Балық аулауды шектеп, оны жасанды жолмен көбейтуге күш салу қажет

АСТАНА. 20 наурыз. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы саласының мамандары еліміздің балық ресурстары мен өзге де су жәндіктерін аулауды шектейтін болды.

Балық аулауды шектеп, оны жасанды жолмен көбейтуге күш салу қажет

Бүгін ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері журналистермен баспасөз мәслихатын өткізіп, осы мәселеге байланысты арнайы үкіметтің қаулысының шыққанынан хабардар етті. Мамандардың сөздеріне сенсек, аталмыш қаулы ғылыми сараптамалармен негізделген және ол балық шаруашылығын қоршаған ортаның зиянды әсерлерінен сақтайды. Сонымен қатар балықтар мен өзге де су жануарларының жойылып бара жатқан түрлерін сақтап, олардың табиғи жолмен көбеюіне де игі ықпалын тигізбек. Бір жағы бұл Мемлекет басшысының бекіретұқымдас балықтарды аулауға мараторий жариялау жөніндегі тапсырмасын да жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Үкімет қабылдаған қаулы талаптарына сәйкес, еліміздегі жекелеген су қоймаларында балықтарды уылдырық шашатын кезінде  аулау мерзімін шектеу айтарлықтай ұзартылып отыр. Атап айтқанда, Балқаш көлінде балық аулау мерзімін шектеу 15 күнге ұзартылды. Енді бұл аймақта 15 сәуір мен 1 маусым аралығында балық аулау құрылғыларының ешқандай да түрін пайдалануға болмайды. Ал Қапшағай су қоймасында балық аулауға тыйым салу бұрынғыдан ерте енгізілетін болды. Бұрындары мұнда 1 мамыр мен 15 маусым аралығында балық аулауға тыйым салынса, бұл мерзім 5 сәуір мен 20 мамыр арылығына жылжытылды. Сондай-ақ Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасының жекелеген бөліктерінде балық аулауға тыйым салу 15 күнге ұзартылды. Жайық өзенінен балық ұстау 30 күнге дейін созылып отыр.

Баспасөз мәслихаты барысында таратылған мәліметтер бойынша, балық шаруашылығындағы су қоймаларын қалпына келтіру мақсатында балық аулауға шектеу қою шаралары болашақта кеңейтіле түсуі де мүмкін. Бұл дегеніңіз, су қоймаларындағы балықты кәсіп ететін нысандар саны да қысқарады дегенді білдіреді. Ал бұл мәселені шешу үшін мамандар балықты тауар ретінде бағуды ұсынып отыр. Мамандардың пікірлерінше, балықты аулаудан оны өсіруге көшу - балықтардың табиғи түрде көбеюі үдерісі үшін тиімді болмақ. Өз кезегінде оның әлеуметтік-экономикалық жағдайға да жағымды әсері   болады. Балықты тауар ретінде дамыту шарасы қосымша жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Бұл ретте жұмыс орындарының әсіресе ауылдық аймақтарда көптеп ашылатынын еске сала кеткен жөн.

Баспасөз мәслихатында балық шаруашылығымен байланысты проблемаларды сараптаған «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Қуаныш Иісбеков бұл мәселе бойынша бүгін «дабыл» қағатын уақыттың жеткендігін айтады. Ғалымның мәліметтерінше, Қазақстанда балық өсіру көрсеткіші 1990-шы жылдардағыдан 30 пайызға кеміп кеткен. Осы ретте Қ.Иісбеков  елімізде аквамәдениетті дамытпайынша, жағдайдың оңалмайтынын назар аударып, өздерінің Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, балықты тауар ретінде өсіру жөніндегі шеберлік-жоспары дайындалғандығын атап өтті. 2025 жылға дейінгі аралықты қамтитын аталмыш құжат балықтарды жасанды түрде өсіруді дамытуды және оның мөлшерін жылына 50 мың тоннаға жеткізуді  қарастырады.  Бұл тұрғындардың балықты тағам ретінде пайдалану көлемін жылына бүгінгі 5 келіден 10 келіге дейін жеткізуге мүмкіндік бермек. «Ал медицина мамандары еліміздің әрбір тұрғыны жылына 14 келіден астам балық жейтін болғанда ғана, организмдерін балықтан алынатын пайдалы заттармен толық қамтамасыз ете алады деп отыр. Біз   аквамәдениеті дамытумен қатар табиғи қорларымызды да қолдап отыруымыз керек», - деді Қ.Иісбеков.

Ол келтірген деректер бойынша, соңғы бірнеше жылда елде көксерке балығы санының күрт төмендеу жағдайы байқалған. Соңғы кездері бұл балықтың тек саны ғана емес, сапасы да жоғалып кеткен. Айталық, бұрын 10-15 жыл өмір сүрген көксеркелерді жиі кездестіретін болсақ, қазір 8-9 жыл өмір сүрген көксеркелерді кездестірудің өзі мұң. Ал көксерке коммерциялық жағынан алғанда өте қымбат балықтардың қатарында саналады. Осы тектес жағдайдың барлығын сараптап келгенде, елде уылдырық шашатын кезеңде балық аулауға шектеу қою кезек күттірмес мәселердің бірі болып отыр.  «Сондықтан біз қолға алып отырған шаралар балықтар  санын көбейтіп, олардың жоғалып бара жатқандарының санын қалпына келтіруге мүмкіндік береді деген ойдамын. Жалпы балықты табиғи жолмен көбейту, жасанды жолға қарағанда, әлдеқайда тиімді. Сондықтан да біз балық шаруашылығымен байланысты ғылым, арнайы мамандандырылған ұжым ретінде осы бағытты алдағы уақытта да жетілдіре беретін боламыз», - дейді бас директор.

Оның пікірінше, балық аулауға шектеу қою балықты аулауға тыйым салу дегенді білдірмеуі керек. Бұл реттегі басты мақсат - елдегі балық қорларын толықтыру. «Өкінішке орай, көптеген табиғатты пайдаланушылар, солардың ішінде балықшылардың да ұзақ мерзімге бағытталған олжадан гөрі жедел түрде пайда көруді аңсап тұратыны жасырын емес. Ал бүгінгі жағдайды оңалтпасақ, ертең бізге мұндай мүмкіндік тумайды. Сондықтан қазіргідей қоршаған ортадан түрлі зиянды әсерлер көп болып тұрған жағдайда, балықтардың табиғи түрдегі өсімін қалпына келтіру маңызды. Оны жасанды түрде көбейтудің да маңызы зор. Біз бұл міндетті елдегі су ресурстарын  сазан мен көксерке сияқты құнды балық түрлерімен толықтыру арқылы жүзеге асыруымыз қажет», - дейді ғалым.

Қ.Иісбеков аталған проблемалармен қатар балық шаруашылығында қолға алынып отырған бірқатар жағымды жаңалықтардан да хабардар етті. Оның сөзінше, осы уақытта Балық шаруашылығы комитетінің қолдауымен Балқаш-Алакөл бассейнінде көксерке балығын жасанды түрде өсіру бойынша жұмыстар жолға қойылған. Бұл шара да алдағы уақытта еліміздің балық қорын толықтырып, тұрғындардың балықты тұтыну көлемін арттырады деген үміт бар.