Бангкокта пойыз бен автобус соқтығысып, 8 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Бангкокта теміржол өткелінде пойыз бен автобус соқтығысып, 8 адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды, деп хабарлайды Синьхуа.

а
Фото: Синьхуа

Таиланд премьер-министрі Анутхин Чанвиракун оқиға орнына барып, апаттың себептері жан-жақты тексерілетінін және зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Мәліметке сәйкес, жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 15:40-та Чаченгсау провинциясынан Бангкоктағы Бангсы ауданына бағыт алған пойыз қала орталығындағы теміржол өткелінде автобуспен соқтығысқан.

Соқтығыс салдарынан өрт шығып, жарылыс дыбыстары естілген.

Жол апатына бірнеше автокөлік пен мотоцикл де қатысқан.

Оқиға орнына құтқарушылар дереу жетіп, өртті сөндіру және адамдарды эвакуациялау жұмыстарын жүргізген.

Қазіргі уақытта өрт толық сөндіріліп, барлық зардап шеккендер жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілген.

Таиландтың Көлік министрлігі мәліметінше, жол апатынан сегіз адам қаза тауып, 32 адам жараланған. Қаза болғандардың барлығы автобус жолаушылары болған.

Айта кетейік, бұған дейін Таиланд туристер үшін визасыз жүру мерзімін екі есеге қысқартатыны хабарланған еді.