Баланы судан құтқарған әскери қызметші: Бәрі қас-қағым сәтте болды

None
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Әскери салада қызмет ететін адам жұмыста да, демалыста да қоғамдағы тыныштықты, жұрттың қауіпсіздігін күзетеді. Оған өскемендік Тілек Құмарбеков дәлел. ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3477 әскери бөлімінің атқышы өзен жағасында жүргенде суға батып бара жатқан қаршадай балаға көмекке ұмтылған. Бүлдіршінді құтқарған ефрейтордың өзі ажал аузында қалған. 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне орай ҚазАқпарат тілшісі 25 жастағы әскеримен сұхбат құрған еді.

- Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ?

- 1998 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Марқакөл ауылында дүниеге келдім. Бес жасымда отбасыммен Глубокое ауданы Тарханка ауылына көштік. Сол жақтағы орта мектепті тәмамдадым. Мектептен соң Отан алдындағы борышымды өтеу үшін әскерге кеттім. Ұлттық ұланның Көкшетаудағы 5510 әскери бөліміне түстік. Бұл 2016 жыл.

Әскери өмір өзіме ұнады. Осы бағытқа біржола бет бұрамын деп шешім қабылдадым. Әскерден келгеннен кейін Өскемендегі Қазақстан-Американдық еркін университетінің жоғарғы колледжіне «заңгер» мамандығына құжат тапсырдым. 2020 жылы қолға диплом алған соң білімімді осы университетте жалғастырып жатырмын. Қазір 3-курстамын. Биылғы жазда оқуымды аяқтаймын.


- Жұмыс өтіліңіз қайда басталды?

- 2020 жылы желтоқсан айында ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөліміне қарауыл бастығы болып жұмысқа орналастым. 6 айдан кейін 3477 әскери бөліміне атқыш болып ауыстым. Сол уақыттан бастап бүгінге дейін табан аудармай қызмет етіп келемін.

- Әкеңіз немесе ағаларыңыз әскери қызметші болған ба еді?

- Жоқ. Бірақ әкем жас кезінде әскерге барған. Соны маған әңгімелеп айтып беретін. Қаруластарын, әртүрлі қызықты оқиғаларды еске алып отыратын. Бұл да менің қызығушылығымды оятты. Әскери форма киген адамдарды көргенде сол сияқты болғым келетін-тұғын. Бала күнгі арманым десем өтірік айтқандық емес.

Анамның туған бауырының әскери салада қызмет етіп жүргеніне 15 жылдан асты. Ол маған ақылын айтып, жол нұсқап отырады.


- Суға батып бара жатқан қаршадай баланы аман алып қалыпсыз. Сол оқиға туралы тереңірек баяндап берсеңіз.

- Бұл оқиға 2022 жылдың шілдесінде болды. Сағат кешкі 18.30 шамасы. Демалыс болғандықтан досым екеуіміз Ертіс өзеніне шомылуға келгенбіз. Кенет бір әйелдің айғайлаған дауысы естілді. Сол жаққа қарай тұра ұмтылдым. «Не болып қалды?» деп сұрағанымда «Әне, балам суға батып барады! Көмектесіңіздерші!» деп боз інгендей боздады. Еш ойланбастан қалтамдағы телефонымды жерге тастай салдым да суға секірдім. Жүзіп жетіп, баланы жағаға қарай жеткіздім. Бәрі қас пен көздің арасында болды. Өзеннің ағыны қатты екен. Мүлде әлім қалмады. Кенет өзімнің ағып бара жатқанымды сездім. Ал жүзерге дәрмен жоқ. Сол сәтте есімнен танып қалыппын. Бір уақытта көзімді ашсам мені жәдел жәрдеммен ауруханаға апара жатыр. Сөйтсем, мені батып бара жатқанда жағалаудағы азаматтардың бірі алып шығыпты. Құдайға шүкір, бәрі жақсы аяқталды.

- Өзіңіз де ажал аузынан аман қалыпсыз ғой. Осы ерлігіңіз үшін қандай да бір марапат берілді ме?

- ҚР Ұлттық ұланы басшылығынан «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» және «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» медальдарын алдым. Содан соң Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайдар департаменті «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалін берді.

- Сол оқиғадан кейін баламен немесе оның ата-анасымен жолықтыңыз ба?

- Иә. Әке-шешесі ризашылығын білдіріп, үйлеріне шақырды. «Шақырған жерден қалма» дейді ғой, барып қонақ болдым. Дастархан басында «Баламды құтқарғаныңыз үшін мың алғыс! Өзіңіздей ер жігіттер көп болса» деді. «Бұл – біздің міндет. Менің орнымда болса кез келген әскери адам солай істер еді» дедім. 6 жасар балапан да рахметін айтып, мені ұмытпайтынын жеткізді. Әлі күнге дейін араласып тұрамыз. Мейрам сайын қонаққа шақырады.


- Қазір жастар арасында әскерге барғысы келмейтіндер көбейіп кетті. Сол туралы не ойлайсыз?

- Әрбір жігіт әскерге баруы керек. Себебі сонда шынығып, жан-жақты жетіліп шығады. Әзірге бойдақпын. Егер келешекте ұлым болса, міндетті түрде әскерге жіберемін. Бұл – Отан алдындағы борыш. Еркек кіндікті жан өз жерін, елін қорғау керек! Ал қорғау үшін әскери дайындығы болуы тиіс.

- Жұмыстан тыс уақытта немен айналысқанды жақсы көресіз?

- Суда жүзгенді ұнатамын. Содан кейін жеңіл атлетикамен айналысамын. Достарыммен бірге табиғат аясына шығып, серуендеп тұрамын.

- Алдағы мақсат-мұратыңыз қандай?

- Жоспарым түгелдей осы әскери салаға қатысты. Әуелі университетті аяқтап, сосын офицерлік шен алып, қызмет баспалдағымен көтеріле бергім келеді. Шамам келгенше адамдарға көмектессем деймін. Менің тәрбием сондай. Қайда жүрсем де біреуге титтей де болсын пайдам тисе менен бақытты адам жоқ. Бала күнімде де көрші-қолаңның үй шаруаларына қолғабыс болып, қарттардың жүгін тасып беретінмін. Өкінішке қарай, қазір көбісі тек өзін ғана ойлайтын болып бара жатыр. Бөтеннің қиындығын көрсе де қолұшын созатындар сирек. Сол үшін өскелең ұрпақты бауырмалдыққа, патриоттыққа тәрбиелеп, жақсылық жасай білуді үйретуіміз керек.


- 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне орай әріптестеріңізге, еліміздегі күллі жігіттерге қандай тілек айтасыз?

- Ең бірінші, денсаулық тілеймін. Себебі денсаулықсыз өмірдің сәні кетеді. Одан кейін отбасыларында береке болып, қызметтері өсе берсін. Құдай елімізді тыныштықтан, бірліктен айырмасын! Бозбалаларға, жас жігіттерге айтарым – әскерге барыңдар. Әскер қатарын толықтырып, ел қауіпсіздігін бірге күзетейік!

- Әңгімеңізге көп рахмет!