Банк картасын үшінші тұлғаға бергендер жауапкершілікке тартылады
АСТАНА. KAZINFORM — ІІМ дербес деректерді қорғауға және қаржы қызметі саласындағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасында маңызды өзгерістер енгізілгенін ескертті.

Ведомствоның хабарлауынша, қылмыстық кодекстің жаңа 232-1 бабында өзінің банктік деректемелерін үшінші тұлғаларға бергені үшін, сондай-ақ материалдық сыйақы немесе мүліктік сипаттағы пайда үшін немесе оларды алу мақсатында үшінші тұлғаның мүддесі үшін я болмаса пайданы көздеп, төлемдер немесе ақша аударымдарын жүзеге асырғаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді.
— Алаяқтар берілген деректерді қылмыстық кірістерді қолма-қол ақшаға айналдыру немесе басқа азаматтарды алдау үшін пайдаланады. Көп жағдайда зардап шеккендер өздерінің қылмысқа қатысушы екенін түсінбейді, — делінген хабарламада.
Құзыорлы орган жеке және банктік деректер жай ғана ақпарат емес, бұл тұтынушылардың мүлкі, қауіпсіздіздік пен заң алдындағы жауапкершілік екенін ескертті.
ІІМ келесі нұсқаулықтарды ұсынды:
ешқашан банктік деректерін үшінші тұлғаға бермеңіз;
картаңызды немесе шотыңызды беру арқылы «оңай ақша табуға» келіспеңіз;
күдік туындаған жағдайда банкке немесе құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.
Еске сала кетейік, бұған дейін жыл басынан бері 11 мыңнан астам киберқылмыс тіркелгенін жазған едік.