«Балапан» арнасы бесігімізді түзейтін берекелі істің бастаушысы болғай!

АСТАНА. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін көптен күткен ақжолтай хабардың куәсі болдық. Астанадағы «Думан» көңіл көтеру орталығында «Балапан» Қазақстандағы тұңғыш балалар телеарнасының тұсауы кесілді. «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясының базасында құрылған жаңа арна кабельдік желіде мемлекеттік тілде хабар тарататын болады.
None
None

Бұл көңіл көтеретін-танымдық телеарна тілі жаңадан былдырлап шығып келе жатқан бүлдіршіндерден бастап, мектеп қабырғасында білім алып жүрген жасөспірімдер аудиториясына арналған. Арна қыркүйектің 27-сінен бастап көрсетіле бастайды.

Телевизия өскелең ұрпақтың бойына ұлттық тәлім-тәрбие мен ғибрат- өнегені, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты тереңінен сіңіруде, мемлекеттік идеологияны насихаттауда әлдеқашан қуатты күшке айналды. Бірақ еліміздің көгілдір экрандарында ба­лаларға арналған мәнді әрі мазмұнды бағдарламалардың аздығы ұлтымыздың болашағы - жас ұрпақтың ой-санасын өзге елдердің, әсіресе батыстың елдік болмысымызға да, тілімізге де, ділімізге де жат дүниелеріне еріксіз бұрып отыр. Осылайша, біздің қоғамымызда ұрпақ тәрбиесіне қатысты көзге көрінбейтін «ұрыс» жүруде. Ол ұрыста кімнің асығы алшысынан түсетінін әрине уақыт көрсетер, бірақ бұл майданда дәл қазіргі уақытта «біз мықтымыз» деп мақтана алмайтынымыз анық. Бұған басты себеп - орыстанудың аз-ақ алдында қалып, енді-енді оңалып келе жатқан ұлтымыздың ұрпақтарына, жалпы қазақ баласына қазақ екендігін сезіндіретін «көк жәшіктегі» көркем дүниелердің некен-саяқтығы. Ал, телеарналарда шығып жүрген саусақпен санарлық сапалы хабарлар миллиондаған жеткіншектердің сұранысын толық қанағаттандыра алмай келеді. Соның салдарынан қазіргі таңда қазақ баласы үшін шетелдің «Jetix», «Nickelodeon»немесе Ресейдің «Теленяня» сияқты арналары дамудың көзіне айналды. Ал, ол арналардан қазақ баласының көретін мульт­фильм­дері мен бағдарламалары Қазақстанның мемлекеттік идеологиясымен мүлдем қабыспайтыны айдан анық. Осындай олқылықтарымыздың салдарынан бүгінде кішкентай бүлдіршіндеріміз батыстың түр-әлпеті түсініксіз, ойдан шығарылған кейіпкерлерін «идеал» етіп жүр. Дүкендерге, сауда орталықтарына барса сол кейіпкерлері сомдалған ойыншықтарға жата кеп жармасып жүргені. Бұл бүгін қалыпты болғанымен, ертең ұлт болашағы үшін қауіпті құбылыс. Бұған жол берсек, келешекте бармақ тістегеннен келер пайда болмас. Сондықтан да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құзырлы мемлекеттік органдар бұдан жыл бұрын уақыт толық қазақ тілінде хабар тарататын телеарналар ашу жұмысын бастап кеткен еді. Енді міне, соның алғашқы нәтижесінің куәсі болдық. Бірінші болып ұрпағымызға сапалы, тәрбиелік тағылымы мол теле­өнім­дер ұсынуды басты мақсаты ретінде белгілеген «Балапан» арнасының тұсауы кесілді. Бұл сөз жоқ тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы аса маңызды оқиға. Маңызды дейтін себебіміз, бұндай игі істің басталуына ел басқарып отырған азаматтар да үн қатып жатыр. «Балапан» телеарнасының тұсаукесеріне жолдаған құттықтау хатында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов: «Ұлттық телевизия тарихында тұңғыш рет ашылған жаңа жоба ең алдымен әрбір ата-ана үшін, баласы бар әрбір отбасы үшін маңызды оқиға. Ежелгі шығыстың «ең ұзақ жол алғашқы қадамнан басталады» деген қанатты сөзі бар. «Балапан» телеарнасының алғашқы қадамы нұрлы болсын!», деп ізгі лебізін білдіріпті.

Істі бастау оңай болғанымен, оны дөңгелетіп әкету қашанда қиын. «Балапан» арнасының өміршеңдігі ендігі кезекте оның басы-қасында жүрген азаматтардың біліктілігіне, біліміне, қарым-қабілетіне тікелей байланысты болмақ. Ал, енді арна кішкентай бүлдіршіндерге қандай тәрбиелік-танымдық дүниелерді ұсынады дегенге келсек, бұл сұрақтың жауабын «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Жанай Омаровтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатынан табамыз. Сұхбатында Ж. Омаров былай дейді: «Балапан» ар­насының көрсетілімдері де негі­зі­нен танымдық, оқу-танымдық, ойын-сауық шоу бағдарламаларға негізделген. Алғашқы маусымға алты бағдарлама, бір мульттоптама ұсынып отырмыз. Олар, санап берсек, мыналар: «Алақай, балақай!» - спорт­тық ойын-сауық шоу бағдарлама; «Айжұлдыз» - кешкілік та­ным­дық бағдарлама; «Кел, ойнайық!» - танымдық ойын-сауық шоу бағдарлама; «Шеберхана» - оқу-та­ным­дық бағдарлама; «Әліппе» - оқу-танымдық бағ­дарлама; «Ән салайық!» - отбасылық му­зыкалық ойын-сауық шоу бағдарлама; «Ғажайыпстанға саяхат» - оқу-танымдық мультсериал. Сонымен бірге "Қазақстан" ұлт­тық телеар­на­сынан шығатын "Ай­гөлек", "То­ла­ғай", "Еркетай" бағ­дарламалары енді "Балапан" теле­ар­на­сынан да көрсетіле­тін болады. Сондай-ақ ұлттық болмысы­мыз­ға сай, тәрбие­лік-танымдық маз­мұн­дағы балаларға арналған шетелдік ки­нолар мен мульт­фильмдер жіті сұ­рып­талып, қазақ ті­лі­не аударылып бе­рі­леді. Бағдарламалар өте қызықты. Бала­лар­дың ұғымына тү­сінікті. Қазіргі заман талабына сай жаса­лу­да. Оған балалары­мыз 27 қыркүйектен бастап өздері куә болады».

Қалай десек те, «Балапан» телеарнасының өмірге келуін тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы, рухани дүниеміздегі аса маңызды оқиға деп бағалаған абзал. Телеарна кішкентай бүлдіршіндеріміздің жастайынан елін-жерін сүйетін, ұлтының болмысын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын құрметтейтін көркем мінезді әрі тәрбиелі болып қалыптасуына, өсуіне теңізге түскен тамшыдай болса да үлес қосса, онда еңбектің ақталғаны. Сөз соңында мынаған назар аудартқымыз келеді: бұл арнаның тек кабельді желі арқылы ғана шығатыны. Қазақстандықтардың тең жарымына жуығы ауылдық жерлерде тұрады, оның ішінде басым бөлігі қаракөз қандастарымыз. Осыны ескерсек, «Балапан» арнасының шалғайдағы елді мекендерге жол тартуына, әрбір қазақтың, әрбір қазақстандықтың баласының көруіне жағдай жасау қажет. Бұл мәселені бүгінгі құттықтау хатында Үкімет басшысы да ескеріпті. «Біз мемлекеттік тілімізді қолдаймыз. «Балапан» тек қазақ тілінде эфирге шығады. Енді біздің алдымызда «Балапанды» ғарыштық байланыс арқылы әр елді мекенге, әр ауылға тарату мақсаты тұр. Бұған тез арада қол жеткізуіміз керек. Ауылдағы әр отбасы «Балапанды» көріп, қаладағыдай ауылдағы әрбір бала білім, тәрбие алуы тиіс. Мемлекет бұған әрдайым қамқор болып отырады», дейді Премьер-Министр.

Бұдан «баяғы жартас сол жартас» еместігін, «сең орнынан қозғалғанын» байқаймыз. Олай болса, бұл міндетке де таяу уақытта қол жеткіземіз деген үміт мол. Бұл үшін Қазақстанның технологиялық та, техникалық та мүмкіндігі жетеді. Ал «Балапан» телеарнасына, оның ұжымына шығармашылық табыстар тілейміз! Елдің бесігін түзеу, ұрпақ тәрбиесі, ұлт болашағы үшін істеп жатқан істері жемісті болсын!

Соңғы жаңалықтар