Балқаш көлінің жағажайына көлікпен кіргені үшін тағы бір жүргізуші қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM — Балқаш көлінің жағалауында ұсақ бұзақылық жасаған азамат 5 тәулікке қамауға алынды.
Threads әлеуметтік желісіндегі жарияланымға байланысты полиция қызметкерлері Жамбыл ауданының Үлкен ауылы маңындағы Балқаш көлінің жағалауында орналасқан демалыс орны аумағына автокөлікпен кіру фактісі бойынша тексеру жүргізді.
Тексеру барысында Алматы қаласының 32 жастағы тұрғыны Арыстанбек Абу автокөлігімен азаматтар, оның ішінде балалар демалып, шомылып жатқан жағалау аумағына барғаны анықталды.
Тексеру қорытындысы бойынша құқық бұзушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сот шешімімен Арыстанбек Абу 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ал оның автокөлігі арнайы айып тұрағына қойылды.
Айта кетелік Балқаш жағалауына көлігімен кіріп, демалушыларды шошытқан жүргізуші 10 тәулікке қамалған еді.