Балқаш АЭС құрлысы 2027 жылы басталады

Астана. KAZINFORM —Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысы 2027 жылы басталатын болды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің ресми өкілі Шыңғыс Ілиясов хабарлады.

Балқаш АЭС құрлысы 2027 жылы басталады
Фото: Kazinform

Оның айтуынша, АЭС-ті толық іске қосу 2030 жылдың орта тұсына жоспарланып отыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, станция кезең-кезеңімен пайдалануға берілмек: әуелі бір блок, кейін екіншісі іске қосылады. Екі блоктың арасы шамамен 8–10 ай болады деген жоспар бар. 2030 жылдардың ортасына қарай жобаны толық аяқталады.

Шыңғыс Ілиясовтың сөзінше, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің мемлекеттік сапары кезінде елдегі алғашқы АЭС-ті салуға қатысты екі үкіметаралық келісімге қол қойылуы мүмкін.

Бұл құжаттар АЭС құрылысына және жобаның қаржылық тетіктеріне қатысты болмақ.

Бұған дейін АЭС құрылысына қажет мамандар «Болашақ» арқылы даярланатынын жазған едік.