Банк картасының деректерін басқаға беру – қауіп қана емес, қылмыс

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысының полиция қызметкерлері банктік картаны, шот деректемелерін немесе оған қолжетімділікті басқа адамға беру - енді жай ғана қауіп емес, қылмыстық жауапкершілік екендігін ескертті.

банк карталари
Фото: Pyxabay.com

Абай облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу барысында азаматтардың өз банктік картасын, карта деректемелерін немесе шотқа толық қолжетімділікті ақшалай сыйақы үшін немесе «уақытша ғана», «ештеңе болмайды» деген оймен үшінші тұлғаларға бергені анықталып жатыр. 

- Кейін мұндай шоттар интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты аудару, қылмыстық жолмен алынған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру сияқты заңсыз әрекеттерге пайдаланылады. Тергеу тәжірибесі көрсеткендей, банктік деректемелерді беруге келісімнің өзі шотыңыздың ары қарай қалай қолданылатынын білмесеңіз де қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды, - делінген ақпаратта. 

ҚР ҚК-нің 232-1-бабында банктік шоттарға, төлем құралдарына және өзге де сәйкестендіру деректеріне заңсыз қолжетімділік бергені үшін айыппұл салу немесе бас бостандығын шектеу сияқты жаза түрлері қарастырылған. 

- Банктік карта - сіздің жеке қаржылық қауіпсіздігіңіз. Оны басқа біреудің қолына беру - өз еркіңізбен қылмыстық схемаға қатысу деген сөз. Сондықтан азаматтарды заң талаптарын сақтауға, банктік карталарын, деректемелерін және қолжетімділіктерін ешбір жағдайда үшінші тұлғаларға бермеуге шақырамыз, - делінген мәліметте. 

Еске салсақ, осыған дейін былтыр 6 мыңнан астам интернет-алаяқтық қылмысы әшкереленгені хабарланған

Соңғы жаңалықтар