«Банк Тұран Әлемнің» бұрынғы басшысы М.Әблязовты қайтару бойынша нақты жауап жоқ - ҚР Бас прокуратура
АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінгі таңда «Банк Тұран Әлемнің» бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовты ұстап, қазақстандық жаққа қайтару туралы ресми сұрау Ұлыбританияға жолданды.
Бірақ ол бойынша әлі де нақты ресми жауап жоқ. Бұл туралы бүгін елордадағы баспасөз мәслихатында ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Жандос Өмірәлиев мәлім етті.
«Біз Мұхтар Әблязовты ұстап, қазақстандық жаққа беру туралы ресми сұрауды Ұлыбританияға жолдадық. Бірақ осы уақытқа дейін ресми жауап жоқ. Біз ойлаймыз, біздің ресми сұрауымыз жақын арада қаралып, ол бойынша тиісті шешім қабылданады. Оның мерзімін Ұлыбритания жағы анықтауы тиіс», - дейді Ж.Өмірәлиев.
Айта кетейік, қазіргі кезде «Банк Тұран Әлемнің» бұрынғы басшысы М.Әблязовқа қатысты қылмыстық іс аяқталып, материалдармен танысу жұмысы жүргізілуде.