Банк секторы мемлекет тарапынан кешенді реттеуге мұқтаж - Үкімет басшысы
күйектің 24-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың пайымдауынша, банк секторы мемлекет тарапынан кешенді реттеуге мұқтаж,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі таңдағы халықаралық рыноктың үрдісі мемлекет банк секторын көп реттеуі тиіс деген қисынға алып келе жатыр. Біз жаһандық рыноктағы жағдай қалай қалыптасатынын бағамдаймыз және осы үрдісті мұқият бақылайтын боламыз», деді К. Мәсімов бүгін Астанада отандық және шетелдік іскер топтардың өкілдерімен болған дөңгелек үстелде.
Премьер-Министр соңғы екі жыл күрделі болғандығына тоқтала келе «Алайда, менің ойымша, біз қазақстандық банк жүйесінің ішіндегі күрделі проблемаларды шешуге тақап қалдық», деді.
Осы орайда К. Мәсімов Қазақстан Үкіметі келесі аптада өтетін «үлкен жиырмалық» өкілдерінің кездесуінде банк секторына қатысты қандай шешімдер, қандай шаралар қабылданатынына мұқият көз тігетіндігін атап көрсетті. Оның айтуынша, дағдарысқа дейінгі кезеңде банк секторын реттеуде кеткен кемшіліктер қазіргі таңдағы нәтижелерге алып келіп отыр.
«Пайыздық ставкалар және оларды төмендету жайында айтатын болсақ, бізге жақсы макроэкономикалық жағдайлар жасау қажет және тек рыноктық механизмдер арқылы ғана пайыздық ставкаларды сақтауға болады», деді Үкімет басшысы қатысушылардың бірінің сұрағына берген жауабында.