«Баланы «телетәрбиешіге» неге телміртіп қоямыз?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 20 шілде, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Баланы «телетәрбиешіге» неге телміртіп қоямыз?» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Жерді жетімсіретпейтін жастар қайда?» атты өзекті мақала жарияланып отыр.

«Жер-жер деп қызыл кеңірдек болып жүргенде, Жер-Анамен жұмыс істейтін жан бар ма деген сұрақ көлденең келіп тұр. Қазір қайсы ауылға барсаң да, ақылы бүтін, аяғы ұзын жастардың барлығы дерлік қалаға қарай «құмартып» жүр. «Жермен жұмыс істемейсің бе?» десең, желкесін қасып, жерге қарайды, бірақ қалаға деген қызығушылығынан қайтпайды. Себебі көптеген ауылдарда үміт оты жоқ. Ендігі ауылдың үміт отын кім, қашан, қалай жағатыны да беймәлім. Ал «Дипломмен - ауылға!» деген тиянақсыздау бағдарлама түпкілікті зерттеліп, терең зерделеніп жасалмағандықтан жарқ етіп жанып, жалп етіп сөнген алдамшы жарықтай ғана болды», - деп жазады басылым. 

***

Атырау секілді жұмыс орындары мыңдап саналатын аймақтың тұрғындарының жұмыс таңдауы өзекті мәселеге айналды. Есесіне Атырауда екі қолға бір жұмыс іздеп келген өзге елдің тұрғындарының армандары орындалып отырғаны мәлім болып отыр.

Бұл туралы өңірлік коммуникацияда өткен брифингте облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Еркін Шпанов мәлім етті. 

Брифинг ол бірқатар өзекті мәселелерді ашып айтты. 

«Кейде жастарымыз жалқау емес пе деген ой келеді, - деді ол, - «Жұмыс жоқ» дейді, бірақ бос жұмыс орындары көп. Мысалы, бір ғана «Сичим» компаниясы өткен айда 1100 бос жұмыс орнына тапсырыс берді. «Арнаулы автобазаға» 200-ден астам маман керек, айлық еңбекақысы 70-80 мың теңге. Бірақ мұндай жұмыстарға жастардың барғылары келмейді. Мына жайтқа да назар аударалық: облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясының мәліметінше, өткен жылы біздің облыстың аумағына 56 117 шетел азаматы келген. Оның 16 мыңы - Өзбекстан Республикасынан. Ұлттық банктің мәліметінде Атырау облысынан Өз­бекстан еліне 2015 жылы 750 млн теңге пошта аударымы болғаны көрсетіліпті. Бұл - шетел азаматтарының шекара арқылы қолма-қол алып өткен ақшаларынан бөлек қаражат мөлшері. Қолма қол кетіп жатқаны қаншама? Демек, 1 млрд теңгеге жуық қаржы біздің өңірден көршілес елге кетті деген сөз. Бұл - өз ақшамыз өзімізге емес, өзге елдің экономикасына қызмет етіп жатқанының дәлелі. Бір «таңданысымыз», өзбектің жігіттері айдаладан келіп тапқан жұмысты біздің жергілікті жастарымыз тіпті қызмет екен деп есептемейді де. Ал прокуратураның мәліметіне көз салсақ, түрлі қылмыстық әрекетке барғандардың 30 пайызы жастар. Неге бұлай?», - дейді Еркін Шпанов. Толығырақ, «Айқын» басылымының «Қаражатымыз сыртқа кете бере ме?» атты мақаладан оқуға болады.

 

Сонымен қатар «Айқын» басылымында бүгін "Баланы «телетәрбиешіге» неге телміртіп қоямыз?» атты бала тәрбиесіндегі теледидардың зиянына қатысты толымды материал оқырман назарына ұсынылып отыр.

«Біз үйде баланың санасын билейтін «тәрбиешінің» барына көп назар аудара бермейміз. Расында баланы өзіне еріксіз тартып, сана мен еркін алатын қатал да, қатыгез «телетәрбиешінің» қандай деңгейде рухани тәрбие беретінін ұмыта береміз. Білсек те, ескергіміз келмей, есіктің сыртынан тарс етіп құлыптап, баланың тағдырын «телетәрбие­шіге» табыстап кете береміз. Біз осы әрекетіміз арқылы баланы қор­шаған ортадан оқшауландырып, тасжүрек етіп тәрбиелеп жатқан жоқпыз ба? Ойланатын-ақ мәселе», - деп жазады басылым.

Газеттің жазуынша, балаларын қай бағдарлама қызықтырады, ата-ана алдымен соны зерттеуі керек. Ол үшін бір апта бұрын шығатын телебағдарламалармен танысқаны абзал. Нені көруге болады, нені көруге болмайды, аталған мәселені баламен бірге отырып, талқыға салу керек.

6 жастан кіші бүлдіршіндер күніне 1 сағаттан артық теледидар көрмеуі керек. Ал жасы одан жоғарыдағылар өз жастарына сәйкес және даму ерекшеліктеріне орай телеарна бағдарламаларын көруі қажет. 

«50 мыңға жуық дәрігерлердің басын біріктіретін АҚШ-тың Педиатрлар академиясы жуырда өз зерттеулерінің қорытындысын жариялады. Мұнда біз сөз етіп отырған мәселеге қатысты назар аударарлық деректер бар. Аталған академия жасы 17-нің шамасындағы 700 бүлдіршінге зерттеу жүргізген. Қорытындысында күніне бір сағат немесе екі сағатқа жуық уақыт тапжылмай отырып теледидар көрген, интернет қоржынын ақтарған жасөспірімдердің агрессиялық іс-әрекеті басқаларға қарағанда тым артып кеткені байқалған. Бұл сипат ер балалар ғана емес, қыз­дардың арасында да көрінген. Гарвард университетінің профессоры, аталған академияның мүшесі Майкл Ричтің айтуына қарағанда, екі жасқа дейінгілерді теледидарға жақындату тіпті зиян. Ал одан жоғары жастағы балалар мен жасөспірімдердің теледидар алдындағы ермегі жас ерекшелігіне қарай бір-екі сағаттан аспағаны жөн. Бұл АҚШ-тың Педиатрлар академиясы зерттеулерінің қорытындысынан туған пікірлер жиынтығы», - делінген аталған мақалада.

***

Pokemon Go ойны барша әлемді жаулап барады, деп жазады «Экспресс К» басылымы. Ойынның басты мақсаты смартфондағы виртуалды құбыжықтарды реалды өмірде қуып жету.  Қазақстанда бұл ойын ресми түрде шығарылымы болмаса да, елімізде оның танымалдылығы күн санап артуда.

Бұл ойын виртуалды әлемді ақиқи өмірмен байланыстыра алған алғашқы ойын болды деп бағалануда. Адам смартфондағы камера арқылы покемон аулауы тиіс. Ойыншы аталған покемондарға экрандағы қазандықтарды саусақпен басу арқылы лақтыруы тиіс. Ойын жасаушылары 173 покемонның түрін жасақтаған, кейін олардың саны 700-ге жетеді деп жоспарлануда. Құбыжық иесі өзге ойыншының покемонына қарсы төбелесуге мәжбүрлей алады.

«Кейбір адамдар ойыншылар енді үйлерінен шығатын болды деп қуануда. «Қазақстан аспаны астында» қауымдастығы бір фанаттың жүрек-жарды сөзін жариялады, оның сөзіне қарағанда, ол бұрын дүкенге нан сатып алу үшін  100 метр жүріп өтуге ерінген болса, қазір покемон ұстау үшін 5 шақырым жүгіретін көрінеді», - делінеді «Телефонные монстры» мақалада.