Бангкоктағы ғимарат апатына байланысты Қытай компаниялары тергеуге ілінді

АСТАНА. KAZINFORM — Таиланд билігі Бангкок қаласында жер сілкінісінен кейін құлаған 33 қабатты Мемлекеттік аудит кеңсесіне тиесілі ғимаратына байланысты 37 компанияға қатысты ауқымды тергеу бастады.

Таиланд ІІМ: 30 қабатты ғимараттың құлау себебі жеті күн ішінде белгілі болады
Фото: zaobao.com.sg

Жергілікті Khaosod ақпарат порталының хабарлауынша, тергеу аясында Қытаймен байланысы бар екі ірі компания — China Railway Number 10 және Xin Ke Yuan Steel басты назарда тұр.

Тергеу органдары бұл компаниялардың көптеген делдал мекемелер арқылы жұмыс істегенін анықтаған.

Құрылысқа болат жеткізген Xin Ke Yuan компаниясы жалған салық шот-фактураларын пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. 2015–2017 жылдар аралығында 200 миллион баттан астам сомаға 7 426 заңсыз шот-фактура тіркелген.

Сонымен қатар, China Railway компаниясы Таиланд аумағында 26 мемлекеттік жобаны жүзеге асырып жатыр. Алайда олардың кейбірі аяқталмай, тастап кеткен. Осыған байланысты мемлекеттік сатып алу процесі тексеріліп жатыр. Егер заң бұзушылық анықталса, компания қара тізімге енгізілуі мүмкін.

Бұл іс бойынша тергеу шараларына бірқатар мемлекеттік орган жұмылдырылды. Сауда министрлігіне қарасты Кәсіпкерлікті дамыту департаменті байланысты компанияларды зерттеуге кірісті. Қаржылық бақылау агенттіктері ақшалай операцияларды, Салық басқармасы салық төлемдерін тексеріп жатыр. Өнеркәсіптік стандарттар институты құрылыс материалдарының сапасын зерттейді. Сонымен бірге, Жер департаменті мен Шетелдік бизнес туралы заңды қадағалайтын мекемелер де жер мен акциялар иелігін зерттеуге кірісті.

Шетелдік бизнес туралы заңға сәйкес, шетел азаматтарының атынан үлес иеленген тай азаматтарына және рұқсатсыз кәсіп жүргізген шетелдіктерге 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 100 мыңнан 1 миллион батқа дейін айыппұл салу қарастырылған.

Тергеу жалғасуда. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, номиналды меншік арқылы заң бұзған компаниялар саны бұдан да көп болуы мүмкін.

Айта кетейік, жер сілкінісінен кейін төрт қытай азаматының қираған ғимарат маңындағы контейнерден 32 құжатты алып кетпек болғаны анықталды. Таиланд полициясының хабарлауынша, бұл құжаттарда бас мердігер мен қосалқы мердігерлер туралы егжей-тегжейлі ақпарат болған. Оқиға орнында ұсталған Қытай азаматтары сақтандыру өтемақысына құжат дайындау үшін оларды алмақ болғанын түсіндірген. Құжаттар тәркіленіп, түсініктеме алынғаннан кейін олар босатылды.

Соңғы жаңалықтар