқият тыңдады.

Балама идеяларға басымдық

Сонымен бірге, үкіметтік емес сектормен ашық та еркін құрылымдық диалогты әрі қарай жалғастыруға дайын екендігін жеткізді. Бұл Министрлер кабинеті басшысының мемлекет қызметіндегі ресми экономистерді емес, нағыз тәуелсіз сарапшыларды шақыруының алғашқы мысалы болып, Б.Сағынтаев үкіметінің халыққа ашықтығын көрсетті. Сондай-ақ, Үкіметтің экономикадағы қордаланып қалған мәселелердің түйінін тарқатуда тың ақыл-кеңестерге құлақ асып, экономиканың даму болашағы үшін сындарлы диалог құруға, бірлесе, санаса әрекет етуге әзір екендігін аңғартты.

Осыдан да болар, Үкімет басшысы қаптаған қалың цифрларға емес, шынайы нәтижелерге  көңіл бөлу қажеттігін мең­зеген-ді. Мысалы, Үкіметтің бір отырысында ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев елімізде 25 индустриалдық аймақ­ты құруға 24,4 млн. теңге бөлініп, бүгінде 12 индустриалдық аймақ жұмыс істеп, онда жалпы сомасы 700 млрд. теңгенің 273 өндіріс орны орналасқандығын, ол жерде 626 млрд. теңгенің өнімі шығарылғандығын айтқан болатын. Оның мәліметінше, ағымдағы жылда Ақтөбе, Қызылорда, Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында индустриалдық жобалады құруға 4,5 млрд. теңге қарастырылған.

Алайда, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының басшысы Абылай Мырзаxметов министр ұсынған мәліметтермен келіспеді. Ол бүгінде жоспар бойынша 50 индустриалдық аймақ болса, соның тек 10-ы ғана жұмыс істеп тұрғандығын, барлық істеп тұрған индус­триалдық аймақтар ішінде тек «Оңтүстік» аймағы ғана тиімді болып отырғандығын ашып айтты. Осы тұста Үкімет басшысы «Атамекенді» қолдайтындығын жеткізіп: «Бұл жерде мен өз адамдарыма қарағанда, атамекендіктерге көбірек сенемін. Себебі, олар бар мәселені боямасыз айтады. Біз болсақ, министрліктерде, аймақтарда отырған әріптестеріміздің берген мәліметтеріне сеніп отыра береміз», - дегені мәлім.

 Премьермен кездесуде сарапшылар өндіру­шілерді қолдаудан тұтынуды қолдауға көшу қажеттігін алға тартты. Яғни, жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіпкерлерге табыс табуға мүмкіндік жасап, бюджеттен қаржылан­ды­ры­латын мекемелердегі еңбек­ақыны көтеру қа­жеттігі, даму институттары арқылы эконо­ми­каға бағытталған ақшаны экономикаға басқа жағынан салып, ұқсату жөн екендігі баса айтылды. 

 Жаңартылған Үкіметтің технократиялық тұрғыда жұмыс істеп, тиімді шешімдер қабыл­дайтынына сарапшылар күмән келтір­мейді. Үкімет шығындарды азайтып, мемле­кет­тік жобалардың тиімділігін арттыру бағытына ден қояды. Бұдан бөлек, Үкіметтің алдында қазақстандық тауарларды сырт мемлекеттерде жоғары бағаға сату бағдарын қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл тек тауарды жеткізуді ғана емес, отандық өнім өндіруші үшін кедергілерді болдырмау бойынша белсенді келіссөздерді құрайтын күрделі шара. Тұтастай алғанда, ақылға қонымды шешімдер қабылдау үшін статистикалық мәліметтерге баламалы талдау болатын ақпараттарды мейлінше көбірек жинаған жөн. Әсіресе, бүгінгі сын-қатерлер жағдайында экономикалық бағдар шаралары жан-жақты талқы негізінде қабылдануы тиіс.