Балқарағайдан Павлодар бағытына дейінгі жол учаскесі уақытша жабылады
АСТАНА. KAZINFORM — 3-13 мамыр аралығында KZ 01-01 «Астана қаласының айналма жолы» автомобиль жолының учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Осыған байланысты жөндеу жұмыстары кезеңінде Балқарағай демалыс аймағының бұрылысынан бастап Павлодар бағытына шығатын көлік айрығына дейінгі жол учаскесінде көлік қозғалысы толықтай уақытша тоқтатылады. Жабылатын учаскенің ұзындығы 8 шақырым.
Аталған аралықта жол жабынын жону, жол негізіндегі ақауларды жою және екі қабатты асфальтбетон төсеу жұмыстары жоспарланған. Жұмыстарға 25 жол жұмысшысы мен 66 бірлік арнайы техника, оның ішінде фрезалар, асфальт төсегіштер және жүк көліктері жұмылдырылады.
Төменгі және жоғарғы асфальт қабаттарын төсеу арасында технологиялық үзіліс қарастырылған. Осы кезеңде көлік қозғалысы уақытша ашылатын болады.
Қозғалысты толық шектеу жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жөндеу жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау мақсатында енгізіліп отыр.
Жүргізушілерден сапарларды алдын ала жоспарлауды, уақытша шектеулерді ескеруді және жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарауды сұраймыз. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жай-күйі туралы қосымша ақпаратты 1403 байланыс орталығы арқылы алуға болады.
Айта кетелік Үлкен Алматы көліне көлікпен баруға шектеу қойылған еді.