Банк секторы мен ойын бизнесіне жоғары корпоративтік табыс салығы енгізілмек
АСТАНА. KAZINFORM – Банк секторы мен ойын бизнесіне жоғары корпоративтік табыс салығы енгізілмек. Бұл туралы бүгін Мәжілісте жаңа Салық кодексінің жобасын таныстырған Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин айтты.
«Мемлекет басшысы сондай-ақ экономиканың түрлі секторларындағы сараланған салық мөлшерлемелеріне көшу қажеттігін атап өтті. Зерттеу нәтижелері бойынша корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін саралау ұсынылады. 20 пайыз базалық мөлшерлеме сақталады. Банк секторы мен ойын бизнесі үшін 25 пайыз жоғары мөлшерлеме белгіленеді. Бұл ретте, егер банктер экономиканың нақты секторын кредиттейтін болса, онда мұндай кірістер бойынша 20 пайыз базалық мөлшерлеме қолданылатын болады. 10 пайыз деңгейіндегі мөлшерлеме өз өнімдерін өндіру үшін, сондай-ақ қаржы лизингі мен әлеуметтік салаға үшін ұсынылады. Олар: білім беру, медицина және денсаулық сақтау», - деді ол.
Бұл ретте вице-министр әлеуметтік сала үшін өз акционерлері мен құрылтайшыларына дивидендтер төлеуге рұқсат беру ұсынылатынын айтады.
«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 3 пайыз деңгейіндегі мөлшерлеме сақталады», - деді Азамат Әмрин.