Баланың жанында темекі шегу зорлық әрекетпен теңестірілмек» - БАҚ-қа шолу

***
Бүгінгі таңда әлем елдерінің көбін діни экстремизм мен лаңкестік әрекеттердің жиі болатындығы алаңдатып отыр. Өйткені, оны барша адамзаттың тыныштығын бұзуды, халықтар арасындағы ауызбірлікке сына қағуды көздеген жат пиғылды топтардың іске асыратыны даусыз. Біздің елімізде де кең ауқымда болмағанмен, теріс ағымдағы топтардың ықпалына ерген жастардың тосын әрекеттерге баратындығы байқалып жүр. Мәселен, соңғы жылдары Атырау облысында бірнеше рет құқық қорғау органдарына қарулы қарсылық танытқан топтар анықталды. Олардың кей мүшелерінің жарылғыш заттар дайындап, лаңкестік әрекеттер жасауға қатысы барлығы сотта дәлелденді. Бұл мұнайлы өңірдегі діни ахуалдың күрделілігін байқата ма? «Егемен Қазақстан» газеті тілшісінің осы және басқа сауалдарына Атырау облысының прокуроры Ғалымжан Тоғызбаев жауап берді. Сұхбат «Ел тыныштығын бұзуды көздегендерге тосқауыл қойылады» деген тақырыппен берілген.
Қазақстанда сот актілерінің орындалу деңгейі адам айтса сенгісіз өте төмен күйде қалып отыр. Оның себебі, көптеген ортаны сыбайласқан жемқорлық, тамыр-таныстық, немқұрайдылық, тоғышарлық жайлап алған. «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, бұл туралы кеше «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында ашық айтылды. «Бұдан да сорақысы сол, Сот актілерін орындау комитетінің қызметкерлерінің істі заңсыз қысқарту, атқарушылық іс жүргізуді тоқтатып қою, борышкерлердің мүлкіне тыйым салуды заңсыз алып тастау, тәркіленген мүлікті заңсыз қайтару, алименттік төлемдер бойынша берешек мөлшерін төмендету, тәркіленген мүлікті жымқыру және заңсыз сату, атқарушылық санкциясы бойынша шара қолданбау және т.б. үшін ақшалай ақы бопсалаған деректер де анықталыпты», - деп жазады басылым. Мақала «Сот орындау ісінде олқылықтар көп» деген тақырыппен берілген.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстанның Премьер-Министрі Серік Ахметов Белоруссия астанасы Минскіге жұмыс сапарымен барды. Оның аясында, Серік Нығметұлы Беларусь Президенті Александр Лукашенконың ТМД-ға мүше-мемлекеттер делегацияларының басшыларымен болған кездесуіне қатысты. Кездесу қатысушылары «ТМД елдері Үкіметтері басшылары Кеңесінің» «күн тәртібіне» шығарылатын мәселелерді талқылады. Бұған қоса, олар Достастық елдерінің өзара іс-қимылдары және экономикалық интеграцияның өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Жиын барысында ТМД елдерінің энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, телекоммуникациялар, ғарыш, нано және биотехнологиялар салаларында бірлесе табысты әрекеттесуі «ынтымақтастыққа қарқын беретін локомотив» болып табылатындығы айтылды. Бұл ретте мемлекетаралық салалық кеңестердің тиімді жұмысы айрықша маңызды рөл атқаруға тиіс, ал Достастықта шамамен 70 осындай кеңес құрылып, жұмыс жасауда. Мақала «Премьерлер саммиті» деген тақырыппен берілген.
«Латвия парламенті бүлдіршіндерді темекі түтінімен улайтын - яғни олардың жанында тұрып темекі шегетіндердің үстінен қылмыстық іс қозғайтын заң жобасын мақұлдады», - деп хабарлады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Баланың жанында темекі шегу зорлық әрекетпен теңестірілмек» деген тақырыптағы ақпаратында. Дәрігерлер қауымы тарапынан ұсынылған жобада «Зорлық - баланың денсаулығына зиян келтіретін қасақана жасалған әрекет. Демек, баланың жанында темекі шегу де зорлық. Өйткені темекі түтіні бала денсаулығына өте үлкен зиян келтіреді» делінген. Латвия президенті қол қойғаннан кейін жаңа заң күшіне енеді. Алайда балаларға у жұтқызған «қылмыскерлерге» қандай жаза қолданылатыны әзірше белгісіз. Дегенмен дәрігерлер егер бала темекі тартатын адамның қамқорлығында болса, оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек деген ұсыныстан қайтпай отыр.
***
Бүгінгі таңда дүкен сөрелерінде тәті шырындардың неше түрі толып тұр. Дегенмен, осынау шөл басар сусындардың құрамындағы заттар күдік тудырумен қатар кей жағдайда қауіпті де болатындығын біле бермейміз. Мәселен, «Экспресс К» газетінің тілшісіне 15 түрлі алкоголсыз сусын алу үшін 1500 мың теңге қажет болыпты. Ең қызығы, «Сарыағаш» минералды суы «Мастер лимонад» сусынынан небәрі 10 теңгеге қымбат екен. Ал соңғысының құрамында түрлі химиялық және бояғыш заттар бар екендігі белгілі.