Бангкоктан Қазақстанға жаңа әуе бағыты іске қосылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы мен Таиланд арасында жаңа әуе бағыты ашылады.
Бұл туралы Алматы қаласының туризм басқармасы хабарлады. Ведомство мәліметінше, Thai AirAsia X әуе компаниясы 2025 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Бангкок – Алматы тікелей әуе бағытын іске қосады.
- Бұл қадам Қазақстан мен Таиланд арасындағы туризм алмасуын дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Жаңа рейс Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келетін саяхатшылар үшін Алматыға жолды жеңілдетіп, қаланың Орталық Азиядағы туристік орталық ретіндегі беделін арттырады. Алматыда Thai AirAsia X басшылығымен өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған кездесу өтті, - деп хабарлады басқармадан.
Еске салайық, биыл Оңтүстік Кореяның әуекомпаниясы Инчхон мен Алматы арасында жаңа рейс ашты.
Алматы әуежайының мәліметінше, 2025 жылы әуе айлағы 12,5 миллион жолаушыға қызмет көрсетпек, олардың жартысы — халықаралық бағыттағы жолаушылар.