Балқан түбегімен бауырластық: Болгариямен келіссөзде не айтылады
АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Болгария Президенті Румен Радев ресми сапармен келді. Кездесу барысында қазақ-болгар сауда-экономикалық байланысы талқыланады деген жоспар бар. Осы орайда Kazinform тілшісі екі елді не байланыстыратынын, келешек келісім қай салаға ойысуы мүмкін екенін саралады.

30 жыл жалғасқан ынтымақ
Қазақстан мен Болгария арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылы орнады. 1994 жылы елімізде Болгария елшілігі жұмысын бастаған болатын. Ал араға он жыл салып, 2004 жылы Болгарияда Қазақстанның Дипломатиялық миссиясы ашылып, 2019 жылы елшілік болып қайта құрылды.
Бұған дейін Болгарияның мемлекет басшылары Қазақстанда 3 мәрте қонақ болды. 1994 жылы – Желю Желев, 2003 және 2010 жылдары Георгий Пырванов келгені есте. Болгария вице-президенттері де Үкіметпен етене қарым-қатынаста болды – 4 мәрте ресми сапар ұйымдастырылғанын білеміз.
Қай кезең болсын, Қазақстан Балқан түбегіндегі мемлекетпен байланысқа ынталы. 1999 жылы Тұңғыш президенттің Болгарияға сапарынан бөлек, қос елдің ресми өкілдері түрлі саяси алаңда бас қосып, маңызды мәселелерді талқылаудан кенде емес. Бұл тұрғыда БҰҰ жиындары мен экономикалық форумдар пікір алмасуға, одан әрі ресми келіссөздер жүргізуге мүмкіндік берді.

Мысалы, Мемлекет басшысы Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясында Болгария президенті Румен Радевпен жолықты. Осы кездесу кейінгі саяси-экономикалық серпіліске себеп болды деп айтуға болатындай. Өйткені кейінгі 5 жылда еларалық қарым-қатынас дейгейі арта түсті. Министрлердің барыс-келісі жанданып, инвестициялық жобалар саны артты. 2020 жылы Словакиядағы «Globsec» форумында қос елдің Сыртқы істер министрліктері кездессе, 2023 жылы Астанада саяси консультация өткізді. Ал биыл ақпанда Қазақстан Бас прокуратурасы Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков Болгария астанасы Софияға жұмыс сапарымен барды. Өткен айда ғана Қазақстан мен Болгария үкіметаралық комиссиясының 5-отырысы өтті.
Аймақтық даму бағытында тәжірибе алмасу үшін 2004 жылы – Алматы мен Варна, 2016 жылы – Орал мен Благоевград, 2022 жылы – Павлодар мен Благоевград қалаларының әкімшілігі әріптестік орнатты. Қазір Астана мен София, Шымкент пен Пловдив қалаларының байланысын ресми шегендеу пысықталуда.
Енді, 30 жылдам астам ынтымақтастық шеңберінде қандай құнды келісімге қол қойылғанын тізбектеп көрейік:
· Табыс пен капиталға салынатын салыққа қатысты қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенция (1997 жыл);
· Достық қатынастар мен ынтымақтастықты дамыту туралы декларация (1999 жыл);
· Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісім (1999 жыл);
· Экономикалық ынтымақтастық туралы келісім (2011 жыл) күшінде.
Мұндай арақатынас нәтижесіз қалмады, әлемдік аренада селбесіп қадам басуға жол ашқандай. Достас мемлекет Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығын, ДСҰ-ға мүшелігін, «EXPO-2017» халықаралық көрмесін өткізуін қолдады. Еліміздің 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелері құрамына кіруінде көмегі көп.
Ал біздің тарап Болгарияның 2019-2021 жылдары БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңес құрамына енуін, Спорт министрі Қ.Кралевтің Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Еуропа өкілі лауазымына тағайындалуын жақтады.
Мәдени маңыз
Қазақ-болгар арасындағы ынтымақ мәдени-гуманитарлық салада ерек сезіледі. Ресми құжат аясында бекіген қатынас жарасымды жалғасуда. Павлодарда Болгар этникалық орталығы мен Қ.Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебінде болгар бөлімшесі орныққан. Ақтөбе облысында – «Вяра», Павлодар облысында – «Славяне», Атырау облысында – «Возрождение», Астана қаласында – «Злата» этномәдени бірлестіктері бар.
Болгария тарапы мәдени байланысқа өзінше үн қосқан. Бүгінде онда 3 қазақ мәдени орталығы жұмыс істесе, 2018 жылы Софиядағы бір көшеге «Астана» атауы берілді. Ал 2020 жылы Свети Влас қаласына Абай Құнанбайұлының барельефі қойылып, Варна қаласынан ғұламаға көше атауы берілді.

Болгарияның ЖОО-сында 60-қа жуық қазақстандық білім алып жатыр. 3 жыл бұрын Әлихан Бөкейхан университеті мен Техникалық университет, 2022 жылы Торайгыров университеті Бургастағы бірқатар университеттермен келісім жасады. 2023 жылы – ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Болгар ғылым академиясы, өткен жылы – Satbayev University мен София техникалық университеті меморандумға отырған болатын.
Экономика: шикі мұнайдан логистикаға дейін
Қазақстан - Болгарияның болашақ әлеуетін ерте бағамдаған елдің бірі. Қазіргі саяси және экономикалық өзгерісіне қарасақ, Софияның көрсеткіші жыл санап өсіп келеді. Өткен жылдың өзінде айтарлықтай жетістікке жетті: елдің ІЖӨ деңгейі 103,7 млрд еуроны еңсерді; ресми Шенген аймағына қосылды. Сондықтан Балқан түбегіндегі ел келешекте маңызды серіктеске айналуы ықтимал.

Болгарияның экономикалық тартымдылығы – оңтайлы географиялық орналасуында. Солтүстігінде – Румыния, батысында – Солтүстік Македония мен Сербия, оңтүстігінде – Түркия мен Грекия, шығысында Қара теңіз жатыр. Бұл ерекшелік елге көп мүмкіндік сыйлап отыр. Әсіресе, Түркия, Еуропа мен Таяу Шығыс елдерінің сауда байланысына айтарлықтай әсер ете алатын күшке ие. Қазақстан алдағы күндері өтетін келіссөзде логистикалық жобаларға иек артса, ұтары көп болмақ.
Қазіргі экономикалық қарым-қатынаста қарқын бар. 2024 жылы еларалық тауар айналымы 375,2 млн АҚШ долларына жетті. Қуанарлығы, соның 303,6 млн АҚШ доллары, демек 80 пайызға жуығы Қазақстан экспортының еншісінде. 2023 жылы еліміз Болгарияға 27,3 млн АҚШ доллары көлемінде тауар тасымалдаса, өткен жылы 303,6 млн АҚШ долларына бір-ақ көтерілді (жылдық өсім 11 есе).
Сауда және интеграция министрлігі өсімнің себебін экспорттағы негізгі тауар көлемінің артуымен байланыстырған. Дерекке сенсек, өткен жылы Болгарияға экспортталған шикі мұнай – 47,8 есе, өңделмеген алюминий – 41,4 есе, электр тогын басқаруға арналған аппаратураның бөліктері 161 есе өскен. Мұның сыртында қатарға жаңа қосылған тауарлардың саны мол: электрондық интегралды схема (443,3 мың АҚШ доллары), ферроқорытпа (398 мың АҚШ доллары), эфир майы және резиноид (329,3 мың АҚШ доллары).

Биыл да өткен жылғы деңгейді өкшелеп келеміз. Қаңтар-наурыз аралығында тауар айналымы 66,6 млн АҚШ долларын құраған. Оның 51,4 млн АҚШ доллары – экспорт, 15,2 млн АҚШ доллары импорттың үлесінде.
Жалпы аталған елге экспортталатын өнімнің 81,5 пайызы – мұнай, 10,6 пайызы – табиғи газ, 13,6 пайызы – алюминий. Алдағы шикізат өндірісін арттыру жоспарын есептесек, бұл жолдың басы секілді.
Ал Балқан түбегіндегі мемлекет бізге не әкеледі? Болгария экономикасының басым дені үш сектордан құрылған: қызмет көрсету – 71,8%, өнеркәсіп секторы – 25,8%, ауылшаруашылғы – 2,4%. Импорт әлеуеті де осы жиынтық көрсеткіштен шығады, яғни әкелінетін тауарлар азық-түлік, дәрі-дәрмек, тұрмыстық техникалар. Мұның мысалын өткен жылы Болгариядан импортталған тауар статистикасынан аңғарамыз:
· Бөлшек саудаға арналған дәрі-дәрмек (25,2 пайыз) – 18,1 млн АҚШ доллары;
· Электр аппаратурасына арналған пульт, панель, үстел (9,1 пайыз) – 6,5 млн АҚШ доллары;
· Тамақ өнімі (9,1 пайыз) – 6,5 млн АҚШ доллары;
· медицинада қолданылатын аспап мен құрылғы (5,7 пайыз) – 4,1 млн АҚШ доллары;
· Нан және ұннан жасалған кондитерлік өнім (5,7 пайыз) – 4,1 млн АҚШ доллары;
· Құрамында какао бар дайын тамақ өнімі (5,5 пайыз) – 3,9 млн АҚШ доллары.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сенсек, Қазақстанда Болгарияға қатысы бар 107 кәсіпорын тіркелген, оның 61-і жұмыс істеп тұр. Екі ел бір-біріне 40-қа жуық тауар түрін тасымалдайды. Сауда байланысын арттыру мақсатында қазақ-болгар үкіметаралық комиссиясы жүйелі бастамаларды жүзеге асыруда. Нәтижесінде экономикалық байланыс ұлғайып, инвестициялық қатынас қайта дәуірледі.
Мінберде не айтылады немесе Румен Радев кім?
2016 жылдан Болгария тізгінін Румен Радев ұстады. Ол – мемлекет тарихындағы 5-ші президент, мансабының көп бөлігін қарулы күштерде өткерген генерал-майор. 2021 жылы президенттік лауазымға қайта сайланып, сыртқы саясаттағы рөлін орнықтырып келеді. Қазір елдің Еуропадағы беделін көтеруге әрі инвестициялық климатты қалыптастыруға күш салған қадамымен танымал.

Румен Радевтің Қазақстанға сапары жаңа келісімге, әсіресе Қазақстанның басты «көзірі» – мұнай экспортын арттыруға ықпал етуі мүмкін. Сол арқылы Еуропа мемлекеттерінің елімізді шикізат баламасы ретінде қарастыру ықтималдығын арттыра түспек. Сарапшылар кездесу барысында жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асу мүмкін екенін де жасырмайды.
Мемлекетаралық байланыста инвестиция алмасу үрдісі бұрыннан қалыптасқан. Кейінгі 20 жылда Болгариядан – 76,3 млн АҚШ долларына тең тікелей инвестиция келсе, Қазақсттан бұл елге 13,6 млн АҚШ долларына пара-пар инвестиция құйды. Соның ішінде болгар тарапының қызығушылығы жоғары. Мысалы, өткен жылы олар Қазақстанға 7,8 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған, 2023 жылмен салыстырғанда 86,5 пайыз артық.
Ендігі Румен Радевтің сапары инвестициялық межені одан әрі көтеріп, Қазақстаннан бағытталатын тауар көлемін арттыратыны сөзсіз.