Балқаш тұрғыны «киллерге» 500 мың теңге беріп, танысын өлтіртпек болған

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Балқаш қаласында полицейлер тапсырыспен кісі өлтіру оқиғасының алдын алды. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Балқаш тұрғыны «киллерге» 500 мың теңге беріп, танысын өлтіртпек болған

«23 ақпанда полицияға 59 жастағы Балқаш тұрғыны 500 мың теңге сомасындағы қаражатқа танысын өлтіре алатын адамды іздеп жүр деген ақпарат келіп түсті. Қылмыстың алдын алу мақсатында кісі өлтіруші ретінде облыстық ІІД қызметкері жіберілді», - делінген хабарламада.

Тапсырыс беруші 36 жастағы ер адамды өлтіруді сұраған. Ол 100 мың теңге көлемінде алдын-ала төлем жасады. Дәлел ретінде мәйіттің суретін көрсетуді талап етті.

«3 наурызда облыстық ІІД қызметкерлері Балқашта жедел-тергеу шараларын жүргізіп, «киллерге» қалған соманы беру кезінде тапсырыс беруші ұсталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР ҚК 24-бабы 3-бөлімі, 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес сот алдындағы тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деді облыстық ІІД баспасөз қызметінде.