Балғаны инедей «иген» Ботагөз немесе кіндігін әкесі кескен қыз

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Қазақы қаймағы бұзылмаған Маңғыстауда нағыз әйел затына тән ибаны сақтап, салиқалы сөз өнерімен, қолөнерімен көпке үлгі боларлық, ұрпағын өнегелі де, көрегенді қылып жеткізген кейуаналар туралы көп еститінбіз. Бірақ, ер мінезімен елден ерекшеленетін, батылдық жігер де, білек күші де, әйелдік болмыс та бір жанның бойынан табылатын нәзік жандар кем де кем айтылады. Ботагөз Жұмағалиеваны міне, осындай дер едік. 

Балғаны инедей «иген» Ботагөз немесе кіндігін әкесі кескен қыз

Кіндігін әкесінің өзі кесіп, Сәбит Мұқановтың романындағы Ботагөздей болсын деп сол есімді берген оның жастайынан құмартқаны аттың жалында ойнау болыпты. Бірге туған бес қыз бір басқа, Ботагөз өзінше бөлек бойжеткен. Ол үш ұлдың төртіншісіндей қыз екен. Жастайынан қой бағып, атқа мініп, ұлдармен жарысып өскен. Ата-анасы Жыңғылды совхозында мал баққан қарапайым шаруа адамдары. Ботагөз 1985 жылы мектепті бітіріп сол кездегі Шевченко (Ақтау) қаласына құрылыс мамандығы бойынша оқуға түседі. Оқып жүргенде дәм-тұзы тартып, Емір деген шалғайдағы мал шаруашылығымен айналысатын ауылға келін боп түседі. Ауыл алыс, оқу қалада...

«Жаңа келген келіншекпін. Бір күні қайын атам «Балам, мен зейнетке шықсам, орныма теміржолға кіресің бе?» деді. Еш ойланбастан «иә» дедім. 1986 жылы атамның орнына жол монтері болып орналастым. Үй-күйімді тастап, орталықтағы оқуға барудан, атамның сөзін екі етпеуді жөн көрдім. Содан теміржолда тапжылмай жұмыс жасағаныма 32 жыл болыпты. 2013 жылға дейін жол монтеры болдым. Оның міндеті әйел кісіге оңай емес еді. Бірақ мен жаспын, қыздардай нәзіктігім де шамалылау, бала кезден қиындыққа, ауыр жұмысқа шындалғанмын. Жұмысымды ашық аспан астында, ойнап-күліп жұрып-ақ атқаратынмын. Қыз-келіншектердей майысып тұру қайда?! Ауыл шпалдарды көтересің, балға ұрасың, жер қазасың. Ол маған үйреншікті нәрсе болып кетті.

Алғаш келгенімде Аслан деген жігіт балғаны қалай ұстап, ұру керегін үйретті. Өмір бойы соның айтқанын қолдандым. Ер азаматтарға қандай жүктеме берілсе, бізге де сол еді. Олар 5 шпал ауыстырса, мен де солай. Жігіттерден қалған емеспін. Әкем Мұрсал Дүйсенбаевтың мен тумай жатып қалауы да сол екен. Ол кісі С.Мұқановтың «Ботагөз» романын оқып жүргенде 1967 жылы дүниеге келіппін. Кітаптағы сияқты мықты жігерлі қызы болғанымды армандапты. Кейін әкем «Романның кейіпкеріне ұқсап қайсар, қайратты» деп риза болып отыратын. Себебі нені бастасам да кейінгі қалдыру деген болмайды, шаршауды білмеймін, соны бітірмейінше тынбайтынмын»,-дейді Б.Мұрсалқызы.

null 

Ол осылайша, жастық шақтың ең гүлдеген кезеңін темір жолдағы қыстың қытымыр мінезіне, жаздың аптап ыстығына шыдай жүріп қолда балға, күрекпен рельс, шпалдардардың арасында өткізді. Құдай қосқан қосағы Бижан Жұмағалиев те біраз жылдар, бақилық болғанға дейін теміржолда жұмысшылар таситын көлікті тізгіндеді.

Екеуінің туған қос перзенті - Аслан мен Берекет қазір теміржолда. Асланы мұнайшы мамандығын меңгерсе де бүйрегі теміржолға бұрып, әке ізін қуған. Көлік жүргізеді. Берекет 2011 жылдан бері составитель, енді станса кезекшісі. Екеуі де спортқа бір табан жақын. Спорттың бірнеше түрімен шұғылданып, Маңғыстау теміржолының қоржынына талай жүлделерді салған. Жазда өткен «Самұрық Қазына» АҚ ұйымдастырған Спартакиадаға аналы-бала болып қатысқан-ды. Жарыста Б.Жұмағалиева қол күресі бойынша аймақтық іріктеуден II орын алды.

Ботагөз Жұмағалиева бүгінде Маңғыстау станциясындағы 2-шақырымда өткел кезекшісі. Күніне 15-16 шақты пойызды күтіп алып, шығарып салып, жол қауіпсіздігін сақтап, өткен пойыздардың техникалық қауіпсіздігін қадағалап, кезекшілерге хабарландыру - оның күнделікті міндеті. 2013 жылдан бері осы жұмыста. Отбасында Жұмағалиевтер әулетінің түтінін түтетіп, о дүниелік болған жарының орнын жоқтатпай, бала, келіндеріне бас болып, немерелерінің қызығын көруде.

«Қателеспесем, осыдан 10-12 жыл бұрын бізді, кілең әйелдерді іссапарға жіберді. Мақатқа қарасты бір разъезге бардық. Бригадиріміз, тағы 2 жігітіміз бар, қалғаны 6 әйел. Жолдан күтіп алған мастеріміз бізді көріп, мына әйелдерді жібергені несі, бұлармен қалай жұмыс істеймін. Жоспарды қайтіп орындаймын, деп бұлқан-талқан болды. Мекемемізге де хабарласып ашуын білдіріп жатты. Бірақ біз оның жүзін жерге қаратпадық. Бір күнде 30-40 тіпті 50 вагонға дейін шебін түсіретінбіз. 14 күннен кейін жұмысты аяқтап, үйге қайттық. Сонда әлгі мастердің қайта-қайта рахмет айтып, нәзік жандардың қажыр-қайратына бас иетінінін білдіріп шығарып салғаны әлі көз алдымда. Бізбен қоштасарда баяғы тапсырманы орындай алмаймын деген қорқынышын тағы да еске алып, күліп қойған еді,-деген Ботагөз апа қыз-келіншектер қанша нәзік жаратылыс болса да егер олар білек сыбана кіріссе тау мен тас қопарарлық батылдығы бар», - дейді.

null  

Шахида Жұман