Балқытушы ыстық цехта шыңдалады
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ұдайы +40-+50 градустық жерде жұмыс істейтін Айзат Ғұмаров бүгінгі кәсібі өзіне ерекше ыстық екенін айтады. 24 жастағы ферроқорытпа балқытушысының бұл салада еңбек еткеніне екі жыл болған, деп жазады «Ақтөбе» газеті.
«Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы филиалы - Ақтөбе ферроқорытпа зауытында балқытушы болып жұмыс істейтін Айзаттың күні бойы негізінен ыстық пештердің қасында жүретінін, оның температурасы кемінде 40-50 градус болатынын білдік.
- Жаздың осындай ыстық күндерінің бірінде жұмысқа кірдім. Цехтың іші - 40-50 градус ыстық. Ондағы температураны сезінгенде, қалай қиналғанымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ол аздай, арнаулы киімнің өзі өте қалың. Анадай қайнап тұрған жерде үстіңе киізден жасалған күрте, аяғыңа байпақ кигенде, жаның көзіңе көрінеді. Ең қызығы, бұның барлығы бір айлық сынақ мерзімі кезінде, зауыттағы ағалар онша ауыр жұмысқа жұмсамағанда болған жағдай. Сол уақытта «Осы салаға қайдан ғана келдім?» - деп өкінгенім рас, - деп әңгімесін бастаған Айзат бірте-бірте бұған да үйреніскенін, уақыт өте келе, цехтағы температурадан екі есе ыстық жер - сұйық металл құятын орында да емін-еркін жүруге бейімделгенін бүгінде күліп еске алады.
Түрлі металдарды арнайы қалыпқа құю, соның ішінде болат сияқты ауыр металмен жұмыс істеу, олардан түскен заттарды жинау міндетіне кіретін жас балқытушы 4 күн жұмыс істеп, екі тәулік демалады. Жұмыс уақыты - таңғы сағат 8-ден түскі 4-ке дейін созылады. Өзінің кәсібіне көңілі толатын Айзат жұмыстағы ең басты талап - барлығын сапалы орындау екенін қосты. «Металды ешқандай апатты жағдайсыз, ойдағыдай шығаруға ерекше мүдделіміз. Көбіне-көп хром шығарамыз. Тапсырысқа қарай құрамы жағынан әртүрлі металдарды да өндіреміз. Негізінен біздің өнімдеріміз шикізат күйінде рельс жасау үшін басқа зауыттарға жөнелтіледі. Қазақстанды айтпағанда, алыс-жақын елдерден сұраныстар түсіп жатады», - дейді ол.
Айзат Райымұлы - Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде металлург мамандығын игерген. Жоғары оқу орнында мемлекеттік грант негізінде білім алған жігіт бұл салаға өз таңдауы бойынша келгенін тілге тиек етті. Осылайша, ата-анасының жолын қумай, өзін қызығынан қиындығы басым салада сынап көруге бекінген ол қазіргі таңда кәсібінің нәсібін көріп отыр. Біліктілігін арттырып, өзін жан-жақтылығымен көрсеткен әңгімелесушіміз соның арқасында еңбекақысының да өскенін жасырмады. «Бұл күнде жалақым - 150 мың теңге» деп ағынан жарылады ол.
Кез келген адам сияқты Айзат та қызметте бұдан да биік белестерді бағындыруды армандайды. Айталық, аға шебер, одан соң цех басшысы болуға ниетті жігіт барлығына да уақыт пен тәжірибе, сондай-ақ, шеберлік керектігін жақсы түсінеді. Ең бастысы, жоғары білімді жас маман оған мүмкіндіктің бары туралы былай дейді:
- Зауытта 4 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Соның ішінде біздің цехтағылардың саны - 200. Шыны керек, солардың барлығында жоғары, болмаса арнаулы білім жоқ. Әлгілер жұмысқа қандай қызметке қабылданса, зейнетке шыққанша соны атқарады... Ал менің дипломым бар. Сондықтан алдағы уақытта қызметтің биік сатысына өрлеуге мүмкіндік бар. Тек еңбек етсем болғаны. Осындайда мектеп кезінен бәрін жоспарлап, оқып-тоқығаныма, оң жамбасымнан шығатын жұмыстың табылғанына шүкіршілік етемін. Бұл да болса, біле білген адамға бақыт. Әр кәсіптің өзіне тән қызығы болса, металлургияда да бұл бар.
Өткен жылы ойда жоқта зауыт ішіндегі концертке қатысқан Айзат көп ұзамай тағы бір қырының ашылғанын сөз арасында келтірді. Ол - көңілді тапқырлар клубындағы қызыққа толы ойыны һәм әзілкештігі. Сондай-ақ «Қазхром» компаниясы ұйымдастырған мәдени шаралар мен спорттық жарыстарда белсенділік танытатын ферроқорытпа балқытушысы өзінің ұжымындағы қызметтестеріне, олардың ұйымшылдығына дән риза.
- Меніңше, жұмыстың ауыр немесе жеңілі жоқ. Шынымен соған бүйрегі бұрған адамға кез келген кәсіпті ұршықша үйіруге болады. Бәріміз - бірдейміз. Тек талаптансақ жетіп жатыр, - дейді Айзат.
ТЕХНОЛОГ МӨЛДІР
Құбырлар шығаратын зауыт жұмысшыларының арасында әйел заты о бастан-ақ аз екені белгілі. Сол санаулы қыз-келіншектердің қатарында осы салада қызмет етуді бала жасынан армандаған Мөлдір Мәмбетрзаева да бар.
Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінде, артынша Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде білім алған Мөлдір мектептің 9-сыныбын бітіргенде, еңбек адамдарына деген сұраныстың ерекше болатынын түсініп, осы саламен өмірін байланыстыруға бел буғанын айтады. Ата-анасы да оның бұл қадамын құптап, жоғарыда аталған арнаулы орта оқу ордасының «Шыны бұйымдары және шыны талшығы өндірісі» мамандығына қызының құжаттарын тапсырады. Колледжді ойдағыдай аяқтаған бойжеткен кейіннен жоғары оқу орнында білімін шыңдайды. Технолог мамандығын игерген ол жұмысқа орналасарда да анау айтқандай қиындық көрмегені туралы былай дейді:
- Өзім студент кезімде өндірістік тәжірибеден өткен Ақтөбе бейметалл құбырлар зауыты басшылығы диплом алғанымды естіп, көп ұзамай жұмысқа шақырды. Менің мамандығым бойынша кәсібін дөңгелеткендер осында аз болғандықтан, әрине, бұл ұсынысты қуана қабылдадым. Сөйтіп, мекемеге химик-зертханашы болып қызметке орналастым. Биыл осында еңбек етіп жатқаныма 5 жыл болды.
Негізінен ауысым бойынша жұмыс істейтін Мөлдір кейіннен инженер-химик болғанын, бүгінде сондағы сынақ зертханасының жетекшісі екенін жеткізді. Оның міндетіне әріптестерінің жұмыс есебін қабылдап алу, шикізат материалдарына бақылау жасау, зауытта жасалған өнімдерге әртүрлі сынақ жүргізу кіреді. Сондай-ақ, жас маманнан сөз арасында шығарылған құбырлардың сапасын ұдайы қадағалап отыратынын да білдік. «Тізбелеп айтқанда бәрі оп-оңай сияқты боп көрінеді. Шын мәнінде, олай емес. Зертханадағы өлшеу аспаптарымен, басқа да қондырғылармен жұмыс істеудің өзі ерекше ептілікті, ыждағаттылықты және сауаттылықты қажет етеді», - дейді ол.
Мөлдір Елдосқызы қазіргі күні айтуға оңай болғанымен, жұмысқа кірісерде барлығын игеріп кету қиын болғанын жасырмайды. 3-4 айдан соң бір қалыпқа түскен ол алғашында зауыттың өзіне тән жағымсыз иісіне үйренісіп кету қиынға соққанын және қосты. Әлі күнге дейін өндіріс орнына сырттан келгендер аузын басып, көзін жұмады екен... Мөлдір болса, оны тіптен сезбейтінін де күліп келтірді. «Одан бөлек, құбыр шығарылатын кәсіпорынның қауіпті жақтары да жоқ емес. Айталық, цехқа барып, материалдарды өлшеп, сапасын тексергенде, аз-кем қобалжитынымыз бар. Бірақ, бізде қауіпсіздік шарасының сақталғанынан болар, бәрінің әдеттегідей сәтті шығатынына деген сеніміміз басым», - деп сыр ақтарады технолог.
- Бұл - жауапкершілігі мол жұмыс. Әсіресе сынақ зертханасының ішінде бір пернені дұрыс баспай қойсаң, болмаса біреуін уақытында ажыратпасаң, ол бүкіл өнімге залалын келтіруі мүмкін. Жалпы, небір қателіктер білместіктен басталады ғой, зауытта оның маңыздылығы тіптен өзгеше.
Бірде зертханадағы ауа, ылғалдылық өлшейтін аспаптар тұрған бөлмеде бір құрылғыны абайсыздықтан сындырып алдым. Бұл түнгі сағат 11-де болған жағдай. Сондағы қорыққанымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Неге десеңіз, іштегі әр жабдық шетелден арнайы тапсырыспен әкелінеді, оның көпшілігі бір-ақ данадан тұрады. Бағасы туралы ештеңе айтпай-ақ қояйын... Абырой болғанда мен сындырған құрылғының тағы біреуі бар екен. Дей тұрғанмен, басшылыққа түсініктеме жазуыма тура келді. Сол оқиға маған үлкен сабақ болды, - деп еске алады ол.
15 қондырғы, 50 шақты өлшем құралдарымен жұмыс істейтін Мөлдір өзі оқыған, еңбек ететін саладағы олқылықтарды да айтып өтті. Оның сөзінше, өндіріс орындарында әлемдік деңгейдегі стандарттау әлі де кемшін. «Көбінесе Ресейдікіне қарап, бой түзейміз. Әрі кадр тапшылығы да бар. Сондықтан осы сала, меніңше, қазіргі таңда ақсап тұр. Әлі күнге белгілі бір жүйе жоқ. Сосын құжаттардың қазақ тіліндегі толтырылуы да көңіл көншітпейді. Қазақша оқыған мен кейбір техникалық сөздерді түсінбеймін, өте күрделі. Мемлекеттік тілге аударылуы нашар. Осы мәселе менің жүрегімді ауыртады», - дейді әңгімелесушіміз.
Негізгі кәсібінен басқа, метрология саласына қызығатын Мөлдір болашақта ол бойынша да білімін жетілдіріп, жұмыс істеуді мақсат етіп отыр. Оның ойынша, адам әр салада өзінің бағын сынап көруі шарт.
Бетті дайындаған Айбек ТАСҚАЛИЕВ.
БІЗДІҢ ДЕРЕК
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары Сәбит Мұқановтың бізге келтірген мәліметіне сүйенсек, соңғы мәлімет бойынша облыста 14-29 жас аралығындағы қыз-жігіттердің саны - 228 мыңнан астам. Олардың ішінде жұмысшы мамандықтарын игеріп, өндіріс орындарында еңбек ететіндер - 9 мың.