Астананың айналма жолы: Балқарағай бұрылысынан Павлодар бағытына дейінгі жол учаскесі уақытша жабылады
АСТАНА. KAZINFORM — «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы 2026 жылғы 20-25 мамыр аралығында KZ 01-01 «Астана қаласының айналма жолы» автомобиль жолының учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін хабарлайды.
Жөндеу жұмыстары кезеңінде Балқарағай демалыс аймағының бұрылысынан бастап Павлодар бағытына шығатын көлік айрығына дейінгі жол учаскесінде 20 мамыр сағат 17:00–ден бастап 25 мамыр сағат 00.00-ге дейін көлік қозғалысы толықтай уақытша тоқтатылады. Жабылатын учаскенің ұзындығы — 8 шақырым.
— Қозғалысты толық шектеу жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жөндеу жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау мақсатында енгізіліп отыр. Жүргізушілерден сапарларды алдын ала жоспарлауды, уақытша шектеулерді ескеруді және жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарауды сұраймыз, — делінген хабарламада.
Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жай-күйі туралы қосымша ақпаратты 1403 байланыс орталығы арқылы алуға болады.
Осыдан бұрын «ҚазАвтоЖол» ақылы жолда ақау анықталса, төлем уақытша тоқтатылатынын мәлімдеген еді.