Баланы мектепке дайындауға көмек: Шымкентте 50 мыңнан астам өтініш мақұлданбады
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкентте ата-аналардың шағымынан кейін мыңдаған отбасының баласын жаңа оқу жылына дайындауға арналған әлеуметтік көмекті не себепті ала алмағаны белгілі болды. Биыл өтініштерді қарау және тексеру тәртібі өзгерген.
Мектеп оқушылары бар көпбалалы аналар Шымкент қаласы әкімдігіне келіп, биыл не себепті әлеуметтік көмек тағайындалмағанын анықтауға тырысты. Аналардың айтуынша, бұған дейін олар «Мектепке жол» акциясы аясында тұрақты түрде төлем алып келген. Сондықтан биыл да осы қаражатқа үміт артып, балаларын жаңа оқу жылына дайындауды жоспарлаған.
Биыл бір балаға берілетін біржолғы көмек – 51 мың теңге шамасында. Көпбалалы отбасылар үшін бұл қаражат киім-кешек пен мектеп құралдарын сатып алуға жұмсалатын шығындардың бір бөлігін өтеуге мүмкіндік береді. Әйелдер бірнеше баланы 1 қыркүйекке бірден дайындау отбасылық бюджетке салмақ түсіретінін айтты.
Жағдайға қатысты Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов түсініктеме берді. Оның айтуынша, мектеп оқушыларына берілетін көмек тоқтатылған жоқ. Тек отбасының көмек алуға құқығын анықтау тәртібі өзгерген.
– Үкімет қаулысына сәйкес, жергілікті бюджет қаражаты есебінен белгілі бір әлеуметтік санаттарға жататын білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қаржылай және материалдық көмек көрсетіледі. Оларға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасылардың балалары, АӘК алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс минимумынан төмен отбасылардың балалары, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардың балалары жатады, – деп түсіндірді Қуаныш Ысқақов.
Бұған дейін құжаттар тікелей мектептерде қабылданатын. Алайда отбасының табысын тексеру барысында әртүрлі мемлекеттік жүйелердегі мәліметтерге қол жеткізу қиындық туғызған.
– Баланың әлеуметтік санатын анықтау кезінде бұған дейін қиындықтар болды. Кей жағдайларда отбасының нақты жағдайы толық тексерілмегендіктен, белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін адамдар да көмек алып отырған. Әсіресе жан басына шаққандағы нақты орташа табысты анықтау қиын болды, өйткені қажетті мәліметтерді әртүрлі мемлекеттік ақпараттық жүйелерден толық көлемде алу мүмкін болмады, – деді білім басқармасының басшысы.
Осыған байланысты Шымкентте қаржылай және материалдық көмек алушылардың саны жыл сайын артып отырған. Мәселен, 2024 жылы мұндай төлемді 46 825 бала алған. 2025 жылы алушылардың саны 57 047 балаға жеткен. Ал биыл қала бюджетінде шамамен 66 мың оқушыға көмек көрсетуге қаражат қарастырылған.
Биылдан бастап өтініштер бірыңғай цифрлық Qosymsha.kz платформасы арқылы қабылданады. Отбасының әлеуметтік жағдайын тексеру мектептердің қатысуынсыз жүргізіледі. Бұл мақсатта жүйе шамамен 25 мемлекеттік ақпараттық жүйемен біріктірілген.
– Шымкент әкімдігінің бастамасымен тиісті министрліктермен бірлесіп мемлекеттік ақпараттық жүйелер интеграцияланды. Енді баланың қаржылай көмек алуға құқығы автоматты түрде анықталады. Отбасы туралы мәліметтер шамамен 25 мемлекеттік ақпараттық жүйеден алынып, өзара салыстырылады. Осы мәліметтер негізінде Ұлттық білім беру деректер базасы баланың белгіленген талаптарға сәйкестігін анықтайды, – деді Қуаныш Ысқақов.
Өтініш қабылдау кезеңінде жүйеге барлығы 78 543 өтініш түскен. Оның 18 927-сі қазіргі уақытта қаралу үстінде. 9 612 өтініш бойынша көмек тағайындалған, ал тиісті төлемдер алдағы уақытта жүргізіледі. Ал 50 004 өтініш берушіге көмек көрсетуден бас тартылған.
Бас тартулардың көбі екінші санатқа қатысты болған. Бұл – атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген шектен төмен отбасылар. Мәліметтерді автоматты түрде тексеру барысында көптеген отбасының аталған талапқа сәйкес келетіні анықталмаған.
– Бас тартулардың басым бөлігі өтініш берушілердің екінші санатқа жататыны расталмағандықтан берілген. Жаңа жүйе бюджет қаражатын белгіленген талаптарға шынымен сәйкес келетін және әлеуметтік қолдауға мұқтаж балаларға бағыттауға мүмкіндік береді, – деді басқарма басшысы.
Жаңа жүйеге қатысты ата-аналарды алаңдатқан тағы бір мәселе бар. Бас тарту туралы хабарламада өтініштің қандай талапқа сәйкес келмегені нақты көрсетілмейді. Ал бұл жөніндегі ақпаратты әзірге білім басқармасынан да алу мүмкін емес.
Мұның себебі – Ұлттық білім беру деректер базасындағы дербес мәліметтерге қолжетімділіктің шектеулі болуы. Қазір бұл ақпаратты өтініш берушінің өзі көре алатындай мүмкіндік жасау мәселесі тиісті министрліктермен бірлесіп талқыланып жатыр.
– Өтініш берушіге көмек не себепті тағайындалмағаны туралы нақты ақпарат берілуі тиіс екенін түсінеміз. Дербес деректерді қорғау талаптарына байланысты басқарма қызметкерлерінің бұл мәліметтерге қолжетімділігі жоқ. Өтініш берушіге бас тарту себебін өз бетінше анықтауға мүмкіндік беретін тетікті енгізу мәселесі қарастырылып жатыр, – деп түсіндірді Қуаныш Ысқақов.
Білім басқармасы оқушыларды мектепке дайындауға арналған көмекті қаржыландыру жалғасатынын атап өтті. Биыл қала бюджетінде шамамен 66 мың балаға қаражат қарастырылған.
Бұған дейін Қазақстанда балалы отбасыларды қолдауға биыл қанша қаражат бөлінгені туралы хабарлаған едік.