Балқаш маңында автобус жүк көлігімен соқтығысты: адам шығыны бар
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Астана – Алматы тас жолында жолаушылар автобусының қатысуымен ірі жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан бір адам қаза тауып, тағы үшеуі ауруханаға жеткізілді.
Жол-көлік оқиғасы 21 наурыз күні шамамен сағат 05:00-де Астана – Алматы автожолының 747-шақырымында, Сарышаған кенті маңында, Жамбыл облысы шекарасынан үш шақырым жерде болды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 49 жастағы жолаушылар автобусының жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, жол жиегінде ілеспе бағытта тоқтап тұрған Volvo маркалы жүк көлігіне соғылған.
– Апат кезінде автобуста 33 жолаушы болған. Соқтығыс салдарынан бір адам оқиға орнында қаза тапты, тағы үш жолаушы түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемелерге жеткізілді, - деп мәлімдеді Қарағанды облысы Полиция департаменті.
Полиция жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, сондай-ақ жүргізушілердің еңбек пен демалыс режимін бұлжытпай орындау қажеттігін үнемі ескертіп келеді. Алайда жекелеген жүргізушілер бұл талаптарды елемей, салғырттық танытуда. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай жауапсыздық көп жағдайда ауыр жол апаттарына ұласады.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерге қауіпсіздіктің негізгі қағидаларын қатаң ұстануға кеңес береді: жылдамдық режимі мен арақашықтықты сақтау, шаршаған күйде рөлге отырмау, әр 2-3 сағат сайын демалыс жасау, жолға шығар алдында көліктің техникалық жағдайын тексеру және әсіресе қараңғы уақытта ауа райы жағдайларын ескеру.
Полиция өкілдерінің айтуынша, рөлдегі шаршау реакцияны баяулатып, орны толмас қайғылы жағдайларға себеп болуы мүмкін. Жолдағы қауіпсіздік – әрбір қозғалыс қатысушысының жеке жауапкершілігі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астана – Қарағанды – Алматы тас жолында болған жол апатында 3 адам қаза тапқан еді.