Банк саласында жаңа лицензия енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда банктер берілетін жаңа лицензия пайда болады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова Алматыдағы банк қызметі туралы заң жобасын таныстыруға арналған дөңгелек үстелде айтқан.

90-ға жуық несие беретін ұйым лицензиясынан айырылды
Фото: freepik.com

- Банктер туралы жаңа заң жобасы жеті негізгі бағытты қамтиды. Бірінші бағыт лицензиялау жүйесін жаңғыртуға және банк нарығына қолжетімділікті реттеуге қатысты. Біріншіден, жаңа қатысушылардың нарыққа шығуын жеңілдететін және бәсекелестіктің күшеюіне ықпал ететін базалық банктік лицензия енгізіледі. Оның әмбебап лицензиядан айырмашылығы актив мөлшері мен операция түрлері бойынша шектеулерді көздейтінінде. Сондай-ақ ең төмен капиталға (10 млрд теңгеге дейін), тәуекелдерді басқару жүйесіне және қадағалау жүктемесіне қойылатын талаптарды азайтады, - деді агенттік басшысы.

Қарапайым тілмен айтсақ, елдің қаржы нарығына банк ретінде тіркеліп, жұмыс істегісі келген қаржы ұйымдарына қойылатын талап жеңілдейді деген сөз.

Мұндай лицензия шағын және орта бизнеспен жұмыс істейтін микроқаржы ұйымдарының банк ретінде тіркелуіне мүмкіндік ашады. Базалық лицензиямен жұмыс істейтін банктер орындайтын қаржы операцияларының саны әмбебап лицензиясы бар банктерге қарағанда шектеулі болады. Операциялардың ауқымы да шектеледі. Бұл құжатты аяқтан жаңа тұрған банктерге берілетін құрал деп айтуға болады. Банктің активі молайып жатса, әмбебап лицензия алу керек болады. Яғни, активі толыққанды банктермен деңгейлес қаржы ұйымы базалық лицензиясы бар банк ретінде жұмыс істей алмайды.

Бұл лицензияның екінші бір мақсаты – халыққа оңды-солды несие таратып, аса үлкен пайыздық мөлшерлемемен өсімақы өндіріп алатын ұйымдардың жолын кесу.

Әмбебап лицензиямен жұмыс істейтін капиталы үлкен банктер «ислам терезесін» ашу үшін базалық лицензияны пайдалана алады. Бірақ міндетті түрде ол қызметінің есебін бөлек жүргізу керек.

Бұған дейін банктерге «ислам терезесін» ашуға рұқсат беретін заң жобасы тамызда Парламентке түсетінін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар