Банк секторының сыртқы абсолюттік қарызы ширек мөлшерге қысқарды ? Г.Марченко
АЛМАТЫ. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Данияр Сиқымбаев/ - Банк секторының ішкі жалпы өнімге қатысты сыртқы қарызы 2007 жылғы 50 пайыздан 2009 жылғы сәуірдің 1-іне 25 пайызға қысқарды. Бұл туралы бүгін Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу қорытындысы бойынша ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко мәлімдеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Есеп 2008 жылдың қорытындысы бойынша болды, сондай-ақ 2009 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысындағы жағдай мәселелері қаралды. Ұлттық банктің негізгі міндеттері тұрғысынан бізде инфляция деңгейі жоғары болды. Оның өсуі 2007 жылы басталып, 2008 жылдың жазына дейін жалғасты. 2008 жылғы жазда инфляция деңгейі ең жоғары деңгейге көтеріліп, 20,1 пайызға жетті. Жыл аяғында бұл деңгей 8,5 пайызға дейін төмен түсті. 2009 жылғы сәуірдің 1-іне инфляция деңгейі 8,9 пайызды құрады. Бізде девальвация жүргізу нәтижелері жөнінде көптеген пікірталастар болды, бірақ та Қазақстанда жылдық инфляция Украина мен Қырғызстанға қарағанда екі есе, Ресей Федерациясындағыдан бір жарым есе төмен», - деді Г.Марченко. Ұлттық банк басшысы атап көрсеткен тағы бір оң жағдай, бізде төлем балансы жағдайы жақсы. «Бізде төлем балансының ағымдағы шотының профициті 7 млрд. доллар деңгейінде немесе ішкі жалпы өнімнің 5,3 пайызы мөлшерінде болды, 2007 жылы ішкі жалпы өнімнің 7 пайызынан астам үлкен жетіспеушілік болған еді. 2008 жылдың алғашқы тоғыз айында экспорт көлемінің өсімінен, экспорттық тауарларға баға өсуінен төлем балансы бойынша жақсы жағдай қалыптасты», - деді ол.Үшінші маңызды жайт. Әлемдік қаржы дағдарысының бірінші фазасы 2007 жылдың тамызында басталды, екінші кезеңі 2008 жылғы қыркүйектің соңында басталды. Яғни 2008 жылы Қазақстан жыл бойы әлемдік қаржы дағдарысының әсеріне ұшырады. Дегенмен, 2008 жылы бізде тікелей шетелдік инвестициялар тарту абсолюттік рекордтық көрсеткішке жетті. Жалпы негізде 20 млрд. доллар, таза негізде ? 14,5 млрд. доллар. Сөйтіп Қазақстан шетелдік инвестициялардың үлкен көлемін тарта білді. 2008 жылғы таза тікелей шетелдік инвестициялар жалпы ішкі өнімнің 12 пайызын құрады. Мысалға бұл орайда рекордтық көрсеткішке жетіп отырған Қытай орта есеппен жылына ішкі жалпы өнімнің 5,5-6 пайызы көлемінде инвестиция тартты. Яғни біз дағдарыс жағдайына қарамастан, ішкі жалпы өнімге қатысты Қытайға қарағанда екі есе көп инвестиция тарттық. Сонымен 2008 жылдың қорытындысы бойынша бізде бірқатар оң құбылыстар бар», - деді ол.