Балиде су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Бали билігі танымал туристік аралда соңғы онжылдықтағы ең ауыр су тасқынына байланысты бір аптаға төтенше жағдай жариялады, деп хабарлайды Al Jazeera.

Индонезия президенті Прабово Субианто көмекшілеріне өлімге әкелген су тасқыны салдарын жоюды тездетіп, із-түзсіз жоғалған адамдарды тауып, қоныс аударған тұрғындарға қажетті заттарды жеткізуді бұйырды.
Табиғи апаттардың салдарын жою жөніндегі ұлттық агенттіктің (BNPB) хабарлауынша, хабар-ошарсыз жоғалған адамдарды іздестіру және қоқыстарды тазалау үшін әртүрлі агенттіктерден 400-600 қызметкер жұмылдырылған.
Еске сала кетсек, туристер көп келетін Бали аралында бірнеше күн бойы толассыз жауған жаңбырдан болған су тасқынынан кемінде 19 адам қаза тапты.
Индонезияда жаңбырлы маусым әдетте қарашадан сәуірге дейін созылады. Алайда кейінгі жылдары климаттың өзгеруіне байланысты маусым мерзімі ұзара бастады.